Прямая трансляция

Астана

Астана

-10.03°C

Қазақстан халқы Ассамблеясы волонтерлері 2020 жылы 300 мыңнан астам адамға көмек көрсетті

ҚХА-дағы волонтерлік қызметке келер болсақ, мұнда ол төрт бағыт бойынша жүзеге асырылып келеді. Олар: әлеуметтік, білім беру, спорттық және цифрлық. Аталған бағыттар бойынша бірқатар жобалар қолға алынып, пандемия кезінде ҚХА волонтерлері 300 мыңнан астам адамға көмек қолын созды. Енді осы жөнінде материалдың алдағы бөлімінде толығырақ тарқататын боламыз.

Қазақстан халқы Ассамблеясы волонтерлері 2020 жылы 300 мыңнан астам  адамға көмек көрсетті
Дереккөз: assembly.kz

Қазақстан халқы Ассамблеясының (ҚХА) XXII сессиясында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ассамблеяға 7 міндетті жүктеді. Олардың арасында жалпы қазақстандық мәдениетті дамыту, адами құндылықтар негізінде халық бірлігін нығайту, жастарды патриоттық рухта тәрбиелеу, үш тілді білім мен мемлекеттік тілді одан ары дамыту, транспарентті мемлекетте қоғамдық бақылауды қамтамасыз ету, этникалық қатынастарды саясиландыруға жол бермеу және ЕАЭО серіктестерімен мәдени-гуманитарлық қатынастарды нығайту жұмыстары бар. Сонымен бірге ҚХА басшысы елде волонтерлік қызметті дамыту және оған жастарды тарту мәселесін алға қойды. Нәтижесінде 2020 жылы Қазақстанда волонтерлер жылы деп жарияланды.

         ҚХА-дағы волонтерлік қызметке келер болсақ, мұнда ол төрт бағыт бойынша жүзеге асырылып келеді. Олар: әлеуметтік, білім беру, спорттық және цифрлық. Аталған бағыттар бойынша бірқатар жобалар қолға алынып, пандемия кезінде ҚХА волонтерлері 300 мыңнан астам адамға көмек қолын созды. Енді осы жөнінде материалдың алдағы бөлімінде толығырақ тарқататын боламыз.

         Пандемияның алғашқы күнінен бастап Ассамблея волонтерлері халыққа жалпы сомасы 276 миллион теңгені құрайтын түрлі көмек көрсетті. Сонымен бірге олар ел бойынша 400 мыңнан астам маска таратты. Бұдан бөлек белсенді волонтерлер былтыр Түркістан облысы Мақтаарал ауданында орын алған су тасқыны кезінде де апатты жағдайдан тыс қалмады. Олар ҚХА-ның «Бірлік» әлеуметтік бағыты бойынша облыс тұрғындарына 180 тонна гуманитарлық көмек жолдады.

         Білім беру бағыты бойынша Ассамблея волонтерлері Қазақстанның барлық аймақтары бойынша 5 мыңнан астам медиаторды оқытып, 200-ден астам медиативті келісімге келді. Сол сияқты «Тәрбие» спорттық бағыты бойынша еріктілер 2 мыңнан астам адам қатысқан челлендждер ұйымдастырып, 5 мыңнан астам адамды қамтыған онлайн жаттығу жұмыстарын жасаған.

         Ал республикалық #BizBirgemiz акциясы аясында 200 мың адамға жалпы сомасы 190 миллион теңгені құрайтын көмек көрсеткен. Сондай-ақ волонтерлер республиканың барлық облыстарында көмекке мұқтаж отбасыларға азық-түлік пакеттерін жеткізген.

         Бұл тұрғыда волонтерлер санитарлық талаптарды қатаң қадағаладық дейді. ҚХА өкілдерінің айтуынша, осындай қиын-қыстау кезеңде Қазақстан тағы бір мәрте өзінің тұтастығы мен бірлігін көрсете алған екен. «Мұндай күрделі кезеңде бір-бірімізді түсініп, мемлекет жариялаған қауіпсіздік шараларын ұстанған абзал. Біз бірлескен жұмыс пен бұрыннан қалыптасқан тату этникааралық қатынастың арқасында біз әлемге өзімізді тағы да тұтас, бірлігі бекем мемлекет екенімізді таныттық»,-дейді олар.

         Еріктілер тек Нұр-Сұлтан қаласында жалпы сомасы 8 миллион теңгені құрайтын 1500-нан астам азаматқа көмек қолын созған. Ал, Алматы қаласында Ассамблея волонтерлері барлығы 6000-нан астам адамға 6 миллион теңгенің көмегін көрсеткен. Олар Алматы облысы ауруханаларының дәрігерлеріне, тұрмысы төмен отбасылар мен Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне азық-түлік және басқа да қажетті заттарды жеткізген. Оңтүстік астанада сонымен бірге 5000-нан астам маска таратылған. Қаржылық және гуманитарлық көмек еліміздің үшінші мегаполисі – Шымкент қаласында да көрсетілді. ҚХА волонтерлері бұл қалада 190 кг палау әзірлеп, оны мұқтаж жандарға үлестірген. Сондай-ақ, 10000-нан астам маска таратқан. Шаһарда жалпы көлемі 7 миллион 200 мың теңгені құрайтын көмек 15 000-нан астам тұрғынға көрсетілген.

         Ассамблея жастары сонымен қатар республиканың басқа өңірлерінде де гуманитарлық көмек көрсетті. Нақтырақ айтсақ, Атырау облысында 23 миллион теңгеге 20 мыңға жуық жанұяға көмек көрсетілсе, Алматы облысында бұл көрсеткіш 12 миллионды құрап, 20 мыңнан астам адамға көмек қолы созылды. Дәл осылай Ақтөбе облысында 600-ден астам азаматқа 200 әлеуметтік пакет таратылса, Ақмола облысында 4,5 миллион теңгеге 2 мыңнан артық адамға жәрдем берілді. ҚХА волонтерлері Шығыс Қазақстан облысында да белсенділік танытты. Олар 38 миллион теңгеге 21 мыңға тарта тұрғынға гуманитарлық көмек берді. Сондай-ақ жастар жергілікті «Үміт» балалар үйіне де қолдау көрсетіп тұрады. Ал, Жамбыл облысындағы Ассамблея волонтерлері 5 мыңға тарта маска таратып, 9 миллион теңгеге 7 мың жергілікті тұрғынға әлеуметтік көмек көрсетті. Сол сияқты Батыс Қазақстан облысында 16 мыңға жуық маска таратылып, 15 мың адамға гуманитарлық көмек берілген. Өңірде бұл мақсатта 4 миллионға жуық қаражат жұмсалған. Қарағанды облысында волонтерлердің көмегіне 75 мыңнан астам адам жүгініп, халыққа 12 тоннадан артық азық-түлік таратылған. Сондай-ақ облыста 70 мыңға тарта маска таратылған. Дәл осындай көмекпен Қостанай облысында - 15 мың адам, Қызылорда облысында - 1500 адам, Маңғыстау облысында - 1300 азамат, Павлодар облысында  - 5 мың, СҚО-да 750 және Түркістан облысында 25 мыңға жуық адам қамтылған.