Қала әкімі Ғабит жұмыс сапары барысында Мағжан Жұмабаев атындағы № 39 орта мектептің бастауыш сыныптарға арналған 375 орындық қосымша корпусының ашылуына қатысты, деп хабарлайды Paryz.kz.
Айта кетейік, нысанның құрылысы осы жылдың қаңтар айында басталған болатын. 16-шағын ауданда орналасқан жалпы мектепте 2300 бала оқиды, 460 шәкіртке инклюзивті білім беріледі.
Жалпы ауданы 4522 шаршы метр үш қабатты жаңа ғимаратта 17 оқу сыныбы бар, онда робототехника, логопед кабинеттері, компьютерлік және лингвистикалық кабинеттер, зертхана қарастырылған. Сондай-ақ, спорт залы, асхана, жеделсаты және жуынатын бөлмелер де бар.
Балалар мен спорт алаңдары, жүгіру жолы, футбол, баскетбол және волейболға арналған шағын стадиондар салынған.
Жаңа корпус мектептегі орын тапшылығын шешіп, балаларға қолайлы жағдайда білім алуға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, қала басшысы Еңбекші ауданында жергілікті тұрғындармен бірге екі жаңа саябақтың ашылуына қатысты. Демалыс орындары Бадам-2 және Тоғыс тұрғын алабында орналасқан.
Жаңа демалыс орындарының ашылуы қалалық жайлы орта қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам саналады және тұрғындарға қолайлы жағдай жасауға бағытталған. Абаттандыру жобалары қаланың оң имиджін қалыптастыруға және экологиялық жағдайын жақсартуға ықпал етеді.
Саябақ аумағында демалушылар үшін бірқатар орындық, әткеншек, заманауи шам, теннис үстелі және тазалықты сақтау үшін қоқыс жәшіктері орнатылды.
Сондай-ақ автоматты суару жүйесімен жабдықталған көгал жасалып, тас тақталар төселді.
Бұдан бөлек, қала әкімі №97 жалпы орта мектептің қазіргі жағдайымен танысып, тұрғындармен ауданның өзекті мәселелерін талқылады.
Сонымен қатар, қала әкімі Қаратау ауданы, Сайрам тұрғын алабында №10 Шымкент аграрлы-техникалық колледжінің күрделі жөндеу жұмыстарының барысын тексерді. Бұл білім беру мекемесінің күрделі жөндеу жұмыстары маусым айында басталып, биылғы жылдың соңына дейін аяқталады. Қазіргі таңда жұмыстар соңғы кезеңде тұр.
Колледж студенттері оқуды жаңа жылдық демалыстан кейін бастайды.