Прямая трансляция

Астана

Астана

-13.03°C

Шымкент полициясы Алтынтөбедегі қақтығыстан соң журналистерден кешірім сұрады

Полиция департаментінің бастығы Ерғали Жармұхамбетов "барлық оқиға тексеріледі, қызметтік тексеріс басталды, қысым жасағандар жауапқа тартылады" деді.

Шымкент полициясы Алтынтөбедегі қақтығыстан соң журналистерден кешірім сұрады
фото: дереккөз

Шымкент полициясы Алтынтөбедегі наразылық кезінде полиция қызметкерлерінің журналистердің кәсіби қызметін атқаруына кедергі жасағаны үшін кешірім сұрады, деп хабарлады holanews.kz.

Бүгін Шымкент қаласы Полиция департаментінің алдына КТК, "Астана" және 31 телеарнаның үш тілшісі барып, полициядан журналистерге қысым жасауды доғаруды талап еткен. Журналистерді ішке кіргізіп, олардың шағымын тыңдаған қалалық Полиция департаментінің бастығы Ерғали Жармұхамбетов "барлық оқиға тексеріледі, қызметтік тексеріс басталды, қысым жасағандар жауапқа тартылады" деді.

"Мен осындағы әрбір қызметкерге жауапты болғандықтан, барлықтарыңыздан кешірім сұраймын",- деді Полиция департаментінің бастығы.

Естеріңізде болса, 4 сәуірде Алтынтөбе ауылының тұрғындары жергілікті алтын бұйымдарын шығаратын цехтың директоры Жасұлан Маматуллаевтың қамауға алынуына қарсы болып, наразылыққа шыққан еді.

Жиналғандарға наразылық білдірушілерді оқшаулау әдісі қолданылып, полиция бөлімшесіне 50-ге жуық адам жеткізілген.

Жиналысқа Шымкенттің Абай ауданының әкімі Бұхарбай Парманов келіп, ауыл төрт күн қоршауға алынады деді. Оның айтуынша, қазір арнайы тексеру жүріп жатыр, өйткені жер асты байлықтарын пайдаланып алтын өндіру туралы хабарлама келіп түскен.

Осы арада Шымкент полиция бөлімінің баспасөз хатшысы Рабиға Юнус полиция ауылға қоғамдық тәртіпті сақтау үшін жіберілгенін айтты.

"Бүгін бір топ ауыл тұрғындары жиналды, олар карантиндік талаптарды бұзды. Сонымен қатар, жол жабылды. Түсіндіру жұмыстары және әкімшілік шаралар қолдану үшін тұрғындар полиция бөліміне жеткізілді", - деді Шымкент қалалық ПД баспасөз хатшысы.