Прямая трансляция

Астана

Астана

-12.03°C

Қарағанды облысында былтырдан бастап көру қабілеті төмендеген оқушылар көбейген

2019-2020 жылы бізде көз ауруы 12-13 пайыз болған. Қазір көз ауруы күрт артып кетті. 28 процент.

Қарағанды облысында былтырдан бастап көру қабілеті төмендеген оқушылар көбейген
Дереккөз: altamedica.com.ua

Қарағанды облысында пандемия басталғаннан бастап көру қабілеті төмендеген оқушылардың саны артқан, деп хабарлады Paryz.kz Хабар 24-ке сілтеме жасап.

Дәрігерлер мұндай жағдай оқушылардың былтырдан бастап қашықтан оқуға көшіп, телефон мен гаджеттерде ұзақ отыруының салдары деп отыр. Өкініштісі көру қабілеті төмендеген балалар арасында 3-4 жастағы бүлдіршіндер де бар.

"2019-2020 жылы бізде көз ауруы 12-13 пайыз болған. Қазір көз ауруы күрт артып кетті. 28 процент. Компьютерде көп отыруға болмайды. Әрі кетсе 3-4 сағат, арасында 5-10 минут үзіліс жасау керек. Көзіңді жұмып, 5 минут отыру керек",-дейді офтальмолог дәрігер Жанат Қалиақпарова.

15 жылдық тәжірибесі бар мұғалім Назым Сағатбекқызы да оқушылардың арасында көру қабілетінің төмендеуіне алаңдатушылық білдіріп отыр. Айтуынша ұзақ уақыт қашықтықтан оқыған шәкірттерінің көпшілігі көру қабілетінің нашарлағанына шағымданатын болған.

"Бұрындары көзі нашар көретін балалар аз болатын. Қазір сыныптың 50-60 пайызының көзі нашар көреді. Ал көзілдірік таққанға намыстанып, оны көрсеткісі келмейді. Сондықтан тақтаға келіп, көздерін сығырайтып қарайды. Не тақтаның қасына келіп қарап жүреді. Ондай балалар көп",-дейді ол.

Балалардың таңертеңнен кешке дейін ұялы телефонда отыратынын ата-аналар да мойындап отыр. Олар әсіресе жоғары сыныптың оқушылары таңғы 10-нан кешкі 5-6-ға дейін телефонмен сабақ оқуға мәжбүр дейді.

"Көбісі ұялы телефон, планшетке қарайды. Сабақты соған қадалып оқиды. Жоғарғы сынып балалары таңертең 10-да отырып, кешкі 5-6 да тұрады. Сабақты соткамен жасайды. Соның бәрі көзге әсер етеді. Бала тынышталсын дейді, ата-ананың қолы тимейді. Жұмыс көп, қарбалас. Содан баланы тыныштандыру үшін де беріп қояды деп ойлаймын",-дейді олар.

Айта кетерлігі бүгінде Қарағанды облысында көру қабілеті төмендеген 1100-ге тарта тіркеуде тұрған көрінеді. Сол сияқты облыста оқушылар арасында екінші орында семіздік ауруы тұрса, үшінші орында орталық жүйке жүйесі ауруларының асқынған түрі тұр екен.