Шымкент қаласы күн санап абаттанып келеді. Қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының бастамасымен биыл шаһар аумағында көгалдандыру, көркейту және абаттандыру мақсатында бірнеше жобалар жүзеге асты, деп хабарлайды Paryz.kz.
Атап айтсақ, шаһардағы магистральді көшелердің қиылыстары, айналма жолдар мен жол жиектеріне, барлығы 91 орынға көпжылдық раушан гүлдері отырғызылды.
Қала орталығындағы Әл-Фараби көшесі бойында А-2 автомобиль жолынан бастап «Бадам» айналма жолына дейін созылатын 7,5 шақырымдық аумаққа абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Мұнда жалпы ауданы 142 500 шаршы метр жер көгалдандырылды. Одан бөлек, мұнда 9 ұңғыма қазылып, автоматты суару жүйесі орнатылды. Сонымен қатар 3994 түп гуджум ағашы мен 3832 шынар ағашы отырғызылды. Осы көшенің кері бұрылыстары мен жаяу жүргіншілер жолына 2400 шаршы метр аумаққа 25 000 түп раушан гүлі егілді.
Сондай-ақ, Темірлан тас жолы бойындағы қараусыз қалған 3 гүлзар қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Бұл жұмыстарды «AIKHAB PARTNERS» ЖШС бюджеттік қаражатсыз атқарғанын айта кеткен жөн. Осының нәтижесінде 10 000 шаршы метр жер көгалдандырылды. Сонымен қатар автоматты суару жүйесі, жарық шамдары, қоқыс жәшіктері және жаңа орындықтар орнатылды.
Қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының «Жасыл белдеу» КММ – 3220 гектар аумаққа жауапты. Оның ішінде 753 гектар мемлекеттік орман қоры болып саналады. Аталмыш мекеме өртке қарсы шараларды күшейтіп, 157 шақырым минералды жолаққа күтім жасап, Қайнарбұлақ аумағындағы 976 гектар жер учаскесінде жасыл екпелер арасына 5 шақырым өртке қарсы үзілімдер орнатты.
Төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында орман шаруашылықтары мен азаматтық қорғау қызметтері бірлесіп «Өрт-2024» республикалық оқу-жаттығуларын өткізген. Оған 297 адам мен 79 бірлік техника жұмылдырылды.
Мекеме есебінде төтенше жағдай орын алып қалған жағдайда техникалар дайын тұр. Атап айтсақ, 2 дана АЦ ЗИЛ автокөлігі мен 2 дана МТЗ-1221 тракторы және қажетті өрт сөндіруге арналған жабдықтармен қамтылған.
Мемлекеттік орман тұқымбағында 17 түрден 713 мың түп ағаш-бұта көшеті өсіріліп жатыр. Биыл 1200 келі орман тұқымы жиналған. Тұқым себу жұмыстары әлі де жалғасып жатыр.
Мемлекеттік орманға қарасты «Ақжар» орманшылығында 24 гектар аумаққа көктем мезгілінде көшеттер отырғызылып, күзде 150 гектар жер дайындалып, 30 гектар жерге көшеттер отырғызылған. Сонымен қатар 2021-2023 жылдар аралығында 281 гектар аумаққа 350 мың ағаш көшеті отырғызылып, оған күтім жұмыстары жүргізілді. Биыл мекеме 127 млн. теңге көлемінде қаржы бөлініп, орман тұқымбағын дамыту үшін гравий жолдар, су жүйелері, тамшылатып суару жүйесі мен бейнебақылау жүйесін орнату жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жоспар бойынша бұл жұмыстар 31 желтоқсанға дейін аяқталатын болады.
Бұл қолға алынған жұмыстардың барлығы қаланың экологиялық ахуалын жақсартуға және орман қорын тиімді пайдалануға бағытталған.