Атырауда танымал джиу-джитсу жаттықтырушысы Тыныс Бисалиев шәкірттерін үйінде жаттықтыруға мәжбүр. Ол Атырау облысы басшылығына видеоүндеу жолдап, проблеманы көтерді, деп хабарлайды paryz.kz Azattyq Ruhy-на сілтеме жасап.
Бисалиев Атырау қаласының іргесіндегі Бірлік шағын ауданында тұрады.
Онымен бірге 40-қа жуық жергілікті бала жаттығады. Бапкердің айтуынша, бұрын жаттығу жекеменшік залдарда өткен болса, қазір ата-аналар спортқа ақша төлеуден бас тартыпты.
Бисалиев осыған байланысты амалсыз үйінде жаттығу жүргізеді. Бір қызығы, шағын ауданда спорт кешені бар. Спорт кешенінің басшылығынан джиу-джитсу жаттығуларына кешкі уақытқа зал сұрағанымен бас тартыпты.
«Дүйсенбі, сәрсенбі, жұма күндері сағат 19:00-ден 21:00-ге дейін бос уақыт бар. Атырауға барып, сол жерден спорт зал іздегенше, сабақтан кейін осында жаттығу ыңғайлырақ болар еді», – дейді ол.
Видеоның соңында Бисалиев облыс әкімі мен дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысын проблеманы шешуге шақырды.