Статистикаға сенсек, Қазақстанда құтқарушылар қызметі іске қосылғаннан бері 1 миллион 400 мыңға жуық төтенше жағдай тіркелген екен.
Алапат өрт, табиғи апаттар мен оқыс оқиғалар. Айтып келмейтін апаттан аман алып қалатын, өз өміріне қауіп төнсе де, өзгенің тағдыры үшін тәуекелге бел буып, барын салатын – құтқарушыларды бүгіннің батырлары дерсіз. Қазақстанда 1995 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан құтқарушылар қызметінде бүгінде қанша адам еңбек етіп жүр? Еліміздің құтқару қызметі қандай техникамен жабдықталған? Бүгін құтқарушыларға қатысты осы және өзге де сауалдарға жауап іздейтін боламыз.
1 млн 312 мың төтенше жағдай: Құтқарушылар бүгінге дейін қанша адамды құтқарды?
Статистикаға сенсек, Қазақстанда құтқарушылар қызметі іске қосылғаннан бері 1 миллион 400 мыңға жуық төтенше жағдай тіркелген екен. Құтқарушылар олардан 374 мыңнан астам адамды құтқарған. Бұған қоса 334 мыңнан астам азамат төтенше жағдайлардың түрлі аймақтарынан эвакуацияланған. Бұған қоса құтқарушылар осы жылдары 55 мыңнан астам адамға арнайы медициналық көмек көрсеткен. Қарап отырсақ, құтқарушылардың көмегімен барлығы 730 мыңнан астам азаматқа көмек көрсетіліп, олар осынша азаматтың өмірінің ұзаруына себепкер болған екен. Бір қызығы, мұндай көрсеткіш - Қазақстанның тұтастай бір облысында немесе республикалық маңызы бар қалаларында тұратын азаматтардың ¾ бөлігін құрайтын көрсеткішпен пара пар көрінеді.
Ғылыми еңбектердегі деректерге сәйкес, төтенше жағдайлар жерасты және жерүсті болып жіктеледі екен. Қазақстанда азаматтық қорғау органдарында бүгінде 19 мыңнан астам азамат еңбек етіп жүр. Сондай-ақ бұл салада 98 түрлі техниканың бары белгілі болады. Өкініштісі соңғы жылдары өндірісте орын алатын апатты жағдайлардың саны артқан. Осылайша, 2017 жылы өндірісте осындай 16 оқиға тіркелсе, 2018 жылы бұл көрсеткіш 18-ді құраған. Ал 2019 жылы республика бойынша 28 апаттық жағдай тіркелген. Сол сияқты ашық дереккөздердегі ақапаратқа сәйкес, 2020 жылдың алғашқы үш айында 6 өндірістік апат орын алғаны белгілі болды. Жалпы жыл сайын республикада орташа есеппен 17 мыңға жуық оқыс оқиғалар орын алатын көрінеді.
"Жас келсе іске": Қазақстан құтқарушылары қатарында кімдер жүр?
Құтқарушы Смағұл Дархан еліміздің азаматтық қорғау органдарымен түйдей құрдас. 25 жастан асқан қайсар азамат бұл қызметке жан мен жүректің қалауымен келген жөн дейді. «Көп адамдар мамандықты таңдаған кезде оның танымалдылығы мен жалақысына мән беріп жатады. Алайда жан қалауы деген болады. Мысалы өзгенің өмірін құтқару үшін, өз өміріңді тәуекелге тігетін мамандық түрлері болады. Міне құтқарушы мамандығы дәл осындай мамандық түрі деп айтар едім. Бұл кәсіпте ең бастысы адамдарға деген мейірбандық пен оларға қалай да көмек қолын созамын деген күш алда тұрады. Бұған қоса табандылық, төзімділік пен жинақылық деген қасиеттер де керек. Әр құтқару тобы 5 адамнан жасақталатынын ескерсек, апатты жағдайларда олардың әрқайсысының өзінің атқаратын қызметі болады. Жасақтағы әр азамат біз үшін бауырдан жақын болып кетеді. Себебі біз бір-бірімізге өз өмірлерімізді сеніп тапсырамыз»,-дейді жас маман.
Айта кетерлігі Дархан Смағұл осыдан екі жыл бұрын әлеуметтік желіде 30 секундта құтқарушылардың 12 түрлі киімін киіп, арнайы челлендж ұйымдастырған еді. Ол осы әрекетімен құтқарушылардың қандай жағдайларда түрлі форма киетінін көрсеткім келді дейді. «Бұған дейін мен дәл осындай челленджді өзімнің шетелдік әріптестерімнен көрген едім. Сосын кезекшілігім тыныш болған жағдайды пайдаланып, желідегі оқырмандарыма құтқарушылардың түрлі киім үлгілерімен таныстырғым келді», - дейді ол.
"Арыс", "Мақтарал", "Covid-19": Алпауыт апаттарда қанша құтқарушы қызмет етті?
2019 жылдың 24 маусымында тәуелсіз Қазақстан тарихында Түркістан облысының Арыс қаласындағы әскери бөлімшелердің бірінде ірі апат орын алып, өңірде төтенше жағдай енгізілген-ді. Нәтижесінде құтқарушылар мен әскерилердің көмегімен шаһардан 45 мыңнан астам эвакуцияланған болатын. Ал 400-ден астам адам арнайы медициналық көмекке жүгінген еді. Сондай-ақ қаладағы 8 мыңнан астам тұрғын-үйдің 7634-і қираған-ды. Қаланы толығымен қалпына келтіру жұмысы сол жылдың тек қыркүйек айында аяқталды. Қалпына келтіру жұмыстарына жалпы 10 мыңнан астам адам, 250-ге жуық компания мен 300-ден астам арнайы техника жұмылдырылды. Олардың арасында 360-қа жуық ТЖ, 580 әскери және 345 полиция қызметкері болды. Мемлекет басшысы Қ. Тоқаев қаланы қалпына келтіруге атсалысқан 40-тан астам азаматқа мемлекеттік наградаларды табыстады.
Төтенше жағдайлар қызметінің мамандары былтырғы жылы Түркістан облысы Мақтарал ауданын су басқан уақытта да өздерінің жанкешті еңбегін танытқан еді. Құтқарушылардың көмегімен қауіпті аймақтан 31 мыңнан астам адам эвакуацияланып, 22 эвакуациялық орталық құрылды.
Сол сияқты Covid-19 кезеңінде де төтенше жағдайлар қызметі мамандары өз жұмыстарын тоқтатқан емес. Олар көктемде су мен сел басу қаупінің алдын алса, жаз айларында өзен-сулардың маңын торуылдап, оқы с оқиғаларды болдырмаудың жолын іздеді.
Қуантарлығы «бүгіннің батырларының» еңбектері елеусіз қалмауда. Ел үкіметі сала мамандарының жағдайын жақсарту мақсатында 2030 жылға дейінгі азаматтық қорғаныс органдарын дамытудың тұжырымдамасын әзірлеуде. Ендеше маңызды құжат аталған салағы тың серпіліс әкеледі деген сенімдеміз.