Прямая трансляция

Астана

Астана

-10.03°C

Жаңаөзенде белсендіні "кредитін төлемеді" деп қамап қойған

Ол 28 ақпан күні бірнеше адаммен бірге Жаңаөзендегі қалалық мәслихат митинг өткізуге бөлген орын - қала сыртындағы Бұрғышылар алаңына барып билікке талабын айтқан...

Жаңаөзенде белсендіні "кредитін төлемеді" деп қамап қойған
фото: ашық дереккөз

Жаңаөзенде "сот шешімін орындамады" деген айыппен 5 тәулікке қамалған азаматтық белсенді Ғабиден Тәжіғалиевтің туыстары оған қажетті заттары мен тамақ бере алмай отырғанына шағымданады. Жаңаөзен қалалық Полиция басқармасы бұл мәселеге қатысты жауап беруден бас тартты, деп хабарлады paryz.kz, Азаттық радиосына сілтеме жасап.

Жаңаөзен қаласының тұрғыны Бақытжан Тәжіғалиевтің Азаттыққа хабарлауынша, оның інісі Ғабиден Тәжіғалиевті 9 наурыз күні полиция таңертеңгі сағат 9-дарда жұмыстан алып кетіп, әкімшілік жауапқа тартқан.

Жаңаөзен қалалық мамандандырылған әкімшілік сотының судьясы Серік Жұмабаев оны "сот орындаушысы Ұзақбай Сейітжаппардың банкке берешек 663 мың теңге несиені қайтару туралы талабын орындамады" деп айыптап, 5 тәулікке қамау туралы шешім шығарған.

"Ауыстыратын киімдерін айқай-шумен әрең алдырттық. Басқа заттар мен тамақты алғызбай отыр. Оны қамау үшін банктегі төлей алмаған несиесін көлденең тартты. Жеме-жемге келгенде ол соңғы кездегі тым белсенділігі мен талаптары үшін қамалып отыр. Ғабиден алған несиесін жабудан бас тартқан жоқ. Жұмысқа да жуырда тұрды. Жұмыс жоқ, бірақ қарызын қайтаруға тырысып жүрді", - дейді Тәжіғалиев.

Азаттық тілшісі Жаңаөзен қалалық Полиция басқармасының бастығы Айдар Қосановқа хабарласқан. Ол жауап бергісі келмей, телефон тұтқасын қоя салған. Ал жеке сот орындаушы Ұзақбай Сейітжаппар Ғабиден Тәжіғалиевке қатысты ештеңе білмейтінін, оны қамау туралы сотқа қатыспағанын айтты. Оның айтуынша, борышкерлерді бұлайша жазалау тәжірибеде бар.

"Тәжіғалиевті қамады дейсіз бе? Солай шығар, мен білмеймін. Ол туралы сізге ештеңе айта алмаймын, ақпарат бере алмаймын. Сот қаулысы шықса, сондай болған шығар, мен ол сотқа қатысқан жоқпын. Тәжірибеде сот шешімін орындамағандарды қамауға алады. Бірақ олар қамауда өмір бойы отырмайды ғой, бірнеше күн отырады", - деді Ұзақбай Сейітжаппар Азаттыққа.

Жаңаөзен тұрғыны Ғабиден Тәжіғалиев – қаланың әлеуметтік мәселесін жиі көтеріп жүрген белсенді. Ол 28 ақпан күні бірнеше адаммен бірге Жаңаөзендегі қалалық мәслихат митинг өткізуге бөлген орын - қала сыртындағы Бұрғышылар алаңына барып, билікке талабын айтқан. Оның айтқан талаптары Facebook желісінде тарап кеткен. Видеода Ғабиден Тәжіғалиев бұған дейін митингіге рұқсат сұрап, Жаңаөзен қаласы әкімдігіне арызданғанын, бірақ рұқсат берілмей, қаланың орталық алаңы қоршауға алынған соң, Бұрғышылар алаңына келіп, талаптарын жариялап тұрғанын айтады.

"Біздің Қазақстандағы демократияны қалай түсінуге болады. Өзіңнің позицияңды айтсаң үйден алып кетеді. Митингіде Бозжыра, су, газ мәселесін айтамыз дегенбіз. Себебі әкімдік ештеңе шешіп жатқан жоқ. Тоқаевқа айтамын, мына қудалауды тоқтату керек. Халықтың өз пікірін айтуға мүмкіндігі болуы керек. Еліміз жақсы болсын дейміз, сол үшін митингіге шығып жатырмыз. Біз төңкеріс жасау үшін шығып жатқан жоқпыз", - дейді ол видеода.

Бұған дейін 27 ақпанда Жаңаөзенде белсенділер – Нұрлыбек Нұрғалиев, Нұржан Наренов, Жаңбыр Ерғазы мен Жоламан Сейілов 10-20 тәулікке қамауға алынған. Сот оларды "заңсыз митинг ұйымдастырды, оған қатысты және осы әрекетті бірнеше мәрте қайталады" деп айыптаған.