Шымкент қаласының басшысы қаладағы бірқатар нысандарды аралады, деп хабарлайды Paryz.kz.
Еңбекші ауданында бұрынғы Химиктер мәдениет үйі ғимаратының қазіргі жай-күйімен және «Дани НАН» ЖШС ұн комбинатының жұмысымен танысты. Аталған кәсіпорын шамамен 200 адамды жұмыспен қамтып, өндіріс процесін автоматтандырған. Компания басшылығы шығарылатын өнімдер мен өндірісті кеңейту жөніндегі алдағы жоспарлары туралы ақпарат берді.
Сондай-ақ Шымкент қаласының Қорғаныс істері жөніндегі департаментіне қарасты жинақтау пункті ғимаратының күрделі жөндеу жұмысын тексерді. Нысанды аралау барысында бірқатар кемшіліктер анықталып, жауапты тұлғаларға олқылықты тез арада жоюды тапсырды.
Бұдан бөлек, Әл-Фараби ауданында орналасқан Түркістан облысы прокуратурасының ғимаратын аралады. Бұл нысан қаланың коммуналдық меншігіне берілуде. Мұндай қадам қала мекемелерін өз ғимараттарымен қамтамасыз етіп, бюджет шығындарын қысқартуға мүмкіндік береді. Үнемделген қаражатты қаланы дамытуға бағыттау жоспарланып отыр.
Аралау барысында «Shymqala» этноауылын реконструкциялау бойынша алдын ала әзірленген тұжырымдамамен танысты. Кәсіпкерлерімен кездесу барысында тұрғындар мен туристерді қызықтыратын орындарды дамыту мәселесі қаралды. Этнотуризм қазір туристер арасында ерекше танымалдыққа ие. Этноауыл – ұлттық мәдениетіміз бен дәстүрлерімізді насихаттайтын бірегей орын. Туристік әлеуетті арттыру және осы кешенді жаңғырту мақсатында Туризм, сыртқы байланыстар және креативті индустрия басқармасының басшылығына бірқатар тапсырмалар берді.
Сонымен қатар Дулати көшесіндегі әкімдік балансына өтетін ғимаратты және №6 Арнайы әлеуметтік қызмет көрсету балалар орталығы ғимаратының күрделі жөндеу жұмыстарын қарады. Құрылыс басқармасы мен мердігер ұйым өкілдеріне жөндеу жұмыстарының сапалы әрі мерзімінде аяқталуы қажет екенін айтты.