Прямая трансляция

Астана

Астана

-14.03°C

«Шымкент тұрғындарға қолайлы әрі жайлы мегаполис болуы керек»

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапары Шымкент қаласына келгенде көлік-логистика және инженерлік инфрақұрылымды жетілдіру бағытында атқарылуы тиіс бірқатар жұмыстарды атап өткен болатын. 

«Шымкент тұрғындарға қолайлы әрі жайлы мегаполис болуы керек»
Фото: gov.kz

«Қаланың айналма жолын тұйықтайтын автожолды тезірек іске қосуды және жаңа әуежай терминалының құрылысын уақтылы аяқтауды тапсырамын. Соңғы кезде шаһарға іргелес жатқан 41 елді-мекен қосылды, сол себепті инженерлік инфрақұрылымның қуатын арттыру қажеттігі туындады. Осы мақсатқа 4 жылда республика бюджетінен 135 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінді. Соның нәтижесінде ауыз су, электр қуаты және газ мәселесі біршама реттелді. Жылдың соңына дейін 15 мың тұрғыны бар Құрсай аумағына ауыз су жеткізіледі. Келесі жылы қала орталығынан шалғай орналасқан 2 елді-мекеннің су мәселесін толық шешуді тапсырамын», - деп Президент тұрғындарды сапалы электр жүйесімен және «көгілдір отынмен» толық қамтамасыз ету қаржы бөлуді пысықтауды тапсырған болатын. 

Қазіргі таңда қала бірқатар инфорақұрылымдық жобалалар жүзеге асырылуда. Жақында қала әкімі Ғабит Сыздықбеков солардың біразын аралап, онда атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Қала басшысы алдымен “Айна” базарын жаңғырту бағытында қолға алынған жұмыстардың барысын бақылады. Мұндағы басты мақсат – сатушылар мен сатып алушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, оларға заманауи талап пен стандартқа сай жағдай жасау. Қала басшысы жауапты тұлғаларға базар маңындағы сауда нысандарының қасбетін бірыңғай сәулет стиліне келтіру бойынша тапсырма берді.

Сонымен қатар, қала әкімі Ғабит Сыздықбеков Еңбекші ауданы, Сайрам көшесіндегі саябақ құрылысының барысын тексеріп, Тоғыс тұрғын алабында жаңадан ашылған қоғамдық орынды аралады. 

«Біз үшін Шымкент тұрғындарға қолайлы әрі жайлы мегаполис болуы керек. Сондықтан, аудан әкіміне және қалалық жайлы ортаны дамыту басқарма басшысына егілген көшеттердің жерсінуін бақылап, жүйелі күтім жасауды тапсырамын», - деді қала әкімі. 

Бұдан бөлек, қала әкімі Әл-Фараби ауданында Қонаев даңғылының алтыншы кезеңінің құрылыс барысын тексерді. Қазіргі таңда негізгі жұмыс аяқталуға жақын. Мердігер ұйымға жарықтандыру шамдарын орнату және инфрақұрылым желілерін бекітілген кестеге сәйкес аяқтауды тапсырды.

Айта кетейік, қала инфрақұрылымды дамыту жұмыстары қарқынды түрде жүргізілуде. Биылғы жылы бұл бағытта жоспарға сәйкес бірқатар жұмыстар нәтижелі іске асырылды. Мәселен, Шымкент қаласындағы 81 елді мекеннің 80-і сапалы ауыз сумен қамтамасыз етіліп, көрсеткіш 99 пайызға жетті. Қалған Құрсай елді мекенінде жұмыстар мерзімінен бұрын аяқталып, қазір су қосу шаралары атқарылуда. Қаланың ұлғаюына байланысты жаңа аудандарда да ауыз су жүйелерін жүргізу жалғасын табуда. 

Қаладағы 81 шағын ауданның 25-і (713,5 мың адам) кәріз жүйесімен қамтамасыз етілген. 2024 жылы 1 магистралды коллектор (Тұраннан КОС-қа дейін) және 5 ішкі орамдық жүйенің (Нұртас, Тұран ішкі жүйе, Қайтпас-1, Солтүстік-Батыс) құрылысы жоспарланған. Нәтижесінде, кәріз жүйесімен қамту көрсеткіші 60 пайыздан 65 пайызға дейін ұлғаймақ. 2025 жылға Айқап-Түркістан, Шым-Сити жобаларының құрылысы толық аяқталады.

Сонымен қатар, 81 елді мекен толық сапалы электр қуатымен қамтылған. 2024 жылы Асар-2, Тұран 10 РП, Ақжар ҚС, Сайрам, Бозарық, Құрсай және Тұран шағын аудандарында 7 нысанның құрылысы жүргізілуде. Асар-2 және Бозарық шағын аудандарындағы жұмыстар 2024 жылы аяқталады, қалған 5 нысанның құрылысы 2025 жылы тәмамдалатын болады.  

Қаланың 55 елді мекені толық, 24-і жартылай, ал 2 елді мекен мүлдем газбен қамтылмаған. Қазіргі қамту деңгейі 96 пайызды құрайды. 2024 жылы 12 нысанның құрылысы аяқталып, табиғи газбен қамтамасыз ету көрсеткіші 97,4 пайызға жетеді деп күтілуде.