Прямая трансляция

Астана

Астана

-12.03°C

Алматы облысында 4 ауыл 1,2 млрд теңгенің ауыз суын несиеге алып ішіп отыр

Қаржы Ұлттық қордан бөлінгенімен, ол халық есебінен 20 жылда қайтарылуы тиіс екен...

Алматы облысында 4 ауыл 1,2 млрд теңгенің ауыз суын несиеге алып ішіп отыр
фото: видеодан скриншот

Алматы облысының Панфилов ауданында 4 бірдей ауыл несиеге су ішіп отыр. Қағыс естімедіңіз, несиеге! Осыдан 5 жыл бұрын Ақжазық, Лесновка, Педжим және Алмалы ауылдарына бюджеттік несиемен 1,2 млрд теңгеге ауызсу жүйесі тартылған болатын. Қаржы Ұлттық қордан бөлінгенімен, ол халық есебінен 20 жылда қайтарылуы тиіс екен. Мұны естіген тұрғындардың төбе шашы тік тұрып, наразылықтарын білдіріп жатыр, деп хабарлады paryz.kz, Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.

"Ішсең, мына тамағыңды қырып кетеді ғой. Мысалы, осы судан ауру болып жатырмыз. Біраз адам қуығынан операция жасап келіп жатыр, естіп жатырмыз. Мына судың сапасы өте нашар", - деп ашынды Ақжазық ауылының тұрғыны Қайрат Дулатбаев.

Ақжазықтағы ауызсудың сапасына сын көп. Кермек дәмі бар. Оның үстіне ыдыстың түбіне тұнба тұнады. Сүзіп ішейін десе, сүзгілердің өзі ұзаққа бармай, істен шығатын көрінеді. Енді сол ішкен суымыз судай болмаса да, бағасы удай қымбат болғалы тұр. Осылай деп ашынған ауыл халқы тіршілік нәрін несиеге тартқанын бүгінге дейін білмеген. Арада 5 жыл өткесін ғана естіп, шалқаларынан түсе жаздаған.

"Мынадай болатын болса, даже көрші-көршіге дәретке су бере алмаймыз, шынын айтсақ. Даже тарифі қымбат, 174 деп арыз жазғанбыз аудан әкіміне. Сол кезде білдік біз, бұның 20 жылға несие алып салынғанын. Оған дейін біз білмедік. Ауыл білмеді. Енді мыңға қоятын болса, онда бәрін жинап, өзіміздің ескі колонкамызды шығарып берсін. Сол жақсы еді негізі, таза еді", - дейді Ақжазық ауылының тұрғыны Жанболат Шалақазақов.

"900-1000 теңгеге жуық дегенді әркімнің қалтасы көтермейді ғой. Мысалы, мен айына 1500-2000 теңге төлесем, ол он еселенсе, 20 мыңға шейін барады ғой. Менің өз басымның қалтам көтермейді оны", - дейді келесі тұрғыны Әлтай Кәшкеев.

Жалпы, өңірдегі 4 ауылдың ауызсу жүйесін ретке келтіруге Ұлттық қордан 1,2 млрд теңге бөлінген. Соның 178 миллионы осы Ақжазыққа су құбырын тартуға жұмсалыпты. Осы күнге дейін сол несиенің үстемақысын шығынға батса да, Панфилов су құбыры мекемесі төлеп келген. Енді жалпы қарызды қайтару абоненттер есебінен жүргізілмек. Соған байланысты, тарифті көтеруге ұсыныс берілген.

"Қазіргі күнге 3 ауылдың соммасына өтінім бердік. Антимонопольный комитетке. 1 куб суға Ақжазық ауылы - 996 теңге, Лесновка ауылы - 918 теңге, Педжим ауылы - 446 теңгеге өтінім жіберілді. Лесновка мен Ақжазық кішкентай ауылдар болғандықтан, объем аз болғандықтан, тариф те қымбат болып тұр", - дейді "Панфилов су құбыры" МКК бас экономисі Нәзира Қасенқызы.

"Өтінім келіп түсті, "Панфилов су құбырынан". Бұл тарифтерді қалыптастыру қағидасына сәйкес, 90 жұмыс күні ішінде қаралады. Департамент тарапынан нақты шешім қабылданған жоқ. Алайда осы халық санаты үшін 2021 жылдың аяғына дейін тарифтің жоғарылауы жоспарда жоқ. 2022 жылға өтінім келіп түскен жағдайда, сол бойынша нақты зерделеніп, шешім қабылданады", - дейді Алматы облысы бойынша табиғи монополияларды реттеу департаментінің бөлім басшысы Бақтияр Бақытжанұлы.

Айта кетсек, 4 елді мекенге тартылған ауызсу құбыры мен жабдықтары келісім-шарт негізінде қазір кепілдікте тұр. Егер ақша қайтарылмаса, несие беруші тарап барлығын алып кетуге құқылы екен.

"Бюджеттік несиелендіру бағдарламасымен салынған. Механизм бойынша, 20 жылда салынған ақшаны біз бюджетке қайтарып беруіміз керек. Келесі жылдан бастап бұл ақша тарифпен қайтарылады деп есептелген болатын. Алайда басқа ауылдармен салыстырғанда, көп шығып отыр. Бұл бойынша наразылықтар, түсінбеушіліктер болып отыр. Ол мәселені болашақта қарастырып, шешеміз", - дейді Панфилов аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Арман Тазабеков.

Дәмі кермек татығандықтан, тұрғындардың көбі тіршілік нәрін осылай ескі ұңғымадан, бастаулардан тасып ішіп отыр. Ал үйдегі суды тек кір жуып, малға беруден басқа амал жоқ. Бағасына сапасы сай болса, бір сәрі еді дейді ақжазықтықтар.