Прямая трансляция

Астана

Астана

-7.03°C

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінен Қазақстан не ұтты?

2020 жылы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына  (ӘМСҚ) жалпы көлемі 550 миллиард теңгені құрайтын аударым түскен.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінен Қазақстан не ұтты?
Дереккөз: mk.ru

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі қоғамда қызу талқыға түссе де, аталған жүйе енгізілгелі бері денсаулық сақтау саласының ақсап тұрған біршама мәселелері біртіндеп шешім тапқаны рас. Ендеше жаңа жүйе қазақстандықтарға не берді? МӘМС енгізгеннен кейін Қазақстанның денсаулық сақтау саласы неден ұтылып, нені ұтты? Бүгінгі материалда МӘМС жүйесінің ерекшеліктері мен артықшылықтарына аз-кем шолу жасауды жөн көрдік. 

МӘМС Қазақстанның денсаулық сақтау саласының түйткілді мәселелерін қаншалықты шеше алды?

         Қазақстанда бірнеше жыл бұрын аталмыш жүйе енді енгізіледі деген уақытта, жаңа бастамаға күмәнмен қарағандар көп болғаны жасырын емес. Десе де бүгінде оның жемісін көріп отырған азаматтар да бар екенін мойындау қажет. Бұл жолы МӘСЖ «шикі» жоба деп айту әсте жарамас. Себебі Қазақстан бұл жүйені енгізбестен бұрын, Германия, АҚШ, Бельгия, Корея, Жапония және т.б. медицина саласы дамыған, осы жүйені енгізген 50-ден астам көптеген елдердің тәжірибесін әбден зерттеген еді. Осыған сәйкес республика денсаулық сақтауды қаржыландырудың аралас моделін енгізуді жөн деп білді. Ол өз кезегінде медициналық қызмет сапасының жоғарылуы, олардың қолжетімді болуы,  азаматтарға емделетін емхананы таңдау мүмкіндігі, емханалардағы кезек күту және т.б. көптеген мәселелердің шешілуіне жол ашты. Сөзіміздің дәлелі ретінде келесі деректерді назарларыңызға ұсынсақ:

         2020 жылы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына  (ӘМСҚ) жалпы көлемі 550 миллиард теңгені құрайтын аударым түскен. Оның ішінде – 297,6 миллиард теңге (54%) мемлекет тарапынан жеңілдігі бар топтарға аударған қаражат көлемі екені анықталды. Бұдан мемлекет халық алдындағы міндетін күні бүгінге дейін толығымен атқарып келетіндігін аңғаруға болады.

Сонымен бірге, ӘМСҚ ҰАҚ басқарма басшысы Болат Төкежановтың сөзінше, МӘМС жүйесін енгізген алғашқы жылы, пандемияның «салқынына» қарамастан, ол азаматтар алдында өз борышын толығымен өтей алған. Мысалы оның көмегімен денсаулық сақтау саласына былтырғы жылы 500 миллиард теңгеден астам қаржы құйылған. Осылайша аталған қаражат есебінен медициналық қызметтердің кей түрлерін, атап айтқанда, сирек мамандар кеңестері, диагностикалау, тексеру және күндізгі стационар қызметтерінің көлемі ұлғайған. Сонымен бірге, МӘМС жүйесі арқылы былтырғы жылы ковидтан кейінгі синдромы бар науқастарды медициналық оңалтуға жол ашылғандығы белгілі болды.

2020 жылы медициналық сақтандыру жүйесін кімдер пайдалана алды?

         Ресми мәліметтерге сәйкес, былтырғы жылы жүйеге ел тұрғындарының 85%-ы, яғни 15,9 миллион адам қатысқан. Қуаныштысы карантиндік шаралар мен халықтың төлем төлеу қабылетінің төмен болуына қарамастан, жүйе қатысушыларының санын бір жыл ішінде 1 миллион адамға арттыру (14,9 миллионнан 15,9 миллионға дейін) мүмкіндігіне қол жеткізілген.

