Прямая трансляция

Астана

Астана

-6.03°C

Шымкентте жас дзюдошылар сынға түсті

Шаһардағы “Металлург” стадионында дзюдодан жасөспірімдер арасында STROY CITY дәстүрлі турнирі өтуде. Тәуелсіздік күніне орайластырылған Шымкент қаласының ашық біріншілігіне 2011-2013, 2013-2014 жылы туған кіші жасөспірімдер, жалпы 400-ге жуық жас балуан қатысты, деп хабарлайды Paryz.kz.

Шымкентте жас дзюдошылар сынға түсті
Фото: «Шымкент келбеті»

Жарыстың салтанатты ашылу рәсімінде Шымкент қаласы дюдо федерациясының вице-президенті Алтынбек Абаев, аралас жекпе-жек шебері Арман Оспанов, демеуші азаматтар жастардың қадамына сәттілік тілеп, олардың арасынан келешекте ел намысын қорғайтын азаматтар шығатынына сенім білдірді. Алтынбек Абаев федерация тарапынан демеушілік еткен азаматтарға алғысын жеткізді. 

Аталған турнир кәсіпкер азаматтардың демеушілігімен ұйымдастырылып келеді. 
Дзюдо спорты соңғы кезде елімізде қарқынды дамуда. Биыл Парижде өткен Олимпиада ойындарында Елдос Сметов алтын, Ғұсман Қырғызбаев қола жүлдеге ие болды. Жарқын жеңіс жасөспірімдерге зор серпін берген. Биылғы турнирге қатысушылардың да саны артып отыр.

2024 жылы жерлесіміз Талғат Орынбасар Душанбеде (Тәжікстан) өткен дзюдодан жастар арасында әлем чемпионатының қола жүлдегері атанған еді. Шымкент қаласында дзюдо күресінен дарынды жастар өсіп келеді. Талғат Орынбасардың ізін жалғайтын жастардың шығуына сенім мол. Елдостың салмағында әлемдік сайыста көзге түскен жерлесімізден зор үміт күтетінін жеткізді. 

Жарыстың бас төрешісі Самат Сапышевтің айтуынша, жарыс ескі ереже бойынша өтуде. Жалпы 10-нан астам төреші қазылық етеді. 

Жарыстың жеңімпаздары мен жүлдегерлері бағалы сыйлықтармен марапатталады.