ҚМДБ Құран сүресін рэп етіп оқыған блогердің әрекетіне баға берді, - деп хабарлайды Paryz.kz.
"Отандық блогердің Құран аяттарын, нақты айтқанда «Мағун» сүресін әлдебір мерекелік кеште оқыған видеосы жарияланды. Контентті ұсынушылар «Блогер мас күйінде Құранды рэп қылып оқып, жұртты шошытты» деп жазды. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мұндай шектен шыққан әрекеттерге алаңдаушылық білдіреді және олардың ісін қатаң айыптайды, сонымен қатар азаматтарды бүлікшілердің арандатуына алданып қалмауға үндейді. Құран Кәрімді келемеждеу, оны мазаққа айналдыруды Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қасиетті кітапқа құрметсіздік деп есептейді. Өйткені бұл жерде Құран Кәрім де, оған қатысты әдептер де аяқасты етілген. Құран Кәрім – Алла Тағаланың сөзі, адамзатқа жіберілген ұлы мұғжизасы әрі мұсылман үмбеті үшін қасиетті кітап. Сондықтан Құранды дәретпен, ықыласпен, қырағатпен оқу керек", - деп жазылған хабарламада.
Айта кетейік, желіде Juzzeffina лақап атымен танымал блогер Жұлдыз Жауынбаева Құран аяттарын рэп секілді оқимын деп сынға қалды.