Прямая трансляция

Астана

Астана

-13.03°C

Қазақстанда бала тууына байланысты аналарға қандай көмек көрсетіледі?

Мәселен 2021 жылы мұндай жәрдемақыны бірінші, екінші және үшінші баласын босанған аналар 110 мың 846 теңге көлемінде (38 АЕК) ала алады.

Қазақстанда бала тууына байланысты аналарға қандай көмек көрсетіледі?
Дереккөз: mybuh.kz

Елімізде жұмыс істейтін әрі қызметте жоқ аналар мемлекет тарапынан бала тууына, оның күтімі мен 1 жасқа дейін жәрдемақыға қол жеткізе алады. Көпшілікке «декреттік» төлем ретінде танылған жәрдемақы мөлшері жыл сайын өзгеретіні де белгілі. Бүгін әлеуметтік төлемнің осы түрін болашақ аналар қалай ала алады және қандай мөлшерде берілетінін кеңінен талқылайтын боламыз.

Алдымен жас аналар декреттік демалысқа қанша күнде шығатынына тоқталып өтсек. Елімізде жүкті әйелдер үш жағдайда декреттік демалысқа шыға алады. Олар:

  • Ресми түрде жұмыс істейтін аналар жүктілік және босану бойынша декреттік демалысқа шыға алады және елімізде белгіленген стандарт бойынша оның ұзақтығы 126 күнді құрайды. Оған босануға дейінгі 70 күн (жұмыстағы аналар еңбекке жарамсыздық парақшасын рәсімдейді) мен босанғаннан кейінгі 56 күн (егер екі және одан көп баланы дүниеге әкелсе, күрделі босану деп танылады) жатады.
  • Сол сияқты сәби асырап алған ата-аналар да 56 күн еңбек демалысын ала алады. Алайда бұл ретте мемлекеттік органдар баланы асырап алу фактісін нақты растауы тиіс.
  • Сонымен бірге сәбиді дүниеге әкелгеннен кейін алғашқы бірінші жылы немесе дүниеге әкелген күннен 3 жасқа дейін декреттік демалыс ала алады.

Өкілетті мемлекеттік органдардың хабарлауынша, бала дүниеге келген күннен бастап 1 жасқа толғанға дейін, Үкімет тарапынан анаға жәрдемақы берілетін болады. Өмірге нәресте әкелген аналарға қанша көлемде жәрдемақы берілетінін мақаланың келесі бөлімінде талқылайтын боламыз.

Бала тууына байланысты берілетін жәрдемақы мөлшері биыл қалай өзгерді?

Республика бойынша аналардың сәбиді дүниеге әкелгеніне орай бір реттік жәрдемақы беріледі. Ерекшілігі ол жас аналардың босануына дейін жұмыс істеуіне байланысты емес, яғни аталған әлеуметтік төлемді Қазақстанның кез келген сәбилі азаматшасы ала алады. Десе де жәрдемақының бұл мөлшері бала санына байланысты болмақ. Мәселен 2021 жылы мұндай жәрдемақыны бірінші, екінші және үшінші баласын босанған аналар 110 мың 846 теңге көлемінде (38 АЕК) ала алады. Ал, төртінші және одан кейінгі баланы өмірге әкелген аналар болса, 183 мың 771 теңге мөлшеріндегі (63 АЕК) жәрдемақыға қол жеткізе алады. Аталған сома бір рет және толық көлемде беріледі. Бұл үшін республикалық бюджеттен жыл сайын тиісті қаражат қарастырылады.

Сәбилі аналар бөбек 1 жасқа толғанша қанша көлемде жәрдемақы алады?

Жаңа туған нәресте 1 жасқа толғанша, мемлекет жас отбасыға жәрдемақы ретінде материалдық көмек тағайындайтынын көпшілік хабардар. Алайда әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатыспайтын, яғни тұрақты жұмысы жоқ, зейнетақы аударымдарын жасамайтын аналар үшін, жәрдемақының бұл мөлшері шектеулі болып табылады. Мысалы 2021 жылы бірінші бала үшін – 16 мың 802 теңге, екінші бала үшін – 19 865 теңге, үшінші сәби үшін – 22 мың 898 теңге және төртінші және одан кейінгі нәресте үшін – 25 мың 961 теңге беріледі.

Сол сияқты тұрақты жұмыс орны бар аналар да бала 1 жасқа толғанша мемлекет тарапынан берілетін жәрдемақыны ала алады. Ол үшін, сәбилі аналардың:

  • сақтандыру аударымдары аударылған жалақы мөлшері;
  • әйел адамның соңғы екі жылдағы жалпы табыс көлемі есепке алынады.

Сөзіміздің дәлелі ретінде, келесі формуланы түсіндіріп өтсек: жас босанған әйелдің  жалпы табысын 24-ке бөліп, оны 0,4 коэффициентіне көбейтеміз. Кейін осы соманың 10%-ын, яғни зейнетақы аударымына жолданатын қаражат мөлшерін алып тастасаңыз, жұмыс істейтін аналардың босанған күннен бастап, 1 жыл бойы ай сайын алатын жәрдемақы мөлшері шығады. Бұл ретте осы әдіспен тек ай сайынғы табыс көлемі орташа есеппен 7 айлық есептік көрсеткіш - 297 500 теңгеден аспайтын аналар ғана ала алатынын есепке алған жөн. Сонымен бірге қызмет істейтін аналардың табыс көлемі қаншалықты көп болғанмен, бала 1 жасқа толғанша берілетін жәрдемақы мөлшері 119 мың теңгеден аспайтын көлемде беріледі.

