Прямая трансляция

Астана

Астана

-10.03°C

Елбасы: "Қазақстан халқы Ассамблеясының тарихы – тұрақтылықтың тарихы"

ҚХА бүгінде этносаралық келісім мен бірліктің жарқын үлгісі ғана емес, ол сондай-ақ Парламент Мәжілісіне өз депутаттарын сайлай алатын конституциялық мәртебесі бар салмақты мемлекеттік құрылым. Мұндай мәртебе ҚХА-на 2007 жылы берілген еді. Оған сәйкес Парламенттің төменгі палатасына 9 депутат Ассамблея атынан сайлана алады.

Елбасы: "Қазақстан халқы Ассамблеясының тарихы – тұрақтылықтың тарихы"
Дереккөз: liter.kz

Қазақстан халқы Ассамблеясына (ҚХА) өткен жылы 25 жыл толды. Ширек ғасыр бойы Қазақстандағы ұлттар мен ұлыстар өкілдерінің бірлігі мен ынтымағының символына айналған ұйым, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған еді. ҚХА басты мақсаты – елдегі қоғамдық-саяси тұрақтылықты қамтамасыз етіп, этникаралық салада мемлекеттік құрылымдар мен азаматтық институттардың өзара іс-қимылының тиімділігін арттыру, тәуелсіз Қазақстанда қалыптасқан бірлігі бекем қоғам үлгісін одан әрі нығайту әрі жетілдіру болды. Ассамблея аталған мақсатқа жете алды ма? 25 жыл ішінде ҚХА қандай бастамаларды көтеріп, қалай жұмыс істеді? Осы және өзге сауалдардың жауабын біздің бүгінгі материалдан біле аласыздар.

Еліміздің Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Халқы Ассамблеясының тәуелсіз мемлекет тарихында алар орны ерекше екенін атап өткен еді. «ҚХА тарихы – біздің тұрақтылықтың тарихы. Біз оны көзіміздің қара шығындай сақтауымыз керек. Оны біз ешқашан ұмытпауымыз тиіс. Керісінше осы береке-бірлігіміздің қадірін білгеніміз абзал. Бұл біздің ұрпағымызға, балаларымыз бен немерелерімізге беретін ең асыл мұрамыз. Біздің басты жетістігіміз – бірлігі мен ынтымағы жарасқан ұлттардың достастығын қазақстандықтардың бір ғана буыны қалыптастырмады және біздің осы байлықтан айырылып қалуға құқымыз жоқ»,-деді Елбасы.

ҚХА бүгінде этносаралық келісім мен бірліктің жарқын үлгісі ғана емес, ол сондай-ақ Парламент Мәжілісіне өз депутаттарын сайлай алатын конституциялық мәртебесі бар салмақты мемлекеттік құрылым. Мұндай мәртебе ҚХА-на 2007 жылы берілген еді. Оған сәйкес Парламенттің төменгі палатасына 9 депутат Ассамблея атынан сайлана алады.

ҚХА сонымен бірге «Қоғамдық бірлестіктер туралы», «Мәдениет», «Қазақстан Республикасы Тіл туралы» және басқа да бірқатар заң жобаларын әзірлеуге атсалысты. Сондай-ақ былтыр Ассамблеяның 25 жылдық қызметіне орай Қазақстан Ұлттық банкі 100 және 200 теңгелік  QAZAQSTAN HALQY ASSAMBLEIASY коллекциялық тиындар жиынтығын шығарды.

Ширек ғасыр ішінде Ассамблея Қазақстанның 14 қаласында Достық үйлерін ашып, олардың Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларындағы бөлімдері республикалық мәртебеге ие болған-ды. Ал 2010 жылы Шығыс Қазақстанда ел бойынша алғашқы этноауыл ашылған болатын. Бұдан бөлек ҚХА жыл сайын көптеген әлеуметтік маңызы бар жобаларды жүзеге асырып келе жатыр. Олардың арасында "Қазақтану", "Бiрлiк", "Bіlіm", "Мың бала" және т.б. бастамалар бар.

«Ахыска» Түрік этномәдени орталығы» республикалық ҚБ төрағасының орынбасары Шахислам Асиевтің айтуынша, ҚХА қызметі елдегі этносаралық қатынастарды реттеп қана қоймай, олардың нығаюына жол ашқан. Оған дәлел, Нұр-Сұлтан қаласында әлемдік державалардың конфессия аралық съездері өтіп, ЕҚЫҰ саммитінде Ынтымақ пен келісімнің Астана декларациясына қол қойылуы еді. Сонымен бірге EXPO-2017, Азиада, Универсиада сынды тарихи оқиғаларға да Ассамблея өкілдері белсене қатысқан. «Қазақстан ежелден-ақ көптеген этностардың Отаны болды. Бұл әсіресе Ұлы Отан соғысы жылдары елге КСРО мен өзге де көршілес елдерден ұлттар келе бастағанда өз жалғасын тапты. Мысалы Кеңес дәуірінде Қазақстанға 170 мыңнан астам түрік азаматы көшіп келген. Сол себепті қазір тәуелсіздік алғаннан кейін елімізде бірлік пен ынтымақтастық нығая түсті»,-дейді ол.

Бүгінде ҚХА-ның этносаралық бірлікті сақтаудағы ҚХА тәжірибесін әлемдік қауымдастық қызу талқылауда. Шетелдерде Ассамблеяның ролі туралы халықаралық конференциялар да ұйымдастырылып тұрады. Ассамблеяны құрудағы қазақстандық тәжірибеге шетелдік сарапшылар да жоғары баға берген еді. Мысалы БҰҰ бұрынғы бас хатшысы Коффи Аннан «Қазақстанды ұлтаралық келісім, тұрақтылық пен ынтымақтың үлгісі» деп атаған еді. Ассамблея жұмысына 2001 жылы республикаға алғаш келген Рим Папасы Павел II де оң баға беріп кеткен болатын.

Қазақстан халқы Ассамблеясының жыл сайынғы сессиялары, дәстүрлі және әлемдік діндер съездері елордадағы Бейбітшілік және келісім сарайында өтеді.

Айта кетерлігі Ассамблеяның жиырма тоғызыншы сессиясы биылғы жылы «Бірлік, бейбітшілік пен келісімге 30 жыл» тақырыбында 28 сәуірде Нұр-Сұлтан қаласындағы Назарбаев орталығында өтпек. Оған мемлекет басышы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысады деп күтіліп отыр.

Ассамблея құрылғаннан күннен бастап Қазақстанның маңызды қоғамдық-саяси құрылымдарының біріне айнала алды. ҚХА-ның нәтижелі қызметінің арасында бүгінде Қазақстанда түрлі этностар мен ұлттар бірлік пен бейбітшілікте, ынтымақта өмір сүріп жатыр. Ассамблея тек этносаралық бірлікті күшейтіп қана қоймай, Қазақстанда мәдениет, тіл, ұлттық құндылықтар мен салт-дәстүр, әдет-ғұрыптың дамуына өзіндік үлес қосып отыр. Ендеше Ассамблея алдағы жылдары да аталмыш міндетін қалтқысыз атқаратынына сеніміміз зор.