Прямая трансляция

Астана

Астана

-11.03°C

Қазақстандағы өрт сөндіру қызметінің бүгінгі жай-күйі қалай?

Жалпы 2020 жылы республика бойынша 13933 өрт жағдайы тіркелген. 

Қазақстандағы өрт сөндіру қызметінің бүгінгі жай-күйі қалай?
Дереккөз: azattyq-ruhy.kz

Қазақстанда төтенше жағдайлар қызметінің 25 жылында 1,3 миллион оқыс оқиға тіркеліп, олардан 375 мыңнан астам азамат құтқарылған. Төтенше жағдай орын алып, тілсіз жау адам өміріне қауіп төндірген сәтте, жанын шүберекке түйіп, адам өміріне араша түсетін өрт сөндірушілер бүгінде қандай жалақы алып отыр? Мемлекет өрт сөндірушілерге қандай қолдау көрсетуде? Осы және өзге сұрақтардың жауабын бүгінгі материалдан біле аласыздар.

Қазақстандағы өрт сөндіру қызметі: кешегісі және бүгіні

Еліміздегі өрт сөндіру қызметінің жетістіктерінен көпшілігіміз хабардар болсақ та, оның өткен тарихын білуіміз екіталай. Мәселен, «Қазақстандағы өрт сөндіру қызметі ең алғаш қай қалада пайда болды?» деген сауалға жауап таба алмай, тосылып қалуымыз әбден мүмкін. Ендеше, біле жүріңіз, Қазақстандағы ең алғашқы өрт сөндіру күзеті XVIII-XIX ғасырларда Семей қаласында құрылды. Нақтырақ айтсақ, республикада алғашқы ерікті өрт сөндіру командасы 1790 жылы жасақталған.

Қуантарлығы бүгінде шаһарда еліміздегі өрт сөндіру ісінің негізін қалаған қала ретінде, аталған салаға ерекше ден қойылған. Мәселен Алашорданың бас қаласында күні бүгінге дейін өрт сөндіру күзетінің мұражайы жұмыс істеп тұр. Оның негізін қалаушы Наталья Рыкова тарихи мұражайда жастармен түрлі кездесулер ұйымдастырып, өз отбасының – өрт сөндірушілер династиясының басынан өткен қызықты оқиғаларымен бөлісіп келеді. Айта кетерлігі, Н.В.Рыкова – Семейдегі өрт сөндіру қызметінде көп жылдар бойы еңбек еткен Рыковтар жанұясының ұрпағы. Бүгінде оның бастамасымен ТМД аумағында мектеп оқушыларына арналған өрт сөндіру қызметі жайлы алғаш кітап жарық көріп отыр. Ал, 1918 жылдың 17 сәуірінде Кеңес Одағында «Өртпен күрес жөніндегі мемлекеттік шараларды ұйымдастыру» жайлы арнайы құжат әзірленген. Осылайша бұл күн көптеген пост-кеңестік елдер үшін өрт сөндірушілердің кәсіби мерекесі күні болып аталып өтілуде.

Тәуелсіз Қазақстан тарихында алғаш рет «Өрт сөндіру қауіпсіздігі туралы» Заң 1996 жылдың 22 қарашасында бекітілді. Содан бері ҚР Төтенше жағдайлар жөніндегі комиссия, комитет, агенттік және министрлік қарамағында болған өрт сөндіру қызметінде талай оң өзгерістер орын алып, аталған салада бірқатар іс-шаралар атқарылып жатыр. Материалдың алдағы бөлімінде солардың біршамасымен таныстыруды жөн көрдік.

Тілсіз жаудан қанша адам құтқарылды?: Статистика сөйлейді

Қазақстанда өрт сөндіру қызметінің бір жолға қойылған, жүйелі қызметінің арқасында соңғы жылдары өртке қатысты оқыс оқиғалар көлемі біртіндеп азайып келеді. Бұған дәлел былтырғы жылы өрт жағдайларының 2019 жылмен салыстырғанда 4%-ға төмендеуі болып отыр. Cонымен бірге, 2020 жылы өрттен жарақат алушылардың да саны біршама азайған. Осылайша 2019 жылы тілсіз жау салдарынан 389 адам жарақаттанса, 2020 жылы бұл көрсеткіш 363-ті құраған. ТЖ берген мәліметтерге сәйкес, бұл  былтырғы жылмен салыстырғанда 7%-ға төмен көрсеткіш. Сол сияқты былтырғы жылы 8419 азаматтың құтқарылғандығы, оның ішінде өрттен – 1375, апаттық-құтқару жұмыстарында – 7044 адамның құтқарылғандығы белгілі болды. Жалпы 2020 жылы республика бойынша 13933 өрт жағдайы тіркелген. Ал, биылғы жылдың екі айында бұл көрсеткіш 1931-ті құраған. Олардан 1354 адам құтқарылған.

ТЖ министрлігі Өртке қарсы қызмет комитеті, сондай-ақ, жыл сайын өрт қауіпсіздігіне қатысты түсіндіру жұмыстарын да жүргізіп келеді. Осылайша ведомство басшылығының мәлімдеуінше, былтырғы жылы өрт сөндіру қызметінің мамандары отынмен жылытылатын 2 миллионға жуық үйді аралап, 4 миллионнан астам адамға түсіндіру жұмыстарын жүргізген. Бұдан бөлек 2020 жылы тұрғындармен 9,5 мыңнан астам кездесу ұйымдастырылып, оларға 200 мыңға жуық азамат қатысқан. Сол сияқты арнайы тексерістер барысында 632 мыңнан астам өрт қауіпсіздігін бұзған фактілер анықталып, олардың арасында 236 мың жағдайда заң бұзу фактілері толығымен жойылған.

Қуатты өрт сөндіру қызметі – қауіпсіз ел болашағының кепілі

         Бүгінде өрт сөндіру қызметі саласының мамандарына ел билігі көптеп көңіл бөліп отыр. Оған дәлел соңғы екі жылда өрт сөндірушілердің жалақысының 65 мыңнан 110 мың теңгеге, яғни 2 есе өсуі болып отыр.Сонымен бірге алдағы уақытта өрт сөндірушілер «Әскери баспана» тұрғын-үй бағдарламасы арқылы, баспанаға қол жеткізу мүмкіндігіне ие болып отыр. Айта кетерлігі, бұған дейін бұл бағдарлама тек қорғаныс министрлігі қызметкерлеріне қолжетімді болған еді. Жалпы республиканың төтенше жағдайлар қызметінде – өрт сөндіру қызметінің орны ерекше болып қала бермек және ел билігі бұл салаға болашақта да назардан тыс қалдырмайтыны анық. Оның айқын көрінісі –ел үкіметінің соңғы жылдары қауіпті мамандық иелерінің әлеуметтік жағдайын жақсарту ісін мықтап қолға алуы болып отыр.