Полиция терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау дерегі бойынша қылмыстық іс қозғады.
Құқық қорғау органдарына Екібастұздағы «Maxi Moll» сауда – ойын-сауық орталығына жарылғыш зат қойылғаны туралы хабарлама түскен. Мамандар сауда орталығындағы барлық адамды сыртқа шығарып, ғимаратты тінтіп шықты. Нәтижесінде жарылғыш зат қойылғаны туралы дерек расталмады.
- Мамандар сауда үйіне тексеру жүргізді. Жарылғыш құрылғылар табылған жоқ. Полиция аталған дерекке қатысы бар адамды анықтау және ұстау бойынша жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізуде. Оқиғаның мән-жайы мен себептері тергеу барысында анықталатын болады, - деп хабарлады Павлодар облысы полиция департаментінің баспасөз қызметінен.
Полиция дайындалып жатқан терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабар бергені үшін ҚР Қылмыстық кодексінің 273-бабына сәйкес 5000 АЕК-ке дейінгі мөлшерде айыппұл салу немесе 5 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделгенін еске салады.