Прямая трансляция

Астана

Астана

-11.03°C

"800 млн теңге": Қарағандыда жарты жыл бұрын салынған жол жарылып жатыр

5-6 ай өтті, асфальттың 10 проценті ұшып жатыр.

"800 млн теңге": Қарағандыда жарты жыл бұрын салынған жол жарылып жатыр
Дереккөз: Хабар 24

Қарағанды облысында 800 миллион теңгеге салынған жолдың сапасы сыр көтермей тұр, деп хабарлады Paryz.kz. Хабар 24 телеарнасына сілтеме жасап.

Қарқаралы қаласы мен Қасым Аманжолов ауылы арасындағы 33 шақырым жол былтыр ғана күрделі жөндеуден өткізілген. Ол үшін қазынадан 818 миллион теңге қаржы бөлініпген екен. Өкініштісі жарты жылдан кейін асфальт тесіліп жарылып жатыр.

"Әлі жүк көліктер жүрген жоқ. Өйткені ауыл болып жүк машиналарын жүргізбеуге жағдай жасап жатырмыз. Бұл жеңіл машинаның доңғалағынан ұшып кетті. Ертең енді отын, көмір тасу басталады. Бір жыл болған жоқ, мынадай шұңқырлар бар. Енді күзге дейін мыналарыңыз үлкен-үлкен шұңқырға айналады", - деді Қасым ауылының тұрғыны Серік Сәбитов.

Ауыл тұрғындарының сөзінше, олар жұмыс сапалы атқарылуы үшін, тіпті 10 адамнан тұратын комиссия да құрған екен. Нәтижесінде, түрлі олқылықтар анықталып, мердігерге қойылатын талап күшейген екен. Десе де, мұның өзі нәтиже беріп отырған жоқ дейді тұрғындар. 

"Біздің жолдың астына ештеңе төселген жоқ. Смета бойынша ол негіз қарастырылмаған. Асты саз. Сондықтан бұл жерге неше сантиметр асфальт салсаңыз да, ертең үстінен жүк машиналары жүрген кезде ол бәрібір батып кетеді. Бір жыл болған жоқ, міне. 5-6 ай өтті, асфальттың 10 проценті ұшып жатыр», - дейді тағы бір тұрғын Әнуар Шәкәрімов.

Жолдың сапа төмен болуының себебі асфальттың астына қиыршық тас салынбауында болып отыр. Тұрғындар мердігер компания ескі жолды қырып, топырақтың үстіне төсей салды дейді. Ал мердігерлер бұған келіспейді. Олар жұмысты жобалау-сметалық құжатқа сүйене отырып жасадық дейді. 

«Бүгінгі күні сол мердігерлермен бізде сот процестері жүргізіліп жатыр. Пайда болған ақаулар кепілдік мерзімі ішінде өздерінің қаражаттарының негізінде жойылатын болады», - деді аудандық ТҮКШ Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі Амангелді Жанбота.

Ауыл азаматтары миллиондаған қаражат жұмсалған асфальт қайта төселсін деген талап қойып отыр.