Прямая трансляция

Астана

Астана

-14.03°C

Елімізде тек ер мұғалімдер сабақ беретін мектеп жайлы не білеміз?

2014 жылы ашылған мектепте 1 507 оқушы мен 123 мұғалім бар.

Елімізде тек ер мұғалімдер сабақ беретін мектеп жайлы не білеміз?
Дереккөз: egemen.kz

Маңғыстау облысы Түпқараған ауданы Ақшұқыр ауылында ерекше мектеп бар. Ұлағатты ұстаз Қаламқас Қалиқызы бас­қаратын мектеп лицейі, білім беру саласында "Үздік ауыл мектебі" ретінде танылған еді. Бір қызығы аталған мектепте 30-ға жуық ер мұғалім сабақ береді, деп жазады Paryz.kz egemen.kz-ке сілтеме жасап.

2014 жылы ашылған мектепте 1 507 оқушы мен 123 мұғалім бар. Сапалы кадрлары жағынан республикалық мектептерден едәуір айыр­машылығы бар. Өйткені аталған ұжымда 30-ға жуық ер мұғалім қызмет етсе, олардың ішінде 2 шебер-педагог, 3 зерттеуші-педагог, 5 сарапшы-педагог, 7 модератор-педагог қызмет сапында. Дені жоғары білімді, бәсекеге қабілетті жастардан тұратын әртүрлі пәндерден сабақ беретін ер ұстаздары бар бұл мектеп қай бәйгеде де жеңіс тұғырынан түспеген.

"Қолынан ерекше іс келетін технология пәнінің ұстазынан бастап, Бакуде өткен халықаралық байрақты бәсекеде алтын тағып, шәкірттері жеңіс шыңынан түспейтін дене тәрбиесі пәні мұғалімі, есепке жүйрік регат-математик, үздік тарихшы ұстаз, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінінен сабақ беретін ақын, актер, жүргізуші ұстаздар, әнші, жыршы, шахматшы, кәсіпкер, БӘД пәні ұстаздары сынды сегіз қырлы бір сырлы ер ұстаздарымызбен мақтанамыз!

Олардың ерекше қарым-қабілеті мен жігерінің арқасында көптеген бай­қауда бәйгені бермейміз. Бұл осы жалынды жастардың жаңашылдыққа құмарлығының, білімділігінің нәтижесі", – дейді мектеп директоры.

Ақшұқыр мектеп-лицейі 7 жылдың ішінде елеулі жетістіктерге қол жет­кізген.

Білім ордасы "Дарын" республикалық ғы­лыми-практикалық орталығының ше­шімімен екі дүркін "Үздік ауыл мектебі" аталымы, Маңғыстау облыстық білім басқармасының шешімімен "Үздік олимпиадалық мектеп", екі рет "Үздік ауыл мектебі", Маңғыстау облысы әкімдігінің ұйғарымымен "Үздік мектеп-лицей", "Орта білім беретін үздік ұйым", "Табиғатпен үндес мектеп", Білім және ғылым министрлігінің жанынан құрылған арнайы комиссияның шешімімен "Үздік олимпиадалық ауыл мектебі" аталымымен марапатталды.

"Жоғары білімді мамандар аудан, облыс деңгейінде емес, көбісі рес­пуб­­ликалық бәйгелерде ат оздырған жүйріктер. Ер азаматтардың ұрпақ тәр­биесіне араласу үшін мектепке оралуын қуанышпен қабылдаймыз", – дейді ауыл мектебінің кадрлары туралы Түпқараған аудандық білім бөлімінің басшысы Айбаршын Утесбаева.