Шымкенттегі А.Асқаров атындағы мемлекеттік дендрологиялық саябақ қалаға көрік беріп тұрған бірден-бір демалыс орны. Әуелде бұл аймақ қоқыс тастайтын орын болған екен. Белгілі қоғам және мемлекет қайраткері Асанбай Асқаровтың бастамасымен 1979 жылы онда үлкен дендросаябақ бой көтерді. 2019 жылы саябақтың 40 жылдығына орай өткен мерейтойда саябаққа Асанбай Асқаровтың есімі берілді.
Біздің айтайын дегеніміз бұл емес. Аталмыш дендросаябақта биыл атқарылған ауқымды абаттандыру, көгалдандыру және ғылыми-зерттеу жұмыстары жайлы болмақ. Жалпы саябақтың негізгі бағыты – ағаштардың жай-күйін күтіп-баптау және олардың гендік қорын молайту. Осы арқылы қала аумағындағы жасыл желектің көлемін ұлғайтып, тұрғындарға жайлы демалыс орнын қалыптастыру.
Ағымдағы жылы осы мақсатта ағымдағы жылы саябақ аумағындағы 74 560 түп ағаш пен 4 615 түп бұтаның қатары 100 түп каштан, 50 түп катальпа, 300 түп биота, 38 түп можжевельник ағаштарының көшетімен толықтырылды. Көктем мезгілінде 25 000 түп қызғалдақ гүлі мен 20 000 түп біржылдық сәндік гүлдер егілді. Тұқымбаққа 30-дан астам 346 түп ағаш-бұта отырғызылды. Олардың арасында жеміс ағаштары да бар.
Ал, саябақтың гендік қорын дамыту мақсатында Өзбекстанның Ташкент қаласы мен Қазақстанның Астана, Алматы, Щучинск қалаларындағы ботаникалық бақтармен меморандумдар жасалды. Соның нәтижесінде қалаға 132 түрлі ағаш-бұта тұқымдары мен 36 түрлі ағаш көшеттері әкелініп, қызыл кітапқа енген 20 түп кәдімгі өрік, 60 түп зеравшан аршасы, 14 түп қызыл қайың, сондай-ақ, сирек кездесетін өсімдіктер отырғызылды.
Қала тұрғындары мен қонақтары дендросаябақта серуендер, демалуды әдетке айналдырған. Сол себепті мұнда тазалық жұмыстары мен қауіпсіздік шараларына баса көңіл бөлінеді. Мәселен, саябақ аумағында өрттің алдын алу жұмыстары да тыңғылықты жүргізіліп келеді. Ағымдағы жылы мұнда өрттің алдын алу мақсатында саябақ аумағында ұзындығы 9,2 шақырым минералды жолақтар жыртылды. Сонымен қатар, жасыл желектер уақытылы суғарылып, адамдардың жүруіне қауіп төндіретін талдардың бұталары кесіліп отырады.
Дендросаябақ жергілікті маңызы бар, ерекше қорғалатын табиғи аймаққа жататындықтан, мұнда тазалықты қамтамасыз ету арнайы мекеме мамандарына ғана жүктелмейді. Саябақта тазалықты сақтау әрбір демалушының міндеті болып табылады.
Реті келгенде айта кетейік, ағымдағы жылы қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының бастамасымен шаһарда көркейту және абаттандыру мақсатында ауқымды жұмыстар атқарылды. Магистральді көшелердің қиылыстары, айналма жолдар мен жол жиектері барлығы 91 орынға көпжылдық раушан гүлдері отырғызылды. Әл-Фараби көшесі бойында А-2 автомобиль жолынан бастап «Бадам» айналма жолына дейін созылатын 7,5 шақырымдық аумақ абаттандырылды. Жалпы ауданы 142 500 шаршы метр жер көгалдандырылып, келесі жұмыстар атқарылды. Тарқатып айтар болсақ, 9 ұңғыма қазылып, автоматты суару жүйесі орнатылды. 3994 гуджум ағашы мен 3832 шынар ағашы егілді. Көшенің кері бұрылыстары мен жаяу жүргіншілер жолына 2400 шаршы метр аумаққа 25 000 дана раушан гүлі отырғызылды.
Сонымен қатар, «AIKHAB PARTNERS» ЖШС тарапынан Темірлан тас жолы бойындағы қараусыз қалған 3 гүлзар қайта қалпына келтірілді. Бұл жұмыстар бюджеттік қаражатсыз жүргізілді. Соның нәтижесінде, 10 000 шаршы метр жер көгалдандырылды. Автоматты суару жүйесі, жарық шамдары, қоқыс жәшіктері және жаңа орындықтар орнатылды.