Прямая трансляция

Астана

Астана

-11.03°C

Атырауда жүкті келіншектерден коронавирус анықталып жатыр (ВИДЕО)

Қазір инфекциялық ауруханада короновирус жұқтырған 14 келіншек емделуде.

Атырауда жүкті келіншектерден коронавирус анықталып жатыр (ВИДЕО)
Фото: ашық дереккөз

Соңғы аптада Атырауда коронавирус жұқтырған жүкті әйелдер көбейіп келеді, деп хабарлады paryz.kz, "Астана" телеарнасына сілтеме жасап.

Мамандар ай-күні жетіп тұрғандардан қауіпті кесел табылғанына алаңдаулы. Қазір үшеуі жансақтау бөлімінде жатыр. Денсаулықтары ауыр болғанымен бірқалыпты, дейді дәрігерлер.

Қазір инфекциялық ауруханада коронавирус жұқтырған 14 келіншек емделуде. Оның 3-уі жан-сақтау бөліміне жатқызылған. Дәрігерлер статистиканың наурыз айындағы мерекелік демалыстардан кейін күрт көбейіп кеткенін айтып, алаңдап отыр.

"Жансақтау бөлімінде жатқандардың жағдайлары ауыр, бірақ аса күрделі емес. Оларда тыныс алу жеткіліксіздігі бар. Бірақ олар есін біледі. Тыныс алу аппаратына қосылмаған. Бұл инфекцияны жұқтырған жүкті әйелдер күзде бері 8-10 еді. Қазір олардың қатары 14 болып тұр", - дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Құдаманова.

Ауру белгілері бар жүкті әйелдердің барлығы облыс орталығына жіберіледі. Олар инфекциялық ауруханадағы акушерлік бөлімде босанбақ. Ал ауру симптомсыз өтіп жатқан жүкті келіншектер перзентханаға барады, деді ақ халаттылар.

Аймақта короновирустан емделіп жатқан ең кішкене пациент – 4 айлық нәресте. Қауіпті вирусты туыстарынан жұқтырған сәбиде ауру симптомсыз өтіп жатыр. Мамандар бұған дейін ковидтан емделген келіншектерден дені сау нәресте дүниеге келгенін айтады.

Өткен сенбіден бастап өңір тұрғындары арасындағы еріктілерге екпе салу басталды. Алайда емханаларда сабылысқан халық жоқ. Бірең-сараң келгендері, сағаттап күтіп отыруға мәжбүрміз,- дейді түрғындар.

"Жексенбі күні вакцина алуға келіп едім. Бірақ ота жасатқан жағдайыма байланысты мәселе туындап, дүйсенбіге қалдырды. Телефон соғып шақырған соң  түскі үзілісімді пайдаланып тағы келдім. Жарты сағат болды әлі отырмын. Адам көп емес. Бірақ ұзақ күтуге тура келеді. Дәрігерлер вакцина салудың екі кезеңмен өтетінін біледі ғой. Сондықтан екі бөлек бөлме ұйымдастыру керек еді. Мында бәрі бір жерде кезекте тұр", - дейді қала тұрғыны Берік Көбілдесов.

Айта кетейік, Атырау соңғы екі аптадан бері қызыл аймақта. Бұған дейін  қауіпті індет жұқтырғандардың көбі өңірдегі өнеркәсіп ошақтарынан тіркелсе,  қазір керісінше халықтың арасында өршіп тұр. Бүгін анықталған 103 адамның 79-ы қала тұрғыны. Жалпы, өңірде пандемия басталғалы аты жаман дертті жұқтырғандар 19 мыңнан асып кетті.