Кейінгі жылдары жасөспірімдердің қатысуымен жасалатын қылмыстардың өсуі қоғамды алаңдатып отыр. Әсіресе, олар араласқан ұрлық пен бопсалау, алаяқтық пен тонау деректері көбейіп барады.
Бұл деректер жастардың әлі оқу орнын бітірмей жатып, қылмыс жасап, өз болашағына балта шауып жатқандығын көрсетеді, деп хабарлайды Paryz.kz.
Жасөспірімдердің қылмыс жасауының басты себептері: жоқшылық, отбасындағы жауапсыздық, ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынастың әлсіреуі. Сондай-ақ өтпелі кезеңде жүрген жасөспірімге әлеуметтік желілердің де ықпалы болуы мүмкін.
Шымкент қаласы бойынша биылғы жылдың 11 айында кәмелетке толмағандар жасаған қылмыс 2,7 пайызға төмендеген. Мәселен, былтыр осы кезеңде кәмелетке толмағандар жасаған қылмыс 111 болса, биыл бұл көрсеткіш 108-ге дейін төмендеген. Десе де жасөсіпірмдерге қарсы жасалған қылмыс төмендемей тұр. Бұл ұрып соғу, ұрлық, жол жүрісі қағидаларын бұзу фактілерінің көбеюімен тікелей байланысты.
Шымкентте кәмелетке толмағандар мен оларға жасалынатын қылмыстың алдын алу мақсатында қала прокурорының өкімімен «Мобильдік топ» құрылды. Бұл топ ай сайын тұрақты түрде рейдтік іс-шаралар жүргізіп келеді. Жыл басынан бері «мобильдік топ» 512 түнгі рейдтік іс-шара жүргізген. Нәтижесінде түнгі уақытта беймезгіл жүрген 5 мыңнан астам жасөспірім анықталған. Олардың ата-аналары әкімшілік жауапқа тартылып, 600-ден астам бала бейімдеу орталығына орналастырылды.
Бейімдеу орталығына жеткізілген 600 баланың 553-і ата-анасына қайтарылса, 22 бала қолдау ортылығына орналасты. Тағы 8 бала Тараз қаласындағы арнайы мектепке, 5 бала Түркістан қалалық бейімдеу орталығына жіберілді. Одан бөлек 4 балаға қамқоршылық тағайындалса, 12 бала Шымкенттегі бейімдеу орталығына орналастырылған.
Қала прокурорының өкімімен құрылған «мобильдік топ» толық емес, тұрмысы қолайсыз отбасыларындағы және полция есебінде тұратын кәмелеттік жасқа толмаған жасөсіпіоімдердің жағдайын білу үшін олардың тұрғылықты жеріне тұрақты барып тұрады. Осы уақытқа дейін Шымкенттегі 1300-ден астам тұрмысы қолайсыз және толық емес отбасылардың жағдайы зерттеліп, 460 отбасыға көмек көрсетілген екен. Атап айтсақ, 419 отбасыға азық-түлік, 19 отбасыға әлеуметтік көмек берілген. Олардан бөлек 19 тұлға арнайы медициналық тексеруден өткізілген.
Құқық қорғау органдары мамандарының сөзіне сенсек, қиын жағдайға тап болған отбасылар, ол отбасылардағы жасөспірімдер қайда жүгіну керектігін біле бермейді. Салдарынан өзіне, айналасына қауіп төндіретін қадамдарға барып жатады екен.
Жасөспірімдер қылымыс және оларға қарсы құқықбұзушылық дегенде тұрмыстағы зорлық-зомбылық мәселесі алдымыздан шығатыны белгілі. Осыны ескере отырып, жыл басында Шымкент қаласында үйлестіру кеңесі өткен болатын. Онда проблема толыққанды талқыланып, оны шешу жолдары да айтылған. Қалалық прокуратураның бастамасымен Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына қарасты «Бақытты жанұя» орталығында елімізде алғаш рет агрессорларға тегін психологиялық көмек көрсету жобасы іске қосылған болатын. Жоба аясында маман-психологтардың жұмысы отбасылық құндылықтарды насихаттауға, ата-ана мен баланың қарым қатынасын нығайтуға бағытталады.
Бүгінгі күні бұл жаңа тәсіл оңды нәтиже беріп, Орталықтағы психолог мамандары 30-дан аса агрессормен жұмыс жасап, нәтижесінде олардың отбасыларында құқық бұзушылықтардың қайталануы орын алмады. Сонымен қатар, Орталықтың психолог мамандары «Мобильдік топ» құрамына енгізіліп, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға жұмылдырылды.