Прямая трансляция

Астана

Астана

-12.03°C

2021 жылы Қазақстанда мүгедектік бойынша берілетін жәрдемақы мөлшері қандай?

Елімізде мүгедектерге төленетін әлеуметтік көмектің басты ерекшелігі қоғамдағы мүгедек азаматтарға толыққанды өмір сүру мүмкіндігін қамтамасыз етуге жағдай жасау, сондай-ақ оларды материалдық жағынан жан-жақты қолдау болып табылады.

2021 жылы Қазақстанда мүгедектік бойынша берілетін жәрдемақы мөлшері қандай?
Дереккөз: ixbt.com

Мүгедек адамдар мемлекеттің әлеуметтік және материалдық қолдауына мұқтаж екендігі баршаға мәлім. Қазақстанда 2021 жылы мүгедектік бойынша берілетін жәрдемақыны қалай алуға болатынын және мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қандай сомаға үміт артуға болатынын осы мақалада толығырақ тарқататын боламыз.

Елімізде мүгедектерге төленетін әлеуметтік көмектің басты ерекшелігі қоғамдағы мүгедек азаматтарға толыққанды өмір сүру мүмкіндігін қамтамасыз етуге жағдай жасау, сондай-ақ оларды материалдық жағынан жан-жақты қолдау болып табылады.

Мемлекеттегі қолданыстағы Заң мүгедектер үшін жан-жақты қолдауды мақсат етеді. Мәселен қолданыстағы заң тегін медициналық көмек, тұрғын-үймен қамтамасыз ету, білім берудегі жеңілдіктер, жұмыспен қамтамасыз ету және т.б. баса мән береді. Сонымен қатар, Қазақстанда мүгедектер немесе олардың күтіп отырған жақын туыстары материалдық көмекке жүгіне алады, соның ішінде олар мемлекеттік бюджеттен мынадай төлемдерді ала алады:

- мүмкіндігі шектеулі жандарға берілетін жәрдемақы;

- мүгедек балалардың ата-аналарына немесе олардың қамқоршыларына төленетін жәрдемақы;

- бала кезінен бастап 1-ші топтағы мүгедекке қамқорлық жасайтын азаматтарға немесе олардың отбасыларына берілетін жәрдемақы.

Мүгедектерге төленетін мемлекеттік төлемдердің мөлшері екі факторға тікелей байланысты болады.

Біріншісі. Жыл сайын белгіленетін ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасы;

Екіншісі. Мүгедектік тобы (елімізде ағзаның бұзылу дәрежесіне қарай мүгедектік тобы анықталады).

2021 жылдың басынан бастап Қазақстанда ең төменгі күнкөріс деңгейі  5%-ға артып, 34 302 теңгені құрады. Осыған байланысты, елімізде мүгедектігі бойынша берілетін жәрдемақы мөлшері ұлғайды. Мысалы:

- 1 топтағы мүгедектерге мүгедектігі бойынша 65 860 теңге мөлшерінде төлем берілуі тиіс;

- 2 топтағы мүгедектерге 52 483 теңге мөлшерінде ай сайынғы төлем көзделген;

-  3 топтағы мүгедек санатындағы азаматтарға 35 675 теңге көлеміндегі жәрдемақы ала алады.

Сонымен бірге, заң бойынша мүмкіндігі шектеулі балаларға төленетін жәрдемақының мөлшері де өзгерді:

- 16 жасқа дейінгі балалар 48 023 теңге алады;

 - бала кезінен бастап мүгедек болған азаматтарға (1-ші топ) 65 860 теңге төлеуге кепілдік берілген;

- бала кезінен бастап мүгедек болған тұлғаларға (2-ші топ) ай сайын 54 540 теңге жәрдемақы алуға болады;

- бала кезінен 3 топ мүгедектігі бар тұлғалар ай 41 162 теңгені құрайтын жәрдемақы ала алады. Мұндай жәрдемақыны сондай-ақ 16 жастан 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балалар да алады.

Бұдан бөлек, мүгедектік топ уақыт өте келе өзгеруі мүмкін екенін атап өту қажет. Заңнамада қайта куәландыру деп аталатын - мүгедектікті растауға арналған рәсімдер қарастырылған. Мемлекеттік органның қызметкерлері азаматты осы рәсімге шақырады, егер ол келмесе, тағайындалған жәрдемақының күші жойылады.  

Егер рәсім барысында мүгедектік тобы өзгергені анықталса, сол күннен бастап адамға берілетін жәрдемақының тиісті мөлшері де тағайындалады.

Мүгедектік бойынша тағайындалған зейнетақыны қалай алуға болады?

Қазақстанда келесі санаттағы адамдардың топтары аталған зейнетақыға қол жеткізе алады:

- аурудан немесе жұмыс міндеттерін орындау кезінде зардап шеккен үш топтағы мүгедектер;

- үш топтағы мүгедек балалар;

- қызмет кезінде мүгедектік алған әскери қызметшілер мен мемлекеттің арнайы органдарының қызметкерлері;

- қызметке байланысты емес, сәйкесінше белгілі бір оқиға салдарынан мүгедек болған әскери қызметшілер;

- экологиялық апаттар (атап айтқанда, ядролық апаттар мен сынақтар) салдарынан мүгедек болған азаматтар. Осы топтардың біріне жататын адамдар мүгедектік бойынша тиісті жәрдемақыларды алуға өтініш бере алады. Мұны екі жолмен жасауға болады:

- egov.kz электрондық үкімет порталы арқылы онлайн;

- «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына немесе Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің аумақтық бөлімшесіне жүгіну.

Портал арқылы мүгедектік бойынша жәрдемақыға өтінім беру онлайн режимінде бірнеше парақты ашу беруге болады. Ол үшін порталдағы  «Қызметке онлайн тапсырыс беру» батырмасын басып, өтінімді толтырып болғаннан кейін, оған электрондық цифрлық қолтаңба арқылы қол қою қажет болады. Сондай-ақ ақша аудару үшін банктің шот нөмірін көрсетуді ұмытпаған абзал. Кейін жеке кабинетте өтінім мәртебесін қарап отыру мүмкіндігі бар. Ал, жәрдемақыны тағайындау үшін, келесі құжаттар керек болады:

- жеке куәлік, мүгедектік туралы анықтама, банк шоты туралы мәліметтер, толтырылған өтініш.

Сондай-ақ, қосымша құжаттар да ұсынылып жатады:

- ведомствоаралық сараптама кеңесінен немесе Орталық әскери-дәрігерлік комиссиядан мүгедектік себептері туралы шешім;

- емханадан ауруы туралы куәлік;

- 16 жасқа толмаған мүгедек баланың туу туралы куәлігі;

- неке немесе оның бұзылуы туралы куәлік (тегі өзгерген кезде);

- қорғаушы адамы бар туралы құжат.

Жалпы ел билігі халықтың осал топтарының тұрмыс сапасын арттыру және оларға қолдау көрсетуге қатысты бірқатар жобаларды іске асыруда. Себебі мүмкіндігі шектеулі азаматтардың толыққанды өмір сүруіне жағдай жасау және оны табысты түрде жүзеге асыру – Үкімет тарапынан ерекше көңіл бөлінетін, басым бағыттардың бірі болып табылады.