Прямая трансляция

Астана

Астана

-14.03°C

Катонқарағай ауданының тұрғыны 3 келі 906 грамм бауырсақ пісірді

"Бұрын-соңды мұндай көлемдегі бауырсақты пісіріп көрген жоқ едім. Ұлттық тағамымызды әзірлеуге онша көп уақыт кете қоймады. Бір кештің ішінде даярлап, пісірдім", - дейді жеңімпаз.

Катонқарағай ауданының тұрғыны 3 келі 906 грамм бауырсақ пісірді
фото: дереккөз

Наурыз мерекесіне орай ШҚО Катонқарағай аудандық Жастар ресурстық орталығы "Ең үлкен бауырсақ" аудандық онлайн-байқауын ұйымдастырды. Байқауға барлық ауылдық округ тұрғындары қатысып, бақ сынады, деп хабарлады paryz.kz, baq.kz-ке сілтеме жасап.

"Байқауды өткіуздегі мақсатымыз – аудан жастарын қызықтыратын әртүрлі форматтағы бағдарламаларды өткізу, ұлттық мерекелерімізді, салт-дәстүрлерімізді ұлықтау, жастарымызды елжандылыққа тәрбиелеу және ұлтаралық келісімді нығайту. Елдегі пандемия жағдайына байланысты аталған шараны онлайн түрде өткізуге тура келді. Десек те байқауға қатысуға ниет білдіргендер көп болды. Бұл - қуантарлық жайт. Келесі жылы да осындай мазмұндағы байқауларды ұйымдастырамыз деген ойдамыз", - дейді аудандық Жастар ресурстық Орталығының директоры Қуаныш Оралұлы.

Байқау шарттары бойынша қатысушылар ұлттық киімде үй жағдайында мейлінше үлкен бауырсақ пісіріп, оның салмағын, көлемінің өлшемдерін видеоға түсіріп, ұйымдастырушыларға электронды пошта арқылы жолдаған.

Байқау қорытындысы бойынша жүлделі үшінші орынды салмағы 900 грамм, диаметрі 20 сантиметрлік бауырсақты пісірген Жаңа үлгі ауылының тұрғыны Альфира Құсайынова иеленді. Екінші орынды Аққайнар ауылынан Бақтыгүл Ешекенева еншіледі. Оның дайындаған бауырсағының салмағы - 1 келі 109 грамм, ал көлемі - 28 см. Ал байқау жеңімпазы болып ең үлкен бауырсақты пісірген Бақтыгүлдің ауылдасы Маржан Төлеуова танылды. Оның бауырсағының салмағы - 3 келі 906 грамм болса, диаметрі 30 сантиметрді көрсетті.

"Байқау болатындығы туралы аудандық Жастар Орталығының Instagram парақшасынан оқып білдім. Бұрын-соңды мұндай көлемдегі бауырсақты пісіріп көрген жоқ едім. Ұлттық тағамымызды әзірлеуге онша көп уақыт кете қоймады. Бір кештің ішінде даярлап, пісірдім. Байқаудың жеңімпазы болғаныма қуаныштымын. Бұндай байқаулар ұлттық тағамдарымызды насихаттауға үлкен септігін тигізеді", - дейді жеңімпаз Маржан Төлеуова.