Прямая трансляция

Астана

Астана

-18.03°C

10 күн бойы іздеуде болған қызылордалық қыз Алматыдан табылды

Еске сала кетсек, 17 жастағы Ділдә 25 наурызда түнгі сағат 2 шамасында балалар ауылы аумағынан белгісіз бағытқа кетіп, оралмаған...

10 күн бойы іздеуде болған қызылордалық қыз Алматыдан табылды
фото: ашық дереккөз

Қызылордадағы "Атамекен" балалар үйінің 10 күн бұрын жоғалып кеткен 17 жастағы тәрбиеленушісі Ділдә Нұғманова аман-есен табылды. Бұл туралы әлеуметтік желіде Қызылорда облыстық білім басқармасы хабарлады, деп жазды sputnik.kz.

"Бірнеше күн бұрын жоғалып кеткен "Атамекен" балалар ауылының тәрбиеленушісі Ділдә Нұғманова аман-есен табылды. Бір апта іздегеннен кейін Ділдәні Алматыға жақын жерден тапты", - делінген хабарламада.

Еске сала кетсек, 17 жастағы Ділдә 25 наурызда түнгі сағат 2 шамасында балалар ауылы аумағынан белгісіз бағытқа кетіп, оралмаған. Онымен бірге "Атамекен" ауылының тағы екі тәрбиеленушісі Люба Нестеренко мен Рано Сабанқұлова болды. Үш қызға да іздеу жарияланды, Люба мен Рано екі күннен кейін Алматыдан табылды, бірақ қыздар Ділдәның нақты қай жерде екенін айта алмады. Полиция мен еріктілер қызды іздеуді жалғастырды.

Облыстық білім басқармасының өкілдері Ділдә Нұғманованы іздеуге қатысқандардың барлығына зор ризашылығын білдірді.

"Жетім балаларды іздеуге белсенді қатысқан полицейлер мен еріктілерге алғыс айтамыз", - делінген хабарламада.

Облыстық білім басқармасының мәліметінше, Ділдә Нұғманова әзірге Алматыда.

"Қыздың денсаулығы жақсы. Ол қауіпсіз жерде, онымен мамандар жұмыс істеп жатыр. Рано мен Люба Алматыдан Қызылордаға жеткізілді, қазір балалар ауылында тұрып жатыр", - деп хабарлады басқарма.

Қыздардың Алматыға неліктен қашып кеткенін және 10 күн бойы қалай өмір сүргенін қамқоршылар айтқысы келмеді.

Айта кету керек, Рано Сабанқұлова 2017 жылы 10 жасында ресейлік НТВ телеарнасында өткен "Ты супер" вокалдық жобасына қатысқан.