Прямая трансляция

Астана

Астана

-12.03°C

Түркия президентін Қазақстанға жағымды жағынан көрсетудің саяси мәні қандай?

Ердоғанның партиясы әлеуметтік медиа платформалардың, соның ішінде Twitter-дің күшін өз пайдасына қолданады.

Түркия президентін Қазақстанға жағымды жағынан көрсетудің саяси мәні қандай?
Фото: дереккөз

Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған туралы ақпараттар, суреттер (мешітке баруы, намаз оқуы, халық арасында жүруі, қарапайым отбасымен бірге ауызашар жасауы т.б) қазақстандық әлеуметтік желіде кең таралып қолдауға ие болып жатады. Жақында Ердоғанның қарапайым отбасыға барып ауызашар жасаған фотосы қызу талқыланды. Қазақтардың көбі алғысын жаудырып, мақтауын келтірді. Қарсы пікір білдіргендер арасында қылаң беріп қалады. Ердоғанды қазақ қоғамына жағымды етіп көрсету кімге керек? Шын мәнінде мұның саяси мәні қандай? Астарында не жатыр?

Ердоғанның партиясы әлеуметтік медиа платформалардың, соның ішінде Twitter-дің күшін өз пайдасына қолданады. Түркияда “АКтроллер” деген есімді медиа команда бар. Олар екі жүйеден тұрады. Біреуінде 30 адам, екінішісінде 6 мыңға жуық адам жұмыс істейді. 30 кісіден тұратын топ кімге дөрекі сөз жазу керек, кімге шабуыл жасау керек екенін анықтайды. Одан кейін 6 мың кісілік топқа 30 адамнан тұратын топтан белгілі бір адам туралы ақпарат келеді. Сосын, осы 6000 кісілік топтың адамдарының жалған аккаунттары арқылы бір адамды қарғыстың астына алады. Командалар әдетте бір-бірімен байланыс үшін телефон пайдаланбайды. Жұмысын твиттер арқылы кішкене мәтін хабарламамен жүзеге асырады. Бұл топтағылар әр жасаған қызметі үшін еш жерде тіркелместен 1000 лира (52 249 теңге) сомасында ақша алады.

Яғни, Ердоған қандай әрекет жасаса да медиа күші арқылы қарапайым халыққа оны керемет басшы етіп көрсетеді. Сонымен қатар оппозицияға қарсы да осы тәсілді қолданады. Олардың әрқайсысы бір уақытта пікір қалдырып, бір уақытта бөліскен кезде көпшілік оны шын мәнінде жақсы көретін секілді көрінеді. Қазнетте таралып жатқан Ердоған туралы барлық ақпарат оның командасының ісі болуы мүмкін. Осылайша қарапайым халық алдында дінді пайдаланып, саяси мәселелерін өз пайдасына шешеді.

Ердоғанның қарапайым отбасымен бірге ауыз ашып отырған суретіне әдеттегідей қазақстандық оқырмандар жағымды пікір қалдырып, Түркия президентіне дұға тіледі. Алайда, оның бұл ісін жақтырмағандар да кездеседі.

Кейбіреулер:

“Керемет! Не деген қарапайымдылық десеңізші. Бізге де осындай басшы бұйырсын деп тілейік.” “Президент халықтан төмен емес, халықпен бірге болуы керек! Және де, сыйлы, қамқоршы, үлгілі болу керек!” “”Ұлық болсаң,кішік бол” деген осы емес пе…. Керемет👍👏“ – деп мақтап, Ердоған үшін дұға тілеген.

Ал, кей кісілер:

“Қазекең танымағасын керемет адам деп қояды. Саяси аренада беделін жоғалтқасын дінді, намазды құрал ретінде пайдаланады. Айтпақшы картоп пен жуа таратып жатыр екен 128 миллиард доллар ақшаны ұмыттыру үшін.”

“Кедей адамдарды пайдалану арқылы насихат жүргізу:
1. Мұнда ол халықпен бірге екенін көрсетеді. Бірақ терезенің сыртында көшені жауып тастаған әскерилер тұр.(Әскер саны өте көп)
2. Суретте көрінбейді, бірақ басқа суреттерде пәтерден қымбат тұратын әйелінің сөмкесі бар. Қорытындыларды өзіңіз жасаңыз.
3. Ол кедей адамдарға ауызашарға келді, бірақ тамақтанғаннан кейін ол үйде ештеңе өзгерткен жоқ!
Бай президент пен оның өте қымбат сөмкесі бар әйелі кедей отбасынан тамақ жеді.” – деп Ердоғанның Түркиядағы саясатын қозғады.

