Белгілі баспагер Бақытжан Бұқарбай жазушы Дулат Исабековтың асында ыңғайсыз жағдайға куә болғанын жазды, деп хабарлайды Paryz.kz Ulysmedia.kz-ке сілтеме жасап.
Күні кеше жазушы Дулат Исабековтың жаназасы оқылып, асы өткен.
«Қаралы жиынға белгілі баспагер Бақытжан Бұқарбай да барып, көргенін жасырмай жазды. Қаралы жиындарда зиялы санатына жатқызып жүрген ағаларымыз бен апаларымыздың өзін ұстауы мен сөйлеген сөзі кейде «Бұл қалай сонда?» деген еріксіз ойға қалдырады. Бүгін Дулат Исабековтің асында сөз алған Ханбибі Есенқарақызы марқұмның артында қалған балаларына көңіл айтудың орнына, өзінің мемлекеттік сыйлық ала алмай жүргенін алға тартты. Бұл сөзі тым әдепсіз көрінді. Мереке Құлкенов жағдайды жұмсартуға тырысып, «Ендігі рет аласыз» деп әзілге бұрғанымен, мұндай әңгіменің дәл осы жерде айтылғаны ұят болды», – дейді ол.
Баспагер ақын Ханбибі Есенқарақызының бұлай ренжитіндей жөні бар ма екен деп желідегі ақпаратты қарап шыққан. Сөйтсе Ханбибі ханымның алмаған марапаты жоқ екен дейді ол: «Парасат» пен «Барыс» ордендері, «ҚР еңбек сіңірген қызметкері» атағы – бәрі бар. “Сонда осындай жиында тағы бір марапат жайлы сөз қозғау қаншалықты қажет еді?” деп сұрақ қояды ол. Бұған дейін де осындай көріністер болған. Бір аста сөз алған Смағұл Елубай марқұм туралы бір жақсы естелік айтып немесе артында қалған ұрпағына жылы тілек білдірсе жарасар еді. Оның орнына, біраз уақытын қазіргі президентті мадақтауға арнады. Бұрынғы басшыны да дәл осылай дәріптеуші еді. Бұл өте жиіркенішті көрініс болды. Осы жазғаным аға буынға жетіп жатса, бір нәрсені ескеріңіздерші: аста біз сияқты жастар да отырады. Жәй ғана отырмай, жағасын ұстап, сіздер үшін испанша ұялып отырады, – дейді ол.