Бұдан бөлек айлық табысыңыз 297 500 теңгеден асатын жағдайларды да қарастырып өтсек. Мысалы егер айлық табысыңыз 500 мың теңгені құрайтын болса, жоғарыдағы формулаға сәйкес, жиынтық сома 1 890 000 теңгеге тең келеді. Алайда жоғарыда атап өткеніміздей, бұл соманы мемлекет белгіленген шектен асқандықтан,  төлей алмайды. Нәтижесінде 7 АЕК-ті 297 500 теңгеге көбейтіп, 126 күнге берілетін еңбекке жарамсыздық парағын өткізу арқылы, 1 124 550 теңгеге қол жеткізу мүмкіндігі туады.

Аналар арасында «декреттік демалыс» ретінде танылған демалыс түрін рәсімдеу үшін, «Азаматтарға арналған үкімет МК» ҰАҚ-на бару керек. Жас аналар өздеріне қажет қызмет түрін мекемеге барып немесе онлайн форматта рәсімдей алады.

Сонымен бірге 1 жасқа толғанша берілетін әлеуметтік жәрдемақыға қол жеткізу үшін, жеке басты куәландыратын құжат, сәбидің туу туралы куәлігі, банк шоты бар анықтама және бала асырап алған ата-аналарға сот немесе қорғаушы органдардың қолхаты қажет.

Ал жеке кәсіпкерлер жоғарыдағы құжаттарға қосымша жеке қызмет етуге рұқсат беретін куәлік пен салық бөлімінен анықтама өткізуі керек. Егер декреттік төлемдерді рәсімдеуде үшінші адамның көмегі қажет болса, онда нотариус арқылы сол тұлғаға сенімхат әзірлеу қажет. Аталған өтінімдердің барлығы бір апта ішінде қарастырылатын болады.

Егіздер мен үшемдерге мемлекет тарапынан қандай жәрдемақы қарастырылған?

Өмірге егіз немесе үшем әкелетін жас аналар балалардың үйде нешінші болып келуіне байланысты, басқа да аналар сияқты стандартты әлеуметтік төлемдерді ала алады. Мәселен, егіздер егер үйдегі бірінші және екінші бала болса, әрқайсысына 38 АЕК көлемінде жәрдемақы беріледі. Бір жасқа дейін төленетін ай сайынғы төлемдерде де тұрақты, тек екі есе көлемде берілетін болады.

Балаларды асырап алатын ата-аналарға берілетін жәрдемақы көлемі қандай?

Бір жасқа дейінгі сәбиді асырап алғысы келетін ата-аналар да мемлекет тарапынан жәрдемақы ала алады. Ол үшін уақытша еңбекке жарамсыз екенін айғақтайтын анықтаманы алып, өзге де қажет құжаттармен бірге тиісті органдарға өткізу керек.

Карантинге қатысты бала күтімімен үйде отырған аналарға қандай көмек көрсетілді?

2020 жылы елде коронавирус індетінің таралуына байланысты, жеке кәсіпкер атанып отырған аналар әлеуметтік салықтан босатылды. Сол сияқты жүкті әйелдер, жас босанған аналар да, ҚР заңнамасына сәйкес, тиісті жәрдемақыларын уақытымен алды.

Сұрақ сізден, жауап бізден!

Мақаламыздың қорытынды бөлімінде, ата-аналар тарапынан жиі қойылатын сұрақтарға, жауап әзірлеуді жөн көрдік. Сонымен, төмендегі сауалдар мен жауаптарған құлақ түре отырыңыздар:

  1. Егер ата-аналардың бірі бала 1 жасқа толмай жатып жұмысқа шығуға мәжбүр болса, жәрдемақы сақтала ма?

Әрине сақталады, мұндай уақытта ата-аналар жұмыс орнынан жалақыны да, жәрдемақыны да 1 жасқа дейін ала алады.

  1. Егер сәбиге жәрдемақы алып отырған тұлға өмірден өтсе, я болмаса жоғалып кетсе жәрдемақы кімге беріледі?

Жәрдемақы мұндай жағдайда нәрестені күтіп отырған азаматқа берілетін болады.

  1. Егер оқта-текте сәби шетінеп кетсе, жәрдемақы қанша уақытқа дейін беріледі?

Мұндай қайғылы жағдайда, сәби өмірден өткен айға дейін жәрдемақы берілетін болады.

  1. Жәрдемақыны онлайн рәсімдеуге бола ма?

Жәрдемақыны Егов ресми порталында онлайн рәсімдеуге болады.

Көргеніміздей бала тууына, күтіміне және 1 жасқа толуына байланысты аналар мемлекет және жұмыс беруші тарапынан белгілі бір көлемдегі әлеуметтік төлемдерді ала алады. Сол себепті жүкті аналарға аталған тақырыпты жан-жақты зерттеп, оқуға кеңес береміз.