Прямая трансляция

Астана

Астана

-13.03°C

"Халық жаулары" тізімінде кімдер жүр?

Facebook-те «Враги народа Казахстана 2.0» топ құрылған.

"Халық жаулары" тізімінде кімдер жүр?

Әлдебір топ Қазақстанның «халық жауларын» анықтап, «әшкерелей» бастады. Әзірге әлеуметтік желіде. Енді «халық жауларының» қатарына қоғам белсенділері Тоғжан Қожалиева мен Әлнұр Иляшев еніп отыр.

Facebook-те «Враги народа Казахстана 2.0» топ құрылған. Мақсаты – бірқатар қазақ саясаткерлері мен қоғам белсенділерін келемеждеу. Парақша коллаждарға толы. Бірақ жазбалардың ешқайсысының авторы жоқ. Сосын тек орыс тілінде.

Әрине, Мұхтар Әбіләзов – бұл топтың басты нысанасы. Саяси белсенділігімен көзге түсіп жүрген Жанболат Мамай, Аида Ахметова, Польшада тұратын қазақ қызы Балли Мажец және басқа да белсенділер қарауылға ілінген. «ХАҚ» қозғалысының көшбасшысы Тоғжан Қожалиева «Враги народа Казахстана 2.0» тобының ресейлік контент екенін айтады. Себебі, ресейліктердің қолтаңбасы көрінеді, тек қана орысша жазады.

«Біріншіден, мұның бәрі – анонимді жазбалар. Екіншіден, ресейлік арна екені анық. Өйткені, бір ауыз қазақша сөз жазылмаған. Мәселен, «Ұзын құлақ» секілді. Біздің кейбір күштік құрылымдарымыз Ресейге жақын. Неге мені «халық жауларының» қатарына кіргізіп отыр? Қайта саяси белсенділік көрсетіп, шығып жатырмын. Басқа қозғалыстар туралы айтылмайды? Себебі, олардың белсенділігі төмен», – дейді Тоғжан Қожалиева.

Кейбір қоғам белсенділері әлеуметтік желілерде өздерін қаралап жатқан жазбаларға назар аударғысы келмейтінін, тіпті мұны «қара пиар» деп есептейтінін айтады. Соның бірі – қоғам белсендісі Әлнұр Иляшев.

«Шылғы өтірікті қарап, оған пікір білдірудің қаншалықты маңызы бар? Мұндай нәрселермен аты-жөні көрсетілмеген түрлі боттар айналысып жүр. Олар басқалардың фото-суреттерімен жасырынып, бізді күстәналаған пост жазады. Өз басым, олардың «жазбаларын» қызметіміздің тегін жарнамасы ретінде қабылдаймын», – дейді қоғам белсендісі Әлнұр Иляшев.

Әрине, өзге ел арналарының ішкі саясатымызға араласуы жақсы нәрсе емес. Десе де, әзіргі «халық жауларын» 1937 жылғыдай оқпен емес, әлеуметтік желіде қысыр сөзбен атып жатқаны ғана көңілге медеу.

Дереккөз: Nege.kz