Прямая трансляция

Астана

Астана

-10.03°C

Атаулы әлеуметтік көмекті кімдер алады?

АӘК-тің шартты түрі өздері ғана тұратын немесе жалғызбасты, еңбекке қабылетті, тұрмысы төмен азаматтарға беріледі.

Атаулы әлеуметтік көмекті кімдер алады?
Дереккөз: 24.kz

Қазақстан халқы атаулы әлеуметтік көмек жайлы көп еститінімен, оның нақты кімдерге берілетінін және оған қалай қол жеткізуге болатынынан бейхабар болып жатады. Сол себепті материалымыздың кезекті санын осы тақырыпқа арнауды жөн көрдік.

Атаулы әлеуметтік көмек дегеніміз не?

         Атаулы әлеуметтік көмек дегеніміз (АӘК) – мемлекет тарапынан табыс көлемі өте аз азаматтарға берілетін уақытша қаржылай көмек болып табылады. Еске саларлығы биылғы жылы аталған әлеуметтік төлемнің көлемі де өзгерген болатын. «Атаулы әлеуметтік көмекті алу тиімді ме?» деген сауалға келер болсақ, оны әр отбасының табысына байланысты берілетін көлемімен есептеген жөн. Жалпы Қазақстанда атаулы әлеуметтік көмек жағдайы төмен жанұялардың барлығына бірдей беріле бермейді. Ол тек тұрмысы төмен, табыс көлемі өте төмен азаматтарға ғана беріледі. Атаулы әлеуметтік көмекке қол жеткізу үшін, ай сайын отбасының әр мүшесіне келетін табыс мөлшері есептеледі. Аталған табыс көлесін анықтау үшін, үйдің әр отбасы мүшесі табатын кіріс көлемінің барлығын қосып, оны жанұяның әр мүшесіне бөлу керек. Егер қаржылық ресурс кедейлік шегінен (ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-нан аз) төмен болса, азамат атаулы әлеуметтік көмекті ала алады.

         Ал ең төменгі күнкөріс деңгейінің не екеніне тоқтала кететін болсақ, ол – Қазақстан аумағында қолайлы өмір сүру үшін қажет белгілі бір сома болып табылады. Жалпы ел бойынша АӘК-тің екі түрі бар. Олар: шартсыз және шартты.

         АӘК-тің шартсыз түрі өз бетінше немесе жалғыз өздері өмір сүріп жатқан халық топтарына беріледі. Оларға:

  • І және ІІ топтағы мүгедектер;
  • зейнеткерлер;
  • еңбекке жарамсыз/ ауруға шалдығуына байланысты уақытша еңбекке жарамсыз (2 айдан астам уақыт бойы) жатады.

Еске саларлығы, 1-ші және 2-ші санаттағы азаматтарға АӘК жалғызбасты немесе тек өздері ғана өмір сүріп жатқан уақытта беріледі. Сол сияқты қаржылай көмектің бұл түрі еңбекке қабылетті адамы жоқ, тұрмысы төмен отбасыларға да ұсынылады. АӘК-тің шартты түрі сондай-ақ, егер жұмысқа жарамды азамат:

  • жасы егде тартқан қарияға;
  • 3 жасқа дейінгі балаға;
  • мүгедек балаға;
  • ересек мүгедек адамға (І-ІІ топ)
  • өзгенің күтіміне мұқтаж жандарға қарап отырған жағдайда беріледі.

Тағы бір айта кетерлігі жәрдемақы ай сайын беріледі, алайда алты айда бір рет оны алуға мұқтаж екеніңізді растап отыруыңыз тиіс.

АӘК-тің шартты түрі өздері ғана тұратын немесе жалғызбасты, еңбекке қабылетті, тұрмысы төмен азаматтарға беріледі. Бұл тұста да аталған төлемге әлеуметтік келісімшарттың шарттарына сай келетін, бір немесе одан да көп еңбекке қабылетті отбасы мүшесі бар жандар қол жеткізе алады. Ескеретін жайт, мұндай отбасындағы еңбекке қабылетті азаматқа да белгілі бір жеңілдіктер қарастырылады. Мәселен оған жұмыс табуға немесе білімін жетілдіру, я болмаса өз ісін ашуға көмек беріледі. Мұндай шартты жәрдемақыны ай сайын немесе бір реттік көлемде тағайындайды. Құзырлы органдардың мәліметінше, аталған жәрдемақыны берген жағдайда әр отбасының өз мүмкіндіктері қарастырылады екен.

2021 жылы Қазақстанда АӘК-ті кімдер ала алады?

Елімізде атаулы әлеуметтік көмекке табыс көлемі минималды болған жағдайда, халықтың төмендегі санаттары қол жеткізе алады:

  • Қазақстан азаматтары;
  • шетел азаматтары;
  • босқындар;
  • республика аумағында тұрақты түрде тұрып жатқан, азаматтығы жоқ тұлғалар;
  • оралмандар.

Аталған жәрдемақыны ересектер де, 18 жасқа толмаған балалар да (немесе күндізгі оқуда оқитын, 23 жасқа дейінгі студенттер) ала алады.

АӘК-ке қол жеткізу үшін қандай құжаттар қажет?

Аталған әлеуметтік көмек тағайындалуы үшін, өтінім, жеке куәлігіңіз бен тұрақты не уақытша тұрғылықты мекенжайыңызды көрсетуіңіз тиіс. Айта кетерлігі, өтінімді кез келген уақытта жазуға болады. Оны өткізуге қатысты қандай да бір шектеулер жоқ. Осылайша әлеуметтік көмек толық көлемде, барлық кезең бойынша берілетін болады.

2021 жылы АӘК көлемі қалай өзгерді?

