Прямая трансляция

Астана

Астана

-14.03°C

Шымкентте атаулы әлеуметтік көмек алушылар азайды

Шымкентте биылғы жыл қорытындысы бойынша атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың саны азайып отыр. Нақты статистикалық деректерге сүйенер болсақ, ағымдағы жылдың 11 айында әлеуметтік көмек алушылар саны 30,7 пайызға кеміген. Мәселен, өткен жылдың осы кезеңінде 12 703 отбасы әлеуметтік көмек алған болса, биыл бұл көрсеткіш 8 801 отбасыға төмендеген, деп хабарлайды Paryz.kz.

Шымкентте атаулы әлеуметтік көмек алушылар азайды
Фото: Paryz.kz

Бұл, әрине, өңірде жұмыссыздықты азайту, азаматтарды тұрақты жұмыс орындарына тарту және әлеуметтік қолдау көрсету бағытындағы жұмыстардың жүйелі түрде жүргізілгенін көрсетеді. Айта кетейік, мемлекет тарапынан атаулы әлеуметтік көмек алушыларға ақшалай төлемдер тағайындалады. Әлеуметтік көмек шеңберінде бір жастан алты жасқа дейінгі балаларға 1,5 АЕК (5 538 теңге) мөлшерінде төлемдер қарастырылған. Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Жанат Өтебаеваның мәлімдеуінше, биыл Шымкентте 8 221 отбасындағы 15 541 балаға осындай төлемдер тағайындалды. 

Атаулы әлеуметтік көмек тек ақшалай қолдау ғана емес, сонымен қатар, ол жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларын да қамтиды. Мұндай бастамалар азаматтарды еңбек нарығына тартуды көздейді. Осы жылдыңдың 1 желтоқсанына дейін атаулы әлеуметтік көмек алған 8 801 отбасының арасында еңбекке жарамды азаматтардың саны 12 910 адамды құраған. Оның ішінде 7 723 адамның жұмысы бар. Сонымен қатар, 460 азамат еңбекке қабілетті болып, олар жұмыспен қамту шараларына тартылды. Бұл азаматтардың 291-і тұрақты жұмыс орындарына орналасты, 48-і «Қоғамдық жұмыс» бағдарламасына, 15-і жастар практикасына,17-і әлеуметтік жұмыс орындарына жұмысқа орналасты,43-і кәсіпкерлік бастамаларды қолдауға қатысса және 46 тұрғын қысқа мерзімді кәсіптік оқуға жіберілді, - деді Жанат Өмірсейітқызы. 

Орайы келгенде тілге тиек ете кетейік, Шымкентте биылдан бастап атаулы әлеуметтік көмек алатын және аз қамтамасыз етілген отбасылар газ төлеміне жеңілдік ала алады. Бұл пилоттық жоба 5 айға жоспарланып отыр. Сала мамандары оның сәттілігі дәлелденсе, еліміздің басқа өңірлеріне де енгізілетінін айтады. Қазірдің өзінде Шымкент тұрғындары үшін газға жеңілдік рәсімдеу үдерісі барынша жеңілдетілді.

Аталмыш жоба қалай жұмыс істейді? Енді осыған тоқт ала кетсек. 1. Әлеуметтік және тұрғын үй көмегін алатын азаматтар 1414 бірыңғай нөмірінен СМС хабарлама алады. 2. СМС арқылы өз деректерін өңдеуге рұқсат беру үшін хабарламаға жауап жіберу қажет. 3. Осыдан кейін пайдаланушы eGov Mobile қосымшасын орнату үшін сілтеме алады. 4. Қосымшаға кірген соң, «Әлеуметтік әмиян» қызметі арқылы QazaqGaz Aimaq АҚ абоненттік шотын енгізіп, қажетті деректерді автоматты түрде толтырады. 5. Ваучерді белсендіру үшін абонент жеке шот деректерін енгізіп, қажетті әрекеттерді орындауы керек. 6. Ваучер іске қосылғаннан кейін келесі айда жеңілдік сомасы түбіртекте және «Әлеуметтік әмиян» қосымшасында көрсетіледі.

- Бұл жүйе газға жеңілдік алу үдерісін айтарлықтай жеңілдетіп, азаматтарды артық бюрократиялық кедергілерден арылтады. Егер жоба тиімділігін дәлелдесе, ол алдағы уақытта бүкіл ел бойынша қолданысқа енгізілуі мүмкін, - дейді сала мамандары.