Прямая трансляция

Астана

Астана

-10.03°C

Батыс Қазақстан облысына 1 мамырдан бастап блокбекеттер қойылады

Оның айтуынша, БҚО бас мемлекеттік санитар дәрігерінің 26 сәуірдегі қаулысына сәйкес, 21 блок-бекеттің жетеуі облыс орталығында, 14-і ауданда қойылып жатыр.

Батыс Қазақстан облысына 1 мамырдан бастап блокбекеттер қойылады
Фото: ашық дереккөз

Батыс Қазақстан облысында 1 мамыр күні сағат 00.00-ден бастап 21 блокбекет жұмыс істейтін болады. Бұл туралы облыс әкімі Ғали Есқалиевтің төрағалық етуімен өткен өңірлік жедел штаб отырысында БҚО полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Мақсотхан Аблазимов мәлімдеді деп хабарлайды ҚазАқпарат. 

Оның айтуынша, БҚО бас мемлекеттік санитар дәрігерінің 26 сәуірдегі қаулысына сәйкес, 21 блок-бекеттің жетеуі облыс орталығында, 14-і ауданда қойылып жатыр. Соның ішінде Ақжайық, Бәйтерек, Бөрлі, Қазталов, Теректі және Шыңғырлау аудандарында 2-3 блок-бекеттен қойылмақшы.

"Барлық блок-бекеттерде модульдар орнатылып, қажетті құрал-жабдықтармен қамтылады. Әр бекетке полиция департаменті басшылығы сапынан жауапты адам бекітілді. Олар бекет жұмысын ұйымдастырып, басшылық ететін болады. Блок-бекеттерде екі ауысымда 143 полиция қызметкері жұмыс істейді, оған қоса, 21 қызметтік автокөлік бөлінді. 68 полицей – Орал қаласы полиция басқармасының қызметкерлері. 7 көлік осы басқармаға тиесілі", – дейді Мақсотжан Аблазимов. 

БҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Мұхамғали Арыспаевтың айтуынша, облыста сәуір айында індет өршіп кеткендіктен, карантин шаралары күшейтіліп отыр.

Оның сөзіне қарағанда, Ресейдің 83 өңірінде соңғы тәулікте 9284 адамнан коронавирус анықталған. Соның ішінде Батыс Қазақстанмен көршілес Самара облысында – 176, Саратовта – 130, Орынборда – 67, Волгоградта 45 адам індет жұқтырған. Эпидемиологиялық жағдай тұрақсыз болғандықтан, бұл елде ішкі локдаун жалғасуда.

"Үндістанда коронавирустың өршуі бүкіл дүниежүзін алаңдатып отыр. Соңғы тәулікте бұл елде 379 мыңнан астам тұрғынның ауру жұқтыру дерегі тіркелді. Яғни біздегі бір қаланың халқымен тең деуге болады. Жалпы, індет жұқтырғандар саны 18,3 миллионнан асты. Бір тәулікте 3645 адам көз жұмды. Үндістандық штамның ерекшелігі – өте тез таралады. Сондықтан осындай жағдайға жол бермес үшін шектеу шараларын қатаңдатып отырмыз", – дейді Мұхамғали Арыспаев. 

Облыс әкімінің айтуынша, биыл коронавирус жұқтыру көрсеткіші былтырғыға қарағанда едәуір артқан.

"1 мамырдан бастап карантиндік шараларды күшейтудегі мақсат – індеттің өршуін болдырмау. Осыны тұрғындар да түсініп, санитарлық талаптарды сақтауы қажет. Облыста өткен жылы індет өршіген шілде айында күніне 120-130 адамнан коронавирус анықталса, қазір 180-200-ге дейін жетіп отыр", – дейді облыс әкімі Ғали Есқалиев.