Прямая трансляция

Астана

Астана

-18.03°C

Шымкентке қоныс аударған қандастар жаңа мүмкіндіктерге қол жеткізуде

Қандастардың елге оралуы демографиялық ақуалды жақсартып қана қоймай, әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткішіне де оң әсерін тигізуде. Қандастарды қабылдау, оларға қолдау көрсету мақсатында арнайы бағдарламалар іске қосылды, деп жазады Paryz.kz.

Шымкентке қоныс аударған қандастар жаңа мүмкіндіктерге қол жеткізуде
Фото: pixabay.com

Кешенді шаