Прямая трансляция

Астана

Астана

-12.03°C

Татулық пен бірлік – Қазақстандағы этносаралық келісімнің басты жетістігі

Бүгінгі күні елімізде бейбітшілік пен келісімде 130-дан астам этностың өкілдері өмір сүреді және 3600-ға жуық діни ғибадаттары бар 18 конфессияның мүддесін білдіретін 3800-ге жуық діни бірлестіктер Заң аясында жұмыс істейді.

Татулық пен бірлік – Қазақстандағы этносаралық келісімнің басты жетістігі
Дереккөз: sputnik.kz

Қазақстан тәуелсіздік алғалы бері елде өмір сүріп жатқан көптеген этнос өкілдері күні бүгінге дейін татулық пен бірліктің қандай болу керектігін көрсетіп, өзге елдерге үлгі болып келеді. Ұлтаралық тату қатынастардың қазақстандық үлгісін көрсете білген бұл бағыт – бүгінде барша қазақстандықтардың жеңісі мен мақтанышына айналып отыр.  Десе де ел билігі мұнымен шектеліп қана қоймай, этносаралық қатынастарды дамытуға қатысты бұдан да басқа бірқатар бастамаларды қолға алмақ. Бүгін біз солардың біршамасына тоқталатын боламыз.

         Этносаралық қатынастар саласы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың назарынан тыс қалған емес. Ұлт көшбасшысы әрдайым елдегі ұлттар мен этностардың татулығын тәуелсіз Қазақстанның басты жетістігі деп атап өтетін еді. Елбасы:  «Ұлтаралық келісім өте нәзік, кәдімгі адам ағзасының қантамырлары жүйесі. Оның бір жерінде кідіріс болған кезде адам денсаулығын жоғалтады. Мемлекетте де дәл осылай. Біздің жылдағы барлық жетістіктеріміз елдегі осы тұрақтылық пен тыныштықтың арқасында болып отыр. Бұл біздің негізгі ұстанымымыз. Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметі тұрақтылықты, ұлтаралық келісімді қамтамасыз етудің бүкіл тәжірибесі – әлемдік тұрақтылыққа қосылған үлес болуы тиіс. Еліміздегі тыныштық мәселесі – бұл менің жеке мәселем емес. Қазақстанның бүкіл халқының мәселесі, мемлекеттің мәселесі, біздің болашағымыздың мәселесі», - деп жазған болатын. 

         Бүгінде аталған саланы дамыту бойынша Қазақстанда бірқатар игі бастамалар қолға алынуда. Солардың бірі – 2020 жылы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі жанынан Этносаралық қатынастарды дамыту комитетінің құрылуы болды. Құзыретті орган – салаға жауапты мемлекеттік органдардың басын қосып, осы бағыттағы мемлекеттік саясатты дамытуды көздейтін болады. Сонымен бірге комитет міндетіне этносаралық шиеленістер, қақтығыстар мен түсініспеушіліктерді терең талдау әрі оны алдын алу міндеті кіреді.

         Бұған қоса этносаралық қатынастарды дамыту және жалпыұлттық бірлікті қамтамасыз ету мақсатында, осы саладағы мемлекеттік саясатты жетілдіру және оған деген ғылыми көзқарасты қамтамасыз ету үшін министрлік жанынан Қолданбалы этносаяси зерттеулер инстуты құрылады деп жоспарланып отыр.

         Сондай-ақ алдағы жылдары министрлік Қазақстан халқы Ассемблеясымен өзара іс-қимылды нығайтуды көздеп отыр. Бұл мақсатта «Қоғамдық келісім» мекемесі орталық және өңірлік деңгейлерде атқарушы органдардың қарамағына беріледі деп күтілуде. Айта кетерлігі, бұл құрылым аймақтардағы этникалық топтармен өзара жұмыс істейтін болады деп жоспарланып отыр.

Жалпыұлттық бірлік бағытында діни бірлестіктердің алар орны қандай?

Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «...Біз зайырлы қоғам дәстүріне ие екендігімізді және Қазақстанның зайырлы мемлекет екендігін ұмытпауымыз қа­жет», деген сөздерінің астарында «зайырлылық» катего­риясын барша Қазақстан хал­қның көп қырлы әлеуметтік-қоғамдық өміріндегі терең әрі мәнді константа етіп көрсетуге ұмтылушылық жатқаны анық.

Мұндай саяси, мәдени, рухани басымдылықтар мен қоғам дамуының құндылықтарын айқын­дайтын қағидаттар Қазақ­стан Республикасы Конституциясының 1-бабында жазыл­ғандығы баршамызға белгілі. Ал осы негізгі құжаттың заңдық нормасы адамның өз діни сенім бостандығын емін-еркін ұстануға құқық беретін ережелерден тұрады.

Қазақстанның зайырлы сипаты «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңның нор­маларындағы діни сенім бостандығы, діни бірлестіктердің мемлекеттен бөлек болуы, мемлекеттік немесе жалпыға міндеттелген арнайы діннің болмауы, діни ұйымдардың заң алдындағы жалпыға бірдей теңдігі, кейбір әлеуметтік мәсе­лелерді шешуде мемлекет пен діни ұйымдардың өзара әрекеттестігі секілді мәселелер олардың нақты белгілерін айқындатады.

Тәуелсіздік жылдарында­ дәс­түрлі рухани және діни құндылықтар қайта жаңғырып, ескі ғибадат орындары: мешіттер, шіркеулер, құлшылық үйлері мен синагогалар қайта қалпына келтірілсе, кейбіреулері жаңадан бой көтерді.

Бүгінгі күні елімізде бейбітшілік пен келісімде 130-дан астам этностың өкілдері өмір сүреді және 3600-ға жуық діни ғибадаттары бар 18 конфессияның мүддесін білдіретін 3800-ге жуық діни бірлестіктер Заң аясында жұмыс істейді. Мемлекет қолданыстағы Заңға сәйкес дін мен діни бірлестіктерден бөлінуіне байланысты діни бірлестіктердің ішкі қызметіне араласпайды. Діндар азаматтардың саны бойынша дәстүрлі түрде мұсылман және православиелік христиандардың діни бірлестіктері көш бастап тұр.

Құрбан айт және Рождество діни мерекелері – Қазақстанда ресми демалыс күндері болып жарияланды. Осылайша, Қазақстанда діннің этностық және саяси қауымдастыққа қар­­сы тұратын бәсекелестік ба­ғыт­тағы сәйкестенуге емес, сәйкесінше, қоғамға қайталан­бас әралуандылық сипат пен­ өзіндік ерекшелік беріп, қа­зақ­­стандықтардың рухани­ мәдениетін байытушы элемент ретінде көрініс табуына ал­ғы­шарттар жасалды.