Прямая трансляция

Астана

Астана

-11.03°C

"Иіс сезу қабілеті жоғалды": вакцинаның екі кезеңін де салдырған елордалық COVID-19-бен ауырып қалған

Талғаттың дене қызуы екі күн бойы түспей тұрған.

"Иіс сезу қабілеті жоғалды": вакцинаның екі кезеңін де салдырған елордалық COVID-19-бен ауырып қалған

Қазақстанда ақпан айынан бері вакциналау шаралары жүргізіліп жатыр. Алайда екпе алғаннан кейін коронавирус жұқтырған жағдайлар да жоқ емес. Мамандар осы мәселенің негізгі себебі сақтық шараларын сақтамау деп отыр. Вакцина салдырған соң, біршама уақыт өтуі керек. Сол кезде вирусқа қарсы иммунитет қалыптасады. Sputnik Қазақстан тілшісі Нұр-Сұлтан қаласында вакцинадан кейін коронавирус жұқтырған адамды тауып, инфекцияны қалай жұқтырғанын білді. Бірақ ол өзінің атын-жөнін көрсетпеуді сұрады.  

Астаналық Талғат Әбілмансұров вакцинаға дейін коронавируспен ауырмаған. Былтыр бір рет қана тұмауратып қалды. Соның өзінде көп ауырған жоқ. Коронавирустың белгілері де байқалмады. Соған қарамастан, ол вакцина салдыруға шешім қабылдады.

"Негізі, мен вакцина салдырғанға дейін біраз ойландым. "Коронавируспен ауырып шықсам, иммунитет болады ғой" деген ой да болды. Ал вакцина салдырғаннан антиденелер бөлініп, иммунитет қалыптасқанға дейін бәрібір сақтық шараларын ұстау қажет. Оған дейін инфекцияны жұқтыру қаупі сақтала береді", – дейді Әбілмансұров.

Талғат вакцинаның көбірек болғанын қалады. Сонда таңдау мүмкіндігі болады. Бірақ ол кезде емханаларда ресейлік "Спутник V"-ді ғана салған.

"Осы вакцина туралы толық ақпарат шыққаннан кейін сенім пайда болды. Мен шетелдік басылымдарды да оқып шықтым. Ол жерде екпенің тексерістен өткені туралы жазылды.

Pfizer, Moderna сияқты вакциналарды да зерттедім. Бірақ ол екпелердің әлі келмейтіні белгілі. Ал уақыт өтіп барады. Оған қоса, коронавирустың неше түрлі мутациялары шыға бастады. Демек, екпе салдырмасаң, инфекцияны жұқтыру қаупі күшейе береді. Сөйтіп, ресейлік вакцинаны салдыруға бардым", – деп атап көрсетті Әбілмансұров.

Талғат туған-туыстарына да үлгі болуды көздеді. Сөйтіп, олардың көзқарасын өзгертуге тырысып, вакцинаның екінші дозасын алған соң, коронавируспен өзі ауырып қалды.

"Мен ауырып қалғанымды жасырған жоқпын. Бәрін ашық айттым. Негізі, вакцинаның бірден көмектеспейтіні белгілі ғой. Алдымен бірінші дозасын алу керек. Сол кезде дәрігерлер ағзаның реакциясын байқайды. Ал үш аптадан кейін екінші дозасы салынады. Иммунитет болса, екі айдың ішінде қалыптасады. Демек, вакцинаның бірінші дозасынан кейін вирусты жұқтыру қаупі қала береді", – деді Әбілмансұров.

Ол вакцинаның екінші дозасын келіншегімен бірге салдырған. Сол кезде кішкентай қызы тұмауратып жүрген. Бірақ ата-анасы мән бермеді. Артынан ПТР-тестпен инфекцияның бар екені расталды. Ал екі күннен кейін Талғатта коронавирустың симптомдары шыға бастады.

"Біз вакцинаның екінші дозасын сәрсенбі күні салдырдық. Бір күн бұрын кішкентай қызымыздың дене қызуы көтеріліп тұрған. Бейсенбі күні бәрі жақсы болған сияқты еді. Ал жұма күні менде коронавирустың белгілері пайда болды. Өзімді әлсіз сезіне бастадым. Артынан иіс сезу қабілеті жоғалды. Демек, мен вакцина алғанға дейін коронавирусты үйде жұқтырдым, я болмаса, екпеге барғанда ауырып қалдым", – дейді Әбілмансұров.

Иммунитетіміз екі есе мықты болады...

Талғаттың дене қызуы екі күн бойы түспей тұрған. Ал келесі күні иіс сезбей қалды. Дегенмен, бес күннің ішінде жазылып шықты.

"Мен қатты емделген жоқпын. Әдеттегідей сұйықтықты көп іштім. Қанды сұйылту үшін аспириннің бір таблеткасын төртке бөліп қабылдадым. Сонымен қатар дәрумендер іштім. Басқа ештеңе істеген жоқпын. Төртінші күні парацетамол ішіп алдым да, ертеңінде дене қызуым басылды. Өзімді жақсы сезіне бастадым. Бесінші күні иіс сезу қалпына келді", – деп еске алады Әбілмансұров.

Талғат отбасымен бірге оқшауланған болған. Қазір дәрігерлер далаға шығуға рұқсат берді.

"Бір қызығы, бәріміз бір үйде отырдық. Бірақ менімен бірге вакцина салдырған келіншегім ауырған жоқ. Ұлым да коронавирусты жұқтырмады. Олар ПТР-тест тапсырған, ештеңе шықпады. Ал қызым екеуміздікі оң нәтиже көрсетті. Осылайша, вакцина да алдым, коронавируспен де ауырып шықтым. Енді, иммунитетім екі есе мықты болатын шығар (күлді)", – дейді Талғат.