Прямая трансляция

Астана

Астана

-12.03°C

Халыққа таратқан азық-түлік себеттері құрттаған күріш, іріген сүтке толы (ВИДЕО)

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мұндай проблемалар бар екенін жоққа шығармайды...

Халыққа таратқан азық-түлік себеттері құрттаған күріш, іріген сүтке толы (ВИДЕО)

Кепілдендірілген әлеуметтік пакет алып жүрген азамат азық-түліктің сапасына көңілі толмайтынын айтты. Оның сөзінше, ай сайынғы берілетін азық-түлік себетін балаларға беру мүмкін емес. Себебі қораптарын тышқан тессе, ботқаларының мерзімі өтіп кеткен. Жалпы азық-түлік себетіне қашан өзгеріс енгізіледі? Мамандар қандай уәж айтуда? Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлады, деп жазды paryz.kz.

Қызылордалық Меруерт Айтимова - атаулы әлеуметтік көмек алып жүргендердің қатарында. Екі баласына тұрақты түрде азық-түлік себетімен қамтамасыз етіледі. Алайда, көмектің бұл түріне көңілі толмайды. Себебі әлеуметтік қораптың ішіндегі күріш, ботқалар, өзге де тауарлардың сапасы сын көтермейді. Ал соңғы келген күріштің ішінен тіпті құрт шыққан.

"Өздеріңізге көрсеткендей, күріштің тең жартысы құрт. Берілген заттар құнарсыз. Оны бала жемейді. Жазбаша түрде ұсыныс тастадық, ауызша да айтып жатырмыз. Соц пакеттің құрамын ауыстарса, біз өзіміз барамыз ғой қол қоюға. Аяқасты болып жатады", - дейді Меруерт Айтимова.

Сақтау мерзімі өтіп кеткен ботқалар, тышқан жеп кеткен қораптар, ашыған сүт. Өзге өңір тұрғындары да себеттің ішіндегі тауарлар жеуге жарамсыз екенін айтып шағымдануда. Тіпті жарамсыздарын малы бар үйлерге беріп құтыламыз дейді.

"Өңкей бала жемейтін, адам жемейтін қайдағы фасоль, гречка берген. Күріштің ең ұсағын берді. Жемейтін болған соң тауық ұстайтындарға беріп жібердік!" - деп ашынуда тұрғындар.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мұндай проблемалар бар екенін жоққа шығармайды. Дегенмен жарамсыз тауарларды көрген жағдайда жұмыспен қамту орталығына апарып, алмастырып алу керек. Ең болмаса, 1411 телефон нөміріне хабарласып, түсіндірген дұрыс дейді.

"Әрине, ондай проблемалар болуы мүмкін. Негізі жергілікті атқарушы органдар, жұмыспен қамту орталықтары айналысады. Кепілдендірілген әлеуметтік пакет алушының 1411 нөміріне хабарласуына болады. Тікелей жұмыспен қамту орталығына хабараласа алады. Олар проблеманы шешуге міндетті", - дейді әлеуметтік көмек саясатын дамыту департаментінің бас сарапшысы Нұрсәуле Елеуова.

Ал қоғам белсендісі Баян Исмаилова азық-түлік себетіне қатысты қордаланып қалған мәселе жеткілікті дейді. Сондықтан министрлік көмек алушыларға қораппен бергеннен гөрі, өздеріне таңдау мүмкіндігін берсе деген пікірде. Солардың бірі - әлеуметтік карта.

Одан бөлек, үш айдан бері азық-түлік себетіне қол жеткізе алмай жатқандар жетерлік. Алайда министрлік әлеуметтік қораптың барлық отбасына наурыз айының соңына дейін жеткізілетінін мәлімдеді.

Белгілісі, жылдың соңында кепілдендірілген әлеуметтік пакетке бірақатар өзгерістер енгізілуі мүмкін. Атап айтқанда, көмек алушылар енді арнайы әлеуметтік портал арқылы азық-түлік түрін өзі таңдап, көңілінен шыққан тауарға қол жеткізе алуы тиіс.