Прямая трансляция

Астана

Астана

-7.03°C

"Лицензиямызды қайтарыңыздар": министрлік алматылық студенттердің үндеуіне жауап берді

Министрліктің ақпаратынша, студенттерге елдің әр өңірінен 20 шақты оқу орны ұсынылған.

"Лицензиямызды қайтарыңыздар": министрлік алматылық студенттердің үндеуіне жауап берді

Бас лицензиясынан айырылған М.Тынышбаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясының есігіне құлып салынбайтын болды. ЖОО басқа атаумен қайтадан жұмысын бастамақ, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

90 жылдық тарихы бар академия 5 мыңға жуық студентінен айырылса да, жаңа лицензия алып үлгерген. Бұдан былай бұл жоғарғы оқу орны Көлік және логистика академиясы деген атаумен студенттерге білім бере алады. Бірақ бұрынғы лицензиясынан айырылғандықтан, академияның студенттері басқа оқу орындарына ауысуға міндетті. Алайда бұл қағиданы ескергісі келмеген студенттер бүгін тағы да наразылық акциясын өткізді. 

«Біз өз университетімізде оқып, диплом алғымыз келеді. Армандап түскен адамдар бар. Ата-аналарымыз бізді теміржолда жұмыс істейді деп сенім артып отыр. Неге біздің таңдауымызға қарсы шығасыздар? Лицензиямызды қайтарыңыздар, оқығымыз келеді. Осы мамандықты бітіргіміз келеді. Теміржолда жұмыс істегіміз келеді. Біз басқа университетке барсақ, теміржолда жұмыс жасай алмаймыз ғой. Сонда сіздер біздің арманымызға балта шауып тұрсыздар ма?», - дейді Көлік және логистика академиясының студенті Айдана Нарынбай. 

Министрліктің ақпаратынша, студенттерге елдің әр өңірінен 20 шақты оқу орны ұсынылған. Бүгінге дейін ауыспаған бес жүзден аса шәкірт қалған. Өзге ЖОО-ға бармаймыз деп қасарысқан студенттерді министрлік Қазақ бас сәулет академиясы мен Қазақ қатынас жолдары университетіне ауыстырмақ. Оқытушылардың сөзінше, «Құрылыс» және «Көлік құрылысы» мамандықтарының материалдық-техникалық базасы толық емес көрінеді. 

«Біздің базамыз дайын, материалдық-техникалық база, мұғалімдер бар. Қазір ол студенттер ана жаққа барады, ол жақта оларға сабақ беретін мұғалім жоқ қой. Сабақты кім береді оларға? Ол жақта қала құрылысы теміржол құрылысы жоқ. Оны бітірген студент теміржолға барып не істейді?», - деді Көлік және логистика академиясының профессоры  Құралай Жолдасова.

Қос тараптың тартысына түскен студенттер Жаңа жылдан бері шәкіртақы да алмаған. Бүгін арнайы брифинг өткізген министрлік өкілдерінің сөзінше, студенттер жаңа оқу орнына ауысқан соң ғана стипендияларын ала алды. ҚР БҒМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры Әділет Тойбаевтың сөзінше, академиядан әлі кетпей жүрген жастарға заң жүзінде шәкіртақы төленбейді. Өйткені, бас лицензиясынан айырылғандықтан, М.Тынышбаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясының ақы төлеуге құқығы жоқ. Жалпылай алғанда, елдегі студенттерге шәкіртақы төлеу тұрғысынан проблема жоқ. Министрлік жыл басынан бері сенделген оқытушыларға да басқа университеттен жұмыс тауып бермек.

«Егер де ЖОО бас лицензиясынан айырылса немесе жабылатын болса, заңнамаға сәйкес басшылық ол жердегі студенттерді басқа университеттерге ауыстыруы тиіс. Бізге келіп түскен хатта академияның басшылары бұл міндетті түсінетінін және шәкірттерді басқа жаққа ауыстыратынын жазған. Әрине, осы уақытқа дейін түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет болды. Көптеген студенттер өзі тұратын аймақтарға, ата-аналары тұратын облыстарға ауысып, оқуларын жалғастырып жатыр. Тек архитектура және құрылыс бағыты бойынша мәселе туындап тұр. Өкінішке қарай, оқу орнында бұл сала біршама артта қалған, тиісті жұмыс жүргізілмеген.

Сондықтан министрлік тарапынан құрылған жұмыс тобы студенттер мен оқытушылар арасында түсіндіру жұмысын бастады. Гранттан айырылмау үшін студенттер тарапынан арыз, өтініштер түсіп жатыр. Бүгінгі күні архитектура және құрылыс бойынша елде жиырмаға жуық оқу орындарында лицензиялары бар. Біз өз тарапымыздан барлық қолдауды көрсетіп, 2-3 күннің ішінде жұмысты аяқтауға тырысамыз», - деді ҚР БҒМ Білім және ғылым саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрайымы Гүлзат Көбенова.