Қазіргі таңда Түркия елі Еуропа бойынша түрмедегі адам саны ең көп ел.  Халықаралық журналистер федерациясының (IFJ) 2021 жылы наурыздағы мәліметі бойынша түрмеде отырған журналистер (229 журналист) саны бойынша да Түркия алғашқы орында. 

Бұдан бөлек 2016 жылдың 15 тамызынан бері саяси мәселелер арқылы 3003 мектеп, жатақхана және университеттер жабылған, 189 медиа жабылған(тв газет т.б). Тіпті 17 мыңнан астам әйел адам, 800-ге жуық бала да түрмеде отыр. Бұл Режеп Тайып Ердоған президент болғаннан кейін көрініс тапқан оқиғалар.

Жоғарыда көрсетілген фотоның астындағы кейбір қазақстандықтардың жағымды пікірлерін оқыған түркия азаматы:

OLcay Yıldırım: Мақтаңдар, мақтауға тұрарлық адам… Елдегі адамдар жұмыссыз аш отыр. Жұмыссыздық көбейді, бағалар өсіп кетті. Халқын ойламайтын адамды мақтаңдар қазақ халқы

Alban Kazakh: Бұлардың хабары жоқ. Ердоғанның медиасы жақсы жұмыс жасап жатқаны сонша, оны халифа қылады тіпті.

OLcay Yıldırım: Біздің өлкеміздегілердің де хабары жоқ еді, бірақ қазір олай емес. 2023 жылы президент сайлауы кезінде халықтың әр нарседен хабары бар екені белгілі болады. 2023-ті күтудеміз” – делінген.

“Әрине, керемет әрекет. Алайда шын жүрегімен жасаған болса менде қол соғамын. Бірақ бұлар саяси есеппен жүр. Осы әрекет арқылы сайлауда қанша дауыс жинаймын деген ойда. Мүмкін сіз білмейтін боларсыз, саяси өмірге аяқ басқанда да осындай еді. Алайда, билікке қол жеткізгеннен кейін бұндай әрекеттерін доғарды. Қазіргі таңда биліктен айырылып қалу қаупі туындағанда қайтадан жасай бастады. Маған шынайылық көрінбейді. Сырты сізді, іші бізді жандырып отыр.” – дейді тағы бір оқырман. 

128 миллиард доллар қайда?

Қазіргі таңда Түркия елінде “128 миллиард доллар қайда” деген слоган күн тәртібінде тұр. Президент Тайып Ердоғанның күйеу баласы Берат Әлбайрак қаржы министрлігінен 2020 жылы 9 қарашада отставкаға кетіп, оның орнына келген Наджи Ағбал 2021 жылдың наурыз айында бұл мансаптан алынды. Осыдан кейін мемлекет бюджетіндегі 128 миллиард доллардың жоғалғаны анықталып, оппозиция тарапынан қойылған “128 миллиард доллар қайда” сұрағына әр түрлі жауаптар алынды:

“Бұл сұрақ та, оның мағынасы да қате. Басынан аяғына дейін қателік, надандық.” – деді Ердоған. 

“Бұл әдісті сынға алуға, даулауға болады, бірақ “сыбайлас жемқорлық” туралы айыптау дұрыс тәсіл емес.” – деді қаржы министрі Лютфи Эльван.

“Мұндай нарықта 128 миллиард доллардың жоғалуы сияқты жағдай жоқ. 75 миллиард долларды Түркия тұрғындары банк шоттарында тұрған жеке және заңды тұлғалар сатып алды” – деді АК партия экономия министрі Нуреттин Джаникли.

“Баланстық активтер бойынша міндеттемелердің эквиваленттілігі тұрғысынан ортада жоғалған актив туралы айту мүмкін емес” – деп Түркия Орталық Банкінің басшысы Шахап Кавчыоғлу жауап берді.

Билік өкілдерінің жауабы бұлыңғыр болғандықтан халық та екіұдай пікірде қалады. Оппозицияның ғимараттарға асқан “128 миллиард доллар қайда” деген билбордтарын полиция қызметкерлері алып тастады.

Күйеу бала қайда?

Жоғалған ақша мәселесінен бұрын Түркияда “Күйеу бала қайда?” деген саяси слоган күн тәртібінде болды. 128 миллиард доллар жоғалғаннан кейін, артынан Түркияда Ердоғанның күйеу баласы Берат Әлбайрак та көрінбей кетті. Оппозиция Әлбайрактан жоғалған ақшаның есебін сұрағысы келгенмен, оны бірнеше ай бойы “қайда?” деп іздеумен ғана шектелді. Әлбайрак туралы кейбір мәліметтерде оны ақша мәселесіне байланысты қатты соққыға жығылған десе, кейібірі тығылып жүргенін айтады.

Дереккөз: kazaknews.kz