Прямая трансляция

Астана

Астана

-11.03°C

"Жат ағымға ергенді тек сыртқы бейне арқылы анықтау мүмкін емес" - ҚМДБ өкілі

Сырт көзге эмоциясын жасырын ұстайтын экстремистердің мінезі күрт өзгеріске ұшырап, қоғамнан да әп-сәтте алшақтауы мүмкін.

"Жат ағымға ергенді тек сыртқы бейне арқылы анықтау мүмкін емес" - ҚМДБ өкілі

Жат ағымға ергендерді тек сыртқы бейнелері арқылы ғана анықтау мүмкін емес. Көп адамдар сақалы бар, қысқа балақты шалбар киген жандарды сондай деп топшылайды. Бірақ сыртқы көрініс барлық жағдайда адамның радикал екенін көрсетпейді. Мұндай деректерді және адасқандардың психологиялық портретін Azattyq Rýhy тілшісі мамандардан сұрап білді.

ҚМДБ «Діни оңалту» бөлімінің меңгерушісі Қанат Алшынбаев экстремистік діни ағымның жетегіне еріп кетуге көптеген факторлардың түрткі болатындығын айтады. Оның ішінде мемлекеттік тілді білмеу де сондай себептердің бірі болуы мүмкін екен.

«Ең әуелі – білімсіздік. Дін принциптері туралы дұрыс мағлұматы жоқ азаматтар осындай ықпалға түсіп қалады. Сондай факторлардың бірі ретінде жастық шақты айтуға болады. Олар дұрысы мен бұрысын анықтай алмайды. Себебі жас адам айналадағы болып жатқан жағдайға дұрыс баға бермей, максимализм әсерімен эмоцияға беріліп, теріс әрекеттерге барады. Қазақ тілін білмеу де факторлардың бірі десек болады. Себебі, мешіттерімізде уағыздар қазақ тілінде жүргізіледі. Мешіттегі уағыздарды түсінбеген жастар әлеуметтік желіден ақпарат алғысы келеді. Міне, осы тұста олар жат діни идеологияны уағыздаушылардың қақпанына түсіп адасып жатады. Кей жағдайда отбасылық проблемалар да түрткі болады. Одан қалды, әлеуметтік мәселелер де түрткі болуы мүмкін. Мәселен, студенттерге жағдай жасау арқылы, жұмыс іздегенге жұмыс беру арқылы арбайтындар кездеседі», - деді Қанат Алшынбаев.

Мүфтият өкілінің айтуынша, радикалды ағымның өкілдері қатарын тек қарапайым адамдармен ғана емес, сонымен қатар таңдаулы тұлғалармен де толықтырғанды жөн көреді.

«Деструктивті діни ағымдағылар қатарына тарту үшін неше түрлі әдіс қолданады. Оның ішінде белгілі деңгейде жағдайы бар, лауазымы бар тұлғаларды көздейді. Мұндай әрекеттер кез келген ағымдардардың тарапынан іске асады. Одан қалды спортшыларды тарту көп кездеседі», - деді «Діни оңалту» бөлімінің меңгерушісі.

Қанат Алшынбаев экстремистік топтардың бірнеше сағатқа созылатын жиындарына қатысты деректерді де келтірді. Мұндай шараларға заңды түрде тыйым салынса да, әлі күнге дейін жасырын өтетін басқосулардың бары айғақ.

«Қазір қандай-да бір діни насихат тек арнайы жерде, арнайы тағайындалған тұлғалар тарапынан жүргізіледі. Ал, кез келген жат ағым өз үгіт-насихатын жасырын түрде жүргізеді және үгіт-насихат жүргізуге рұқсаты жоқтар атқарады. Демек, бұл заңға қайшы. Ондай жиынға тек сенімді адамдар ғана тартылады», - деп нақытылады Қанат Алшынбаев.

Психолог Балбек Сақтағанов әдетте деструктивті діни ағымның қатарына қосылған адамның психикасы әлсіз болып келетіндігін айтады.

«Теріс бағыттағы діни ағымға психикасы тұрақсыз, дүниетанымы толық қалыптаспаған, қиялға тез берілетін адамдар ереді. Кейбірі осындай жат ағымға кіріп бара жатқанын саналы түрде түсінгенімен, солардан алған көмекті қайтара алмағандықтан, амал жоқ солардың қатарына қосылып жатады», - дейді психолог.

Сырт көзге эмоциясын жасырын ұстайтын экстремистердің мінезі күрт өзгеріске ұшырап, қоғамнан да әп-сәтте алшақтауы мүмкін.

«Ондай адамдар жат ағымның қате екенін түсінбейді. Оларды қоғамға қарсы қойғандықтан, адасқандар жандардың басқаларға деген көзқарасы өзгеріеді. Осылайша, алдымен жек көру сезімі туады. Міне, осындай сезімнің салдарынан оларда агрессивті көңіл күй қалыптасады. Ондай жандардың қуаныш сезімі көзге көп көріне бермейтіні содан және олар түрлі үгіт-насихат дәрісінен кейін адамды ұзақ уақыт ойландыратын сұрақтарымен санасын улайды. Сол сұрақтың жауабын ойланып жүргенде адам өзінің отбасынан, қоғамнан қаншалықты алшақтап кеткенін байқамай қалады», - дейді Балабек Сақтағанов.

