Жазушы, әдебиет сыншысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Құлбек Ергөбек Adal Adal youtube арнасына берген сұхбатында Өзбекәлі Жәнібековтің ізбасарлары туралы ой өрбітті, деп хабарлайды Paryz.kz.
«Сапарбаев жұмысшы әрі көп балалы отбасынан шыққан. Көп баласы бар адам әл-ауқаты соншалықты жеткілікті болмайды және барлығын бірдей тәрбиелей алмайды. Сол себепті үйдің үлкені әке-шешесіне болысып, кейінгі балалардың тәрбиесіне жәрдемдесе бастайды. Қазақтың тәрбие мектебінің осынысы ұнайды. Сонда ең кенже балаларды ең үлкен бала тәрбиелейді ата-анасына қосылып. Сол секілді Бердібек Сапарбаев та көп балалы отбасының тұңғышы болғасын әке-шешесіне салмақ салмай, жастайынан жәрдемші болуға үйренген. Бекең кәдімгі жұмысшы болған. Алматыда жеміс-жидек зауытында жүк көлігіне жәшік-жәшік жеміс-жидек артып өскен бала. Көп балалы отбасынан шыққанның белгісі ғой, халыққа жаны ашып, болсын деп тұратын еді», - деді жазушы-ғалым.
Құлбек Ергөбектің айтуынша, Бердібек Сапарбаев Түркістан облысында әкім болып тұрғанда Мәдениетті қолдау жылы аясында ақын-жазушыдан бастап 224 руханият қызметкеріне пәтер берген.
«Бірде-бір облыс әкімі 2000 жылы 224 адамға пәтер берген жоқ. Бұл сирек кездесетін нәрсе. Сосын Сапарбаевтың тұсында Қазақстанда тұңғыш саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған музей Шымкентте бой көтерді. Біріншіден, Сапарбаев қара жолдан, жоқ жерден қаражат табатын қаржыгер әкім еді. Екіншіден, руханиятқа сондай жақын еді. Өзі өлең жазатын. Оны жасырып жазады. Кейде маған оқып береді. Енді өлеңі пәлендей өлең емес. Ал бірақ өлеңге деген құштарлығы ғажам еді», - деді Құлбек Ергөбек.