Әлеуметтік төлемнің биылғы жылғы мөлшерін анықтау үшін, алдымен атаулы әлеуметтік көмектің қалай есептелетініне тоқталып өтейік. АӘК Қазақстанның әр облысы, елорда мен республикалық маңызы бар қалалар үшін жеке-жеке есептеледі. Отбасындағы әр мүшеге келетін табыс көлемін анықту үшін, ондағы әр адамның табысы ескерілетін болады. 2021 жылы ел Үкіметі ең төменгі күнкөріс деңгейін 34 302 теңге көлемінде бекітті. Осыған орай, 2020 жылы ел билігі АӘК-ты алуға қатысты бірқатар өзгерістерді енгізген болатын. Олардың әрқайсысы 2021 жылы өз күшіне енген-ді. Төменде солардың әрқайсысына тоқталуды жөн көрдік.

  1. Материалдық көмекті тоқсан сайын тағайындайды;
  2. Жеке тұлғалардың материалдық жағдайын зерттеу учаскелік комиссиямен 7 күнге дейінгі аралықта қаралуы мүмкін;
  3. Отбасының жұмысқа қабылетті мүшелері жұмыспен қамтуға қатысты ұсынылған шаралардан бас тартса, отбасының барлық мүшелері АӘК алу құқығынан айырылады;
  4. Тұрмысы төмен отбасылардың балаларына ай сайын әлеуметтік пакет беріліп тұрады;
  5. Көп балалы отбасыларға жәрдемақы қаржылық табыстың мөлшері есептелмей-ақ берілетін болады.

Тағы бір ескеретін жайт, АӘК-ті алу үшін, бұрынғысынша отбасының әр мүшесінің табыс көлемі есепке алынатын болады. Оған жалақы, әлеуметтік төлемдер, алимент, несие немесе мүлікті жалға беруден түсетін табыс, жеке шаруашылық, сондай-ақ басқа да сома (мысалы ұтыс көлемі) жатады.

АӘК-ке өтінім бергенде, кірістің кей түрлері есепке алынбайды. Мысалы:

  • тұрғын-үй көмегі;
  • АӘК
  • жұмыспен қамтуға қатысты шаралар аясында берілетін барлық мемлекеттік және қаржылық көмек;
  • жер учаскесі, құс саны мен мал басы (жергілікті атқарушы органдардің шешімімен, әр өңірдің ерекшеліктерін есептей келе анықталады).

Сонымен бірге әр отбасының орташа табыс көлемі қалай есептелітінен жеке тоқталып өтуді жөн көрдік. Жан басына шаққандағы табыс мөлшерін анықтау үшін, отбасы мүшелерінің әрқайсысының жалпы табысын 3 айға көбейтіп, отбасы мүшелері санына бөледі. Мысалы отбасындағы екі адамның әрқайсысы ай сайын 25 мың, 20 мың алады делік. Ал отбасындағы барлық мүше саны 5 адам болсын. Осылайша жан басына шаққандағы орташа табыс келесідегідей есептелмек: (25 000 × 3 + 20 000 × 3) : 5 : 3 = 9 000. Яғни аталған отбасының ай сайынғы жан басына шаққандағы табыс көлемі – 9 мың теңгені құрамақ.  

Жалпы атаулы әлеуметтік көмектің мөлшерін есептеу үшін, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі сайтындағы онлайн-калькуляторды пайдаланса болады. Ескере кететін жайт, АӘК тағайындалған жеке тұлғалар мен отбасылар, жәрдемақыны алу шарттары өзгерген жағдайда (жала0ыны4 көтерілуі, жұмыс орнын ауыстыру, отбасы мүшелерінің бірінің қайтыс болуы және т.б.), оны міндетті түрле жауапты органға 10 күн ішінде хабарлау тиіс. Енді әрбір қазақстандық азамат АӘК-ке қол жеткізе алады. Яғни, табыс көлемі күнкөріс деңгейінен әлдеқайда төмен болса, Үкімет материалдық көмек көрсетіп, жанұялар мен азаматтар жағдайының жақсаруына тікелей әсер ете алады.

2020 жылы АӘК республика бойынша қанша азаматқа берілді?

2021 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша карантин уақытында әлеуметтік төлем 2,4 миллионнан астам азаматқа, 153,5 миллиард теңге көлемінде берілді. АӘК-ті бұған дейін де алып келген азаматтардың өтінімдері 2020 жылдың екінші тоқсанынан бастап автоматты түрде ұзартылып, ал әлеуметтік көмекті алғаш алушылар үшін, электрондық үкімет мүмкіндіктерін пайдалану арқылы оған қол жеткізу мүмкіндігі туды. Бұдан бөлек, 2020 жылдың 2 тоқсанында АӘК-ті автоматты түрде тағайындау барысында, АӘК көлемі бірден 5%-ға артты.

Нәтижесінде жылдың бірінші тоқсанында АӘК тағайындалғандарға, екінгі тоқсанда автоматтық режимде ұзартылды. Дәлірек айтқанда, 109 мың отбасы (561, 4 мың адам) осы көмекке ілінді. Ал, 2020 жылдың үшінші тоқсанында АӘК автоматты түрде 121 мыңға (627 мың адам), төртінші тоқсанда 119,7 мың отбасыға (614, 3 мың адам) ұзартылды. Сондай-ақ халықтың әлеуметтік осал топтарына наурыз-мамыр, шілде, тамыз айларында азық-түлік, тұрмыстық заттарды сатып алуға қажет 2 АЕК көлемінде төлемдер төленді.  Жалпы сомасы 24,6 миллиард теңгені құрайтын мұндай көмек жалпы 1,1 миллион азаматқа берілді.