Олардың бірінші мақсаты ислам дініне күмән туғызу, екіншіден, мұсылман елдерін қаралау, үшіншіден, ұлттық құндылықтарды жою, төртіншіден, мемлекеттің іргесін іріту, қысқасы, осылай алпысыншы, жетпіс жетінші болып, себептері кете береді.
Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасы шаһар тұрғындарын деструктивті діни топтардың алдауы мен арбауынан сақтандырады. Осы мақсатта ағымдар мен секталардың белгілерін анықтады.
Екі мыңыншы жылдардан бері қарай, экстремистік идея, террористік әрекет, лаңкестік, деструктивті топ деген сөздер тілімізге ене бастады. Оның алдында бұл сөздерді телерадиодан естіп-көріп, газет-журналдардан ғана оқитын едік және ол оқиғалар мұсылман елдерімен байланысты бізден тыс болып жататын. Аз ғана уақытта бұл проблема елімізден көрініс бере бастаған соң, мұның астарына үңіліп, мақсатын айқындау үшін зерттеулер жүргізіле бастады. Сөйтсек, экстремизм мен террористікті мұсылмандықпен байланыстыруда үлкен саясат жатыр екен. Оның артында үлкен күш, мол қаржының тұрғандығы анықталуда.
Олардың бірінші мақсаты ислам дініне күмән туғызу, екіншіден, мұсылман елдерін қаралау, үшіншіден, ұлттық құндылықтарды жою, төртіншіден, мемлекеттің іргесін іріту, қысқасы, осылай алпысыншы, жетпіс жетінші болып, себептері кете береді. Мұның ең басты қаупі мемлекеттің іргесін іріту, шаңырағын шайқалту, мемлекет пен қоғам арасына ірткі салу. Түрлі жолдармен қарапайым халықтың санасын улап, оларды адастыру және бұл істерді исламның атымен жасайтындығы – теріс пиғылды топтардың ең аярлығы деуге болады.
Экстремизм – барлық қоғам үшін қауіпті. Ешбір қоғам экстремизм мен терроризм салдарынан сақтандырылмаған. Қай күні қай жақтан шыға келері белгісіз. Олар өте сақ. Елдегі жүріп жатқан жайттардың барлығынан хабардар, құлағы түрік. Заманауи технологияны игерген, интернетпен әрекет етуге шебер. Адамдардың психологиясын меңгерген. Құрбандығының әлсіз тұсын дәл табады. Әрекетті әріден бастауы мүмкін. Жаратушы, жаратылыс, сенім деген сияқты... Ең бастысы олар өз объектісін діни фанатизмге баулиды. Байқамасаңыз олардың объектісіне айналып шыға келуіңіз ғажап емес. Өйткені исламның атын жамылған деструктивті топтардың тілі тәтті. Сендіріп сөйлеп, өздерін сезіктендірмей, сіздің сеніміңізге нықтап кіреді. Нәзік те майда қадамдармен теріс дін арқылы құрбандығының қоғамға, басқа адамдарға, мемлекетке жеккөрушілігін оятады. Объектісін діни фанатизм дертіне шалдықтырады. Бүгінде бұл дертті исламофобия деп атап жүрміз. Исламофобияның анықтамасын Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының тапсырысы бойынша жазылған «Радикалсыздандырудың теологиялық нарративтері» атауымен шыққан әдістемелік құралдан келтірейік. Онда: «Исламофобия – исламға және мұсылмандарға қарсы төзімсіздік, оларға деген жеккөрушілік әрекеттері. Исламофобияның мақсаты – қоғамды исламға және мұсылмандарға қарсы қою» деген анықтама береді. Исламофобиямен қатар ксенофобия деген бар. Кітапта бұған да анықтама берілген: «Ксенофобия – қорқыныш, жеккөрушілік. Өзгенің сенімін, ұлтын, мәдениетін жақтырмау және оған қарсы төзімсіздік таныту»
Исламның атын жамылғандардың экстремистік, лаңкестік індеті жаһандық сипатқа ие. Олар біршама аймақтар мен ресуртарға қол жеткізгенін Сирия мысалынан айта аламыз. Олардың жүргізген үгіт-насихатынан бейбіт елден қырғынға кеткені – фанатизм дертіне шалдыққанның көрінісі. Өз елін, Отанын тастап, беймәлім мақсаттағы соғысқа аттануды адасу дегеннен басқаға тели алмаймыз. Бұл – өте қауіпті дерт. Сақтанбаса болмайды. Атазаңымызда біз үшін әрбір адам және оның құқығы мен бостандығы қымбат. Сондықтан әрбір қымбат азаматымызды адасу мен арандаудан сақтандыру үшін діни деструкцияның негізгі белгілерін көрсеткеніміз жөн. Бұл сипаттама дін саласындағы ғалымдар тарапынан анықталған. Егер бұл белгілерді байқағандай болсаңыз, сақтанғайсыз. Олар:
- Конституциялық құрылымды жоққа шығарады;
- Мемлекеттің құқықтық және әкімшілік жүйені жоққа шығарады;
- Мәдени ерекшеліктерді, жергілікті салт-дәстүрді теріске шығарып, оларды үлкен күнәға теңейді;
- Діни сезімдерін себепші ете отырып, мемлекеттік және ұлттық мерекелерге аса жеккөрінішпен қарайды;
- Мемлекеттік рәміздерге құрмет көрсетпейді;
- Патриотизмді сынайды;
- Бюджеттік мекемлереде жұмыс істеуге үзілді- кесілді қарсылық танытады;
-Салық төлеуден, әлеуметтік төлемдерден жалтару, орныққан тәртіп бойынша рәсімдемейді;
-Айналасындағы өзге адамдарды дінсіздікпен, пасықтықпен, адасушылықпен кінәлайды;
- Агрессияға құқылы екендіктеріне сенеді және өздеріне қарсы болғандарға күш қолдану, зорлық-зомбылықты ақтайды;
- Ағым немесе секта және оның лидерлерін күнәдан пәк деп біледі;
-Денсаулық пен өмірге қауіп төнген жағдайда дінді сылтауратып, медициналық көмектен бас тартады;
- Ағымның немесе сектаның лидерін аса киелі тұтады, оны харизмалық және күнәсіз деп дәріптейді;
- Құрбандығын бақылауда ұстайды (санасын улау, сыртқы әлеммен байланысын үзу, отбасымен кездесуге, кітап, газет оқуға, теледидар көруге, радио тыңдауға тиым салу, т.б.)
- Сыртқы әлем – зұлымдық деп жариялайды;
- Өлім культы мен өз-өзіне қол жұмсауды насихаттайды;
- Тек қана лидерге бағынуды көздейтін қатаң иерархиялық ұйым;
- Сектаның немесе ағымның алдында адамды қаржылай тәуелді етеді;
- Діни жоралғыларды орындау кезінде арнайы топтық психотехникаларды қолданады;
- Тарихты жоққа шығарады;
Міне, деструктивті топтарда болатын осындай белгілер бар. Бұл дін саласындағы ғалымдардың зерттеуі арқылы анықталған белгілер. Осы белгілер көрініс берген жағдайда немесе әрекет-сөздерінен күмән туса, сақтаныңыз. Сақтансаң, сақтаймын деген. Сақтанайық! Сақ болайық!
(Ғылыми анықтамалар Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының тапсырысы бойынша жазылған теолог-ғалым Асқар Сабдиннің «Радикалсыздандырудың теологиялық нарративтері» кітабынан алынды)
Еділ АНЫҚБАЙ