Прямая трансляция

Астана

Астана

-12.03°C

"Бұл – масқара!": Алматыда қымбатшылық қысқан әйелдер әкімдікке кіріп барды

Наразы аналардың алдына қала әкімінің орынбасары Мақсат Қиқымов шықты. Ол "карантинге байланысты ішке кіруге болмайтынын" ескертіп, оларды басқа ғимаратқа баруға көндіруге тырысты...

"Бұл – масқара!": Алматыда қымбатшылық қысқан әйелдер әкімдікке кіріп барды
фото: Manshuk Assautay (RFE/RL)

19 наурызда 15 шақты әйел Алматы қаласы әкімдігіне барып, коммуналдық төлемдердің қымбаттап кеткеніне шағымданды. Қала әкімімен кездесуді талап еткен наразы топ жәрдемақының мардымсыздығы, баспана мәселесі, қымбатшылық туралы да айтты, деп хабарлады paryz.kz, centralasian.org-ке сілтеме жасап.

"Бір бөлмеде 5 баламызбен тұрамыз. Бұрын коммуналдық қызмет үшін айына 15-18 мың теңге төлейтінмін. Енді қазір маған 53 мың теңге келіп отыр. Қалдық, құбыр, солардың бәрін адам басына шағып есептеген. Бұл – масқара! Жолдасым 100 мың теңге айлық алады. Пәтер жалдауға кетеді. Балалардың киім, тамағы бар. Біз қалай күн көруіміз керек?" - деді наразы аналардың бірі Альбина Әділова.

Оның сөзін жанындағылар да қостады. "Қара су мен қара нан жеп отырмыз" дейді әйелдердің бірі. Кейбір әйелдердің жанында балалары да болды.

Наразы аналардың алдына қала әкімінің орынбасары Мақсат Қиқымов шықты. Ол "карантинге байланысты ішке кіруге болмайтынын" ескертіп, оларды басқа ғимаратқа баруға көндіруге тырысты. Сол мезетте әкімдік маңында микроавтобус та тұрды. Ал аналар әкімдік өкілдерінің ұсынысына келіспей, ішке енуге тырысты. Әкімдік қызметкерлері бөгет жасады. Бір сәт екі жақ тартысып та қалды. Ақыры әйелдер ішке кірді. Бірақ ол жаққа ақпарат құралдарын жібермеді.

Әйелдердің сөзіне қарағанда, олар екі апта бұрын да әкімдік өкілдерімен кездескен. Бірақ нәтиже шықпаған. Сол себепті, қала әкімінің шығуын талап етіп тұр.

Бұған дейін ресми БАҚ Қазақстанда электр энергиясы мен жылу бағасының қымбаттайтынын хабарлаған. Ал бірқатар өңірде тұрғындар коммуналдық төлемнің қымбаттауына шағымданған.

Қазақстанда әлеуметтік көмекті арттыруды талап еткен әйелдер наразылығы жиі өтеді. Олар көбіне 21 мың теңгелік жәрдемақыны қайтаруды, баспана мәселесін шешіп беруді, мүгедектігі бар балаларға жеңілдіктерді қайтаруды талап етеді.

2019 жылғы наразылықтардан кейін мемлекет әр балаға 21 мың теңгеден төлей бастаған. Бірақ көп ұзамай жәрдемақы мен атаулы әлеуметтік көмек төлеу шарты өзгерген. Қазір мемлекет 4 балаға - 42 496 теңге, 5 балаға - 53127 теңге, 6 балаға - 63 757 теңге, 7 және одан көп балаға 74 388 теңге жәрдем береді.