Ыстанбұлда жүрген Абай есімді отандасымыз жер сілкінісі орын алғанда қорқынышты болғанын айтады.
— Сауда үйінде жүр едік, 6,2 балл жер сілкінісі болып, ғимарат дірілдеп кетті. Жүрген жұрттың бәрі жапатармағай далаға ұмтылды. Енді далада жүрміз, — дейді Абай.
Түркияның төтенше жағдайлар және табиғи апаттар басқармасының сайтында жарияланған ақпаратқа қарағанда, Силиври жағалауында қуаты 6,2 балл жер сілкінісі тіркелген. Силиври — Түркияның еуропалық бөлігіндегі Мәрмәр теңізінің жағалауында орналасқан қала және Ыстанбұл өлкесінің ауданы. Жер сілкінісінің 6,92 шақырым тереңдікте орын алғаны нақтыланып отыр.
Әлеуметтік желіде елдің Ішкі істер министрі Али Ерликаяның мәлімдемесі тарады. Онда: «Қуаты 6,2 балл болатын жер сілкінісі Силивриде, Мәрмәр теңізінде, Ыстанбұлда орын алды.
Көрші өлкелерде де сезілген жер сілкінісіне орай AFAD және біздің тиісті мекемелеріміздің барлық командасы далалық сканерлеуді бастады. Жер сілкінісінен зардап шеккен азаматтарымыздың тезірек сауығып кетуін тілеймін. Алла елімізді және халқымызды апаттан сақтасын», — делінген.