Иә, адасқандардың психологиялық бейнесі олардың айтқан әңгімелерінен де байқалатыны сөзсіз. Алайда, олардың сыртқы жүріс-тұрысы мен киімі сіз бен біз ойлағандай бола бермейді екен.

«Радикалды көзқарастағыларды ажырату үшін оның идеологиялық сипаттамасын білген дұрыс. Себебі, жат ағымға ергенді тек сыртқы бейне арқылы анықтау мүмкін емес. Мысалы осы сұрақ қойылған жағдайда, көбі сақал мен қысқартылған балақты айтып жатады. Бірақ, бұл кей жағдайда ондай адамның радикал екенін көрсетпейді. Сол себепті біз халықты ақпараттандырған уақытта олардың идеологиялық сипаттамасын көрсетуіміз қажет. Мәселен, олар өздерін ғана ақиқат жолында жүрміз деп санайды, басқаларын адасқанға жатқызады. Тіпті, ойы бір жерден шықпаса намаз оқитын адамдарды да күпірлікке айыптап, діннен шығарып, кәпірге санайды. Ондайлар қоғамда тәкпіршілер, (дұрысы - тәкфиршілер) деген атпен белгілі. Олардың идеологиялық тұрғыда көзқарасын анықтауымыз қажет», - дейді Қанат Алшынбаев.

Десе де радикал топтың қатарына қосылғандар ұлттық дәстүрді мойындамай, құндылықтарын да өзгертеді.

«Әдетте олардың өмір сүру салты жат діни ағымның шығу мекенімен байланысты болады. Мәселен, арабтан шыққан ағым болса, осы ағымның әдепттері соларға ұқсап, арабша киініп, солай өмір сүреді. Түріктерден шыққан ағым болса, өмір сүру салты соларға ұқсайды. Тіпті, сыртқы келбеті, сөйлеу мәнері, тамақ ішу үлгісі де соларға ұқсап кетеді», - дейді мүфтият өкілі.

Қанат Алшынбаевтың айтуынша, дәл осындай адасушылық салдарынан қоғамда «тірі жетімдер» саны артып барады.

«Көп жағдайда жат ағым өкілдеріне тек тиісті нәрселер айтылғандықтан, отбасылық құндылықтар, көркем мінез-құлық иесі болу сынды тараптар қозғалмайды. Сондықтан, біз қоғамда ондайлардың әйелге тек зат ретінде қарауын, балаға дұрыс тәрбие бермеуін аңғарамыз. Нәтижесінде ажырасқандар қатары артып, тірідей жетімдердің көбеюі байқалады. Ал, туған-туыстары олардың көзқарасын қабылдамаған жағдайда, олармен жанжалдасып, тіпті туыстарын, оның ішінде ата-анасын да діннен шығарып, кәпір санағандарды кездестіреміз», - дейді имам.

Бұл бағытта экстремистік және террористік әрекеттердің алдын алу мақсатында ҚМДБ бірқатар жұмыс атқарып келеді. Тіпті арнайы орталық та ашылған.

«Биылдан бастап ҚМДБ өз жұмысын 7 бағытта бекітті. Оның бірі - жат ағымдармен жұмыс. Діни оңалту бөлімі 2020 жылы ашылды. Оның міндетіне республика бойынша жат діни ағымдармен жұмыс жүргізуді ұйымдастыру және қадағалау кіреді. Ол үшін біз әр өңірде жауапты өкілдерімізді бекіттік. Оған қоса, өңірлерде оңалту жұмысын жүргізетін имам-ұстаздардан құралған топтар құрдық. Аталған жұмыс тиісті деңгейде атқарылу мақсатында мамандарымыздың біліктілігін арттыруға бағытталған семинарлар ұйымдастырамыз. Одан қалды, оларға әдістемелік құрал мен глоссарий де әзірлеп бердік. Оңалту жұмысы барысында көмекші құрал ретінде оларға жұмыс барысында жиі кездесетін заңдар жиынтығын әзірлеп бердік. Биыл тағы да әдістемелік құралдар әзірлеп беру жоспарымызда бар», - деді «Діни оңалту» бөлімінің меңгерушісі.

Мамандар жат ағымның жетегіне кеткен жандарды психологиялық тұрғыда емдеу күрделі процес екенін айтады. Сондай-ақ, хоббиі немесе тұрақты түрде шұғылданатын шаруасы бар адамдар мұндай қармаққа көп түспейтіні белгілі болды.

«Олардың психологиясын қалыпқа келтіру үшін үлкен жұмыс істеу керек. «Сенің істеп жүргенің дұрыс емес» деп айту аз. Психолог мамандар оларды міндетті түрде транс, гиштальт терапиясы, медитация, гипноз сынды процесстер арқылы санасын тазартады. Ондай жандарды жат діни ағымдардың өкілдерімен кездестірмеуге тырысу керек. Өйткені, ол ортада ешкім өзгермейді. Бұл нәрсенің дұрыс емес екенін өз санасымен түсінбейінше оған сыртқы факторлар әсер етпейді. Қазір мешіттердің жанынан осындай проблемалармен күресетін психологиялық орталықтар ашсақ деген ниет бар. Осы бағытта жасалынып жатқан әдістемелік құралдар да бар. Бірақ олар көпке танымал емес. Ол әдістерді  көбіне құқық қорғау органдары қолданады», - деді психолог Балабек Сақтағанов.