Прямая трансляция

Астана

Астана

-12.03°C

Ғ.Сыздықбеков Шымкенттегі бірқатар нысандардың жұмыс барысымен танысты

Шымкент қаласының әкімі Ғ.Сыздықбеков бірқатар нысандарды аралап, жұмыс барысымен танысты деп хабарлайды Paryz.kz.

Ғ.Сыздықбеков Шымкенттегі бірқатар нысандардың жұмыс барысымен танысты
Фото: видеодан кадр

Шаһар басшысы Еңбекші ауданы, Сайрам көшесінің бойында бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында салынып жатқан жаңа қоғамдық орын құру жұмысымен танысты. 

-    Аумағы 10 000 шаршы метрден асатын бұл аймақта қала тұрғындарының жайлы демалысы үшін орындық пен әткеншектер, жарықшамдар және екі спорт алаңшасы орнатылады. Сонымен қатар саябақ аумағында сакура мен платан көшеттері отырғызылып, автоматты суару және дренаж жүйесі бар көгал жасалады. Бұл нысанды келесі аптада тұрғындардың игілігіне тапсыруды жоспарлап отырмыз, - деп жазды өз парақшасында қала басшысы.

Сонымен қатар, Ғ.Сыздықбеков кондитерлік өнім шығаратын “Рахат Шымкент” ЖШС-нің жұмысымен танысты. Кәсіпорында 440-тан астам жұмыс орны ашылған. Келесі жылы мұнда жабдықтарды жаңғыртып, өнім көлемін арттыру көзделген.

Бұдан бөлек, теміржол вокзалы аумағындағы көктайғаққа байланысты тұрғындардың шағымын да назардан тыс қалдырмады. Жағдаймен танысып, жауапты мамандарға қарды тазалау және шығару жұмыстарын күшейтуді тапсырды. Сондай-ақ, жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігі үшін кіреберіс пен жол төсемдерін мұзға қарсы реагенттермен (техникалық тұз) өңдеуді міндеттеді. 

-    Алдағы уақытта әріптестеріммен бірлесе отырып, осы аумақтағы мұзға қатысты мәселені шешу жолдарын жан-жақты қарастырамыз, - деді Ғ.Сыздықбеков.

   
Әрі қарай Тұран ауданында орналасқан №15 олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің құрылыс жұмыстарын тексерді. Нысан келесі жылдың бірінші тоқсанында пайдалануға беріледі. Мердігер ұйым өкілдеріне құрылыс жұмыстарын сапалы әрі уақытылы аяқтау бойынша тапсырма берді.

Сонымен қатар, қала басшысы Әл-Фараби ауданындағы “Мұз сарайын” аралап, спортшыларға жасалған жағдаймен танысты. Жаттықтырушылармен және тәрбиеленушілердің ата-аналарымен әңгімелесті. Әңгіме барысында қала әкімдігі бұқаралық спорт пен балалар-жасөспірімдер спортына басымдық беруді жалғастыратынын атап өтті.