Прямая трансляция

Астана

Астана

-14.03°C

Шымкентте интеллектуалды көлік жүйесі іске қосылмақ

Елімізде инфрақұрылымды дамыту бағдарламасына сәйкес автожол саласында бірқатар жаңа жобалалар қолға алынуда. Солардың ішінде нтеллектуалды көлік жүйелерін дамытуға арналған бастамалардың маңызы орасан зор. Өйткені, олар отандық компаниялардың интеллектуалды көлік жүйесі саласындағы құзыреттерін арттыруға, автомобиль жолдарының сапалық қамтылуы мен сақталуын қаржыландыруды қамтамасыз етуге, сондай-ақ, көлік құралдарының жылдамдық режимін бақылап, апатты жағдайларды төмендетуге мүмкіндік береді. 

Шымкентте интеллектуалды көлік жүйесі іске қосылмақ
Фото: orexca.com

Жақында Шымкентте сала мамандары интеллектуалды көлік жүйесін (ИКЖ) енгізу бойынша атқарылған жұмыстарды таныстырды. Бұл - көлік қозғалысын басқарудағы әлемдік тәжірибелерді біріктірген инновациялық шешім. Жүйеде  жолдар мен қиылыстарға орнатылған сенсор арқылы көлік ағыны туралы ақпарат жиналады. Айта кетейік, сенсорлы құрылғылар «микротолқынды», «инфрақызыл жылу сенсорлары» және «радолокациялық» болып үшке бөлінген.

Микротолқынды сенсорлы құрылғылар жолдағы кептеліс пен көлік ағымын нақты уақытта анықтауға мүмкіндік берсе, инфрақызыл жылу сенсорлары баннерлер мен ағаштарға қарамастан, көлік қозғалысын есептеп, бақылайтын болады. ал, радолокациялық сенсорлы құрылғылар Темірлан тас жолы мен Қонаев даңғылы сияқты маңызы зор магистрал көшелердің толық енін қамти алады.

Аталмыш жүйе атқаратын осындай жұмыстардың нәтижесінде қаладағы 246 қиылысты интеллектуалды басқаруға және көлік қозғалысын автоматты түрде тәулік бойы бақылауға болады. Сонымен қатар, ол жол-көлік оқиғалары мен төтенше жағдайлардың алдын алуға жылдам әрекет етіп, қауіпсіздік деңгейін арттырып, кептелісті азайтады. Қазіргі уақытта жаңа жүйе қаланың барлық бағдаршамы орналасқан қиылыстардың 71 пайызын қамтып отыр. 

Орайы келгенде айта кетейік, қалада тұрғындардың ұсыныстары мен өтініштері негізінде қоғамдық көлік бағыттарын оңтайландыру жұмыстары жүргізілуде. Зерделеу жұмыстарының нәтижесінде қоғамдық көлік ағымына мынадай өзгерістер енгізілді. Айталық, №92 автобустың бағыты тұрғындардың өтінішіне сәйкес, Д.Қонаев мектебіне дейін, №150 автобустың бағыты жол қозғалысының ашылуына байланысты Иманғара көшесіне дейін, №139 автобустың бағыты Жаңақұрылыс – Әбдіров көшелерінің қиылысына дейін ұзартылды. Ал, Бәйдібек би – Н.Назарбаев даңғылы қиылысында 3.19 «Кері бұрылуға тыйым салынады» және 4.1.1

«Тіке қозғалыс» жол белгілерінің орнатылуына байланысты №42 автобустың сызбасыТ.Назарбеков көшесінен Ж.Шанин көшесіне қарай ұйымдастырылды.

«Қоғамдық көлік қызметін жақсарту бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатын болады. Жолаушылардың талаптары мен ұсыныстары басты назарда» - дейді сала мамандары. 

Сонымен қатар, қазіргі таңда қалада жолдарды жаңарту жұмыстары қарқынды түрде жүргізілуде. Сала мамандарының берген мәліметтеріне сүйенсек, ағымдағы жылы автомобиль жолдарының құрылысы мен қайта құру жұмыстары 58,4 шақырымдық 18 нысанда жүргізілуде.

Жыл соңына дейін 22,8 шақырым ( 6 нысан) автомобиль жолы пайдалануға беру жоспарланған.  Орташа жөндеу жұмыстары бойынша 378 көшенің 251,3 шақырымына орташа жөндеу жұмыстарын жүргізуге қаржы бөлінді. 287 көшеде 190,3 шақырым орташа жөндеу жұмыстары аяқталып, қолданысқа берілді. Жыл қорытындысы бойынша қала аумағында 453 көшеде, жалпы ұзындығы 286,9 шақырым жолда құрылыс, орташа жөндеу және тегістеу жұмыстары аяқталады делінген.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Шымкент қаласы тұрғындарымен кездесуінде шаһарды еліміздегі төрт хаб-қаланың біріне айналдыру үшін нақты жұмыс жүргізіліп жатқанын айта келіп, Шымкентті өркендетуге қатысты бірқатар мәселеге арнайы тоқталған болатын. Президент соның ішінде көлік-логистика және инженерлік инфрақұрылымды жетілдіру қажет екенін айта келе: «Қаланың айналма жолын тұйықтайтын автожолды тезірек іске қосуды және жаңа әуежай терминалының құрылысын уақтылы аяқтауды тапсырамын. Соңғы кезде шаһарға іргелес жатқан 41 елді-мекен қосылды, сол себепті инженерлік инфрақұрылымның қуатын арттыру қажеттігі туындады. Осы мақсатқа 4 жылда республика бюджетінен 135 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінді», – деген болатын. 

Сондықтан, өңірде жолдарды жақсарту жұмыстары келер жылы да жоспарға сәйкес жалғасын табатын болады.