Прямая трансляция

Астана

Астана

-12.03°C

СҚО-да шенеунік мұқтаж адамдарға берілуі тиіс баспананы сатумен айналысқан

Бұл бағдарлама өз пәтерлерін сатып алғанға дейін бес жыл мерзімде жұмыспен қамтылған жас отбасыларды уақытша тегін баспанамен қамтамасыз етуге бағытталған.

СҚО-да шенеунік мұқтаж адамдарға берілуі тиіс баспананы сатумен айналысқан
Фото: ашық дереккөз

Солтүстік Қазақстан облысында лауазымды тұлға мемлекеттік бағдарлама аясында жүйелі түрде пара алды деген күдікке ілінді, деп хабарлады өңірдегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі.

"Солтүстік Қазақстан облысының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Петропавл әкімдігіне қарасты халықты жұмыспен қамту орталығының лауазымды тұлғасын ұстады. Шенеунік коммуналдық тұрғын үй қорынан баспана ұсынғаны үшін жүйелі түрде пара алды деген күдікке ілінді", - деді агенттіктегілер.

Жалдамалы баспана 29 жасқа дейінгі жұмыс істейтін пәтерге мұқтаж жандарға берілуге тиіс болған. Ол үшін мемлекет тарапынан нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасы қарастырылған. Бұл бағдарлама өз пәтерлерін сатып алғанға дейін бес жыл мерзімде жұмыспен қамтылған жас отбасыларды уақытша тегін баспанамен қамтамасыз етуге бағытталған.

"Лауазымды тұлға мемлекеттік бағдарламаны пайдалана отырып, сенімді өкілдері арқылы баспанаға мұқтаж адамдарды іздеп тапқан және пәтер ұсынғаны үшін олардан пара алып отырған. Пара көлемі берілетін баспананың аумағына қарай 550-800 мың теңге аралығында болған", - дейді сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі.

Лауазымды тұлға мен оның көмекшілеріне қатысты екі айға дейін күзетпен ұстау түрінде шектеу шарасы қолданылды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары бойынша басқа мәлімет тергеуге кедергі келтірмеу мақсатында жария етілмей отыр. Күдіктілерге қатысты соңғы шешімді олардың кінәсінің деңгейіне қарай сот шығарады.