Екі келінді бір шаңырақ астында тату-тәтті ұстауға болады. Ол үшін ең алдымен енелер сауатты, білімді әрі жаңа заманға икемді болуы керек. Бұл туралы психолог, ене әрі әже атанып отырған Қанымжан Көлбаева айтты, деп жазады Paryz.kz «Айқын» газетіне сілтеме жасап.
Қанымжан Көлбаева қазақ енелерінің қателігін айтып, келінмен тату болудың қарапайым жолдарын үйретіп жүр. Ол қыз ұзатып, үйіне екі келін түсіріп үлгерген дана қарияға айналып келеді. Бүгінде екі келінімен бір шаңырақ астында тату-тәтті ғұмыр кешуде. Маманның айтуынша, мұндай татулықтың астарында ененің үлкен даналығы жатыр.
«Қазақ енелерінің репутациясы үшін шырылдап жүрген жанмын. Жасырып қайтемін, қазіргі қазақ енелерінде менмендік басым. Үйіне келін түссе, өзін генерал сезінеді. Ішкі эголары жер жарып барады. Өзін асқақ ұстап, келінді басқаруға, жұмсауға жақын тұрады. Өздері ізденгісі келмейді, оқығысы келмейді. Соның салдарынан онсыз да шуы басылмайтын ене мен келін тақырыбы өрши түседі. Одан әрі, отбасының берекесі кетеді. Негізі, қазақ енелеріне оқу керек, көздері ашық болғаны дұрыс. Көпшілік ене өзін көпті көргенге санап, тек әмірін жүргізгісі келеді. Бірақ қазір бұл әдістің тым жабайыланып кеткенін ұмытпайық. Себебі, қазіргі жастар оқыған, өте сауатты. Сондықтан, келінмен тату болу үшін оның деңгейіне жетіп, бір толқында, бір қатарда болуға тырысу керек. Сол кезде отбасында да түсіністік, үйлесім салтанат құрады. Тағы бір тоқталатын нәрсе бар. Көптеген қазақ енелері баласын келіннен қызғанады. Бұл, тіпті, артық. Сен балаңның қасында мәңгілік жүрмейсің. Оның мәңгілік жары да, мәңгілік досы да – әйелі. Олардың ортасына түспеу- ең дана шешім», - дейді Қанымжан ханым.
Қанымжан Көлбаева ене мен келін арасындағы сыйластықты арттырудың шынайын жолдарын жиыстырып, кітап та жазып шыққан.
«Қазіргі таңда бір отбасындағы ұрыс-керісті бүкіл Қазақстан естіп отыратын жағдайға жеттік. Бұл жайт менің жанымды ауыртады. Қазақ – өте дана халық. Қазақтан сөз артылмаған. Бір жанұядағы кикілжіңді, ене мен келін арасындағы тартысты елге жайып, әлеуметтік желіге жариялап, аттан салудан ешкім де ұтпайды. Бәрін ошақ басында отырып шешкен жөн. Желіні айтасыз, келін мен ене бір-бірін құрбысына, абысынға, ағайын-туысқа жамандай береді. Бұдан да ешкім пайда таппайды. Өйткені, сөз – энергия. Энергия бәрібір иесін табады. Ене мен келін арасындағы мәселелерді сөзбен, дастархан басынд әңгімелесу арқылы шешу керек. Қайталап айтамын, келініңізбен араңыз жараспай жүр ме, тоқтамай сөйлесіңіз. Сөйлесе беріңіз, сөйлесе беріңіз. Бұдан нәтиже шығады! Өз басымнан өткен. Біздің үйде шай немесе кофе терапиясы деген бар. Қандай да бір әңгіменің басы шықса, бір шәугім шай, бір кесе кофе ішіп отырып, жазып аламын бәрін. Сыртқа жамандай бергеннен түк шықпайды. Бір-бірлеріңізді тыңдап үйреніңіздер», - дейді Қанымжан Көлбаева.