Елорда тұрғыны белгісіз адамдар ұлын заңсыз ұстап, одан 200 000 теңге бопсалап жатқанын полицияға хабарлаған, деп хабарлайды Paryz.kz.
Полиция қызметкерлері әйелдің берген мәліметі бойынша қаскүнемдердің жүретін көлігін анықтады. 1 наурызда көрсетілген көлік Көкшетау қаласындағы жедел басқару орталығының камераларымен тіркелді.
Автокөлік туралы ақпарат дереу патрульдік жасақтарға жіберілді. Көлік тоқтатылып, жүргізуші мен жолаушылары полиция мекемесіне жеткізілді.
Іс жүргізу барысында бір жолаушыдан 45 түйіншек табылды, олардың синтетикалық есірткі болуы мүмкін. Тәркіленген түйіншіктер сараптамаға жіберілді.
Сонымен қатар ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері екі күдіктінің бопсалау фактісіне қатыстылығын тексеріп жатыр.
Барлық фактілер бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулер басталды, қажетті тергеу шаралары жүргізіліп жатыр.