       Өкінішке орай, қазіргі таңда 3 миллионнан астам қазақстандық азаматытң әлі де МӘМС жүйесіне енбегені белгілі болды. Десе де, ӘМСҚ ҰАҚ басқарма басшысы Болат Төкежановтың айтуынша, бұл азаматтардың барлығы тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында медициналық қызметтің кез келген түрін ала алады екен. Бұл мақсатта қор құзыретті министрліктер және әкімдіктермен біріге отырып, тұрғындарды МӘМС-не енгізу жұмысын жалғастыра бермек. 

МӘМС жүйесі арқылы азаматтарға қанша медициналық қызмет көрсетілді?

         Былтырғы жылы халыққа амбулаторлық деңгейде 215 миллион көлеміндегі қызмет көрсетілді. Олардың ішінде: дәрігерлердің қабылдау қызметі -110 миллион, зертханалық диагностикалау қызметі – 65 миллион,  28 миллионнан астам процедуралар мен 11 миллион диагностикалау (454 мың КТ/МРТ), 2,8 миллион УЗИ және 13,5 ПЭТ диагностикалау қызметі көрсетілгендігі мәлім болды. ӘМСҚ ҰАҚ ұсынған деректерге сәйкес, бұдан былтырғы жылы емханалар арқылы көрсетілген консультация-диагностикалық қызметтердің басым көпшілігі медициналық сақтандыру есебінен төленгенін көруге болады.  Тағы бір қуантарлық жағдай МӘМС жүйесі оңалту жұмысына да оң әсерін тигізіп отыр. Мәселен, 2020 жылы 2019 жылмен салыстырғанда оңалту қызметіне бөлінген қаржы 9 есеге артқан. Бұған дәлел медициналық мекемелердің өткен жылы 31 миллиард теңгенің, оның ішінде стационарларда 132 мың оңалту жұмысын жүргізгендігі болып отыр.

           Сонымен бірге өткен жылы қордың медициналық қызметтерді сатып алу жоспары 1,8 триллион теңгені құрап, 2019 жылмен салыстырғанда бір жарым есеге артқан. Осылайша тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көмегі жүйесіне – 1,2 триллион ақша, ал міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне – 569 миллиард теңге жұмсалған. «Қаражат көлемін ұлғайту – халыққа көрсетілетін медицинкалық көмек түрінің артуына жол ашты. Бізде күні бүгінге дейін амбулаторлық-емхана деңгейіне қаржы көп бөлу саласы басты назарда болып тұр»,-деп мәлімдеді қордың басқарма басшысы.

Медициналық сақтандыру қоры коронавируспен қалай күресті?

         Өткен жылы Covid-19-бен күрес жұмыстарына 187,7 миллиард теңге бөлінген. Оның ішінде медицина қызметкерлеріне төленетін төлемақы, КВИ алдын алу және оны жұқтырғандарды емдеу, ПЦР диагностикалау және мобильді бригадалардың науқастарға жетуі сынды маңызды шараларды қаржыландыру мәселелері енген.

          Сонымен бірге пандемия уақытында алғашқы медициналық-санитарлық көмек саласына баса назар аударылған. Атап айтқанда, мобильді топтар құру, үй ішіндегі жағдайда күндізгі стационарды ұйымдастыру, қашықтан медициналық көмек көрсету ісі жолға қойылған. Бұған қоса ПЦР диагностикалау бойынша зертханалық қызмет ісі де күшейтілген. Қор өкілдерінің айтуынша, аталған зертхана қызметіне МӘМС жүйесіне енбеген азаматтар да жүгіне алады.

         ӘМСҚ ҰАҚ биылғы жылы да қазақстандықтар сапалы медициналық қызметке қол жеткізу үшін, бірқатар жоспарларды жүзеге асыруды көздеп отыр. Олардың арасында медициналық қызметті сатып алу көлемін ұлғайту, ауылды жерлерде медициналық қызмет түрлеріне қолжетімділікті арттыру, ЭКО көлемін арттыру және т.б. маңызды бағыттар бар.