Прямая трансляция

Астана

Астана

-17.03°C

Шымкентте биыл 32 балабақша пайдалануға берілді

Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің мәлімдеуінше, жыл басынан бері елімізде 64 мың орынға арналған 561 мектепке дейінгі ұйым ашылды, деп хабарлайды Paryz.kz.

Шымкентте биыл 32 балабақша пайдалануға берілді
Фото: pixabay.com

Сала мамандарының мәлімдеуінше, бұл 2 жастан 6 жасқа дейін балабақшаға кезекте тұрған балалардың 92,5 пайызын мектепке дейінгі оқытумен және тәрбиемен қамтуға мүмкіндік берді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша ел үкіметі балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамтуды көрсеткішін ұлғайту үшін 2023-2027 жылдарға арналған мектепке дейінгі ұйымдарды іске қосудың жоспары әзірленген болатын. Соған сәйкес, мемлекетімізде бүгінде 13 өңір балаларды мектепке дейінгі оқытумен және тәрбиемен қамтуда жоғары көрсеткішке қол жеткізіп отыр. Оның ішінде Шымкент қаласын, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Жамбыл, Түркістан, Ақтөбе облыстары алдыңғы қатарда келеді. Мектепке дейінгі білім беру департаментінің директоры Манара Адамованың баяндауынша, қазіргі таңда елімізде 11,6 мың мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді, онда 1 млн-ға жуық бала тәрбиеленуде.

Айта кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Шымкент қаласы тұрғындарымен кездесуінде қаланың демографиялық өсіміне байланысты әкімдікке 2025 жылға дейін балаларға арналған бірқатар білім мен тәрбие беру ұйымдарын салуды тапсырған болатын. Соған сәйкес Шымкентте 5 жылдың ішінде 101 білім беру ұйымын салу жоспарланғанды. Бұл іске әрине бизнес өкілдері белсенді түрде атсалысып, өңірде бірқатар білім мен тәрбие беру ұйымдары бой көтерді. Мысалы ретінде қалада соңғы екі жылда 50 жекеменшік мектеп ашылғанын айтуға болады. Сонымен қатар, биыл шаһарда жыл соңына дейін 19 балабақшаны пайдалануға беру көзделген. Оның 14-і жаңа оқу жылы қарсаңында тапсырылды.  

Жалпы өңірде мектепке дейінгі білім беру ұйымдарындағы орын тапшылығын жою мақсатында былтырғы жылы 30 балабақша ашылып, балаларды балабақшамен қамту үшін 2 945 орынға мемлекеттік тапсырыс берілген болатын. Ағымдағы жылы  балаларды 2 жастан бастап мектепке дейінгі біліммен қамту, жекеменшік балабақша есебінен санын арттыру бағытында мемлекеттік тапсырыс негізінде 3150 орынмен қамту жоспарланды. Яғни, 71 193 баланы балабақшамен қамту үшін жергілікті бюджеттен 43,6 млрд теңге қаржы қаралып, биылғы жылдың сәуір айында 1050 орынға мемлекеттік тапсырыс орналастырылды.

Осы жоспарға сәйкес, ағымдағы жылдың сәуір айында 32 балабақшаның 13-і пайдалануға беріліп, 117,3 млн теңге қаржыға 242 орын мемлекеттік тапсырысы берілді. Соның нәтижесінде 1-6 жас аралығындағы кезекте тұрған 86 387 баланың 86,6 пайызы, яғни 76 216 бала мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамтылса, 2-6 жас аралығындағы 83 590 баланың 89,3 пайызы, яғни 74 661 бала балабақшамен қамтылды. 

Жыл соңына дейін балабақшаларды мемлекеттік тапсырыс аясында қосымша 2100 орынмен қамтамасыз ету күтілуде. Бұның 100-і ата-аналарға ваучер беру арқылы жүзеге асырылмақ. Әрине, мектепке дейінгі білім мен тәрбие беру ұйымдарында жұмыс істейтін педагогтардың да біліктілігін арттып отырудың маңызы орасан зор. «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы биыл алғаш рет мектепке дейінгі жастағы балалардың коммуникативтік дағдыларын дамытуда арт-педагогикалық технологиялар бойынша біліктілікті арттыру курстарын бастады. Бұл курсқа мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту жүйесінен 1000-нан астам педагог тартылды. 

«Артпедагогика – мектепке дейінгі балалардың сөйлеу және коммуникативтік дағдыланы дамытудың инновациялық әдістерінің бірі. Балалардың қарым-қатынасының басым аспектісі ойын болғандықтан, арт-педагогикалық технологиялардың ішінде әсіресе, ертегі терапиясы, кітап терапиясы, музыка терапиясы, ойын терапиясы, би терапиясы, сурет терапиясы маңызды», – дейді «Өрлеу» басқармасының төрағасы Айдана Шилибекова.

Бағдарлама оқытудың әртүрлі әдістерін, түрлерін, оның ішінде практикалық жұмыс пен талқылауды, кейстерді талдауды, көшпелі практикалық сабақтарды ұйымдастыруды көздейді.