Прямая трансляция

Астана

Астана

-12.03°C

Байқоңырдан ұшқан зымыранның зардабын жезқазғандықтар тартып отыр

1959 жылдан бері орталық Қазақстан аумағына 600-ден астам зымыран құлаған. Соңғы 10 жылда үш апат болып, улы отын далаға төгілгені есте.

Байқоңырдан ұшқан зымыранның зардабын жезқазғандықтар тартып отыр
фото: ашық дереккөз

Жезқазғанда қатерлі ісікке шалдыққандардың саны артқан. Қауіпті дерттің ушығуына Байқоңырдан ұшқан зымырандар себеп болып отыр екен, деп хабарлады paryz.kz, КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Қарағанды облысының тұрғындары мәселеге назар аудармаса, жағдайдың ушығатынын алға тартты. Бұл мәселені реттеуге депутаттар бірқатар ұсыныс айтты.

"Байқоңыр ғарыш айлағына іргелес аумақтар мен зымыран қалдықтарының құлауы, аймақтардың ластану деңгейі туралы ақпарат ұсыну, ластанған өңірлерде тұратын халықты жыл сайын скринингтік тексеруден өткізу, зымыранның химиялық элементтерін залалсыздандыруға бағытталған қазақстандық ғалымдардың ғылыми-зерттеулерін жыл сайын қаржыландыруды сұраймыз", - деді Мәжіліс депутаты Арман Қожахметов.

2016 жылы Жезқазғандағы науқастардың саны 241-ден асса, 2019 жылы бұл көрсеткіш 300-ге жуықтаған. Депутат келтірген деректері бойынша, 1959 жылдан бері орталық Қазақстан аумағына 600-ден астам зымыран құлаған. Соңғы 10 жылда үш апат болып, улы отын далаға төгілгені есте. Бұның салдарымен күресіп, қоршаған ортаны қалпына келтіруге кемі 10 жыл қажет екен.