Прямая трансляция

Астана

Астана

-10.03°C

Әр өңірден көлік ұрлап келген деструктивті діни ағым өкілдері ұсталды

"Ұсталғандардың үшеуі бұрын қарақшылық және қару сақтағаны үшін сотталған..." - деді Түркістан облыстық Полиция департаменті бастығының орынбасары Құрманбек Сахов.

Әр өңірден көлік ұрлап келген деструктивті діни ағым өкілдері ұсталды
фото: inform.kz

Деструктивті діни ағымды ұстанушылар Қазақстанның әр өңірінен көлік ұрлап келген деген күдікке ілікті, деп хабарлады paryz.kz, ІІМ ресми сайтына сілтеме жасап.

"Шымкент қаласында полицейлер ұрланған "Toyota Camry 55" автокөлігін тәркіледі. Оны күдіктілер 4 миллион теңгеге сатып үлгерген және ұрланған автокөліктің есігін ашқан электронды сканер аппараты да айғақты зат ретінде алынды", - делінген хабарда.

Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 188-бабы, 4-бөлігі ("Аса ірі көлемдегі ұрлық") бойынша СДТБТ-ға тіркеген.

"Арнайы жүргізілген операция нәтижесінде біздің жедел уәкілдер 4 күдіктіні ұстады. Олар - Ақтөбе облысының тұрғындары. Оның ішінде екеуі деструктивті діни ағымның мүшелері болып шықты. Ұсталғандардың үшеуі бұрын қарақшылық және қару сақтағаны үшін сотталған. Күдіктілер қамауға алынды", - деді Түркістан облыстық Полиция департаменті бастығының орынбасары Құрманбек Сахов.

Тергеу барысында қылмыстық топ мүшелерінің алдын-ала жоспарланған сызба бойынша, әрқайсысы өз рөлін сомдау арқылы әрекет еткені анықталды. Күдіктілер құны 10 миллион теңгеден асатын автокөліктерді арнайы сканерлеу құрылғысының көмегімен ашқан.

"Олар автокөлік иелерін бақылап, есіктерін ашқан кезде электронды құлыптарды сканерлеген. Сезіктілер қымбат көлікке қол жеткізгеннен кейін, оларды тұрақтан немесе көшелерден ұрлап, айдап әкеткен. Тергеу күдіктілердің автокөлік ұрлығының жалпы 5 дерегіне қатыстылығын анықтады. Олар 5 қылмыстың екеуін Ақтөбе облысында, екеуін Түркістан облысында және біреуін Қызылорда облысында жасаған. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жалғасуда. Сондай-ақ күдіктілердің басқа да осындай қылмыстарға қатысы бар-жоғы анықталуда", - деді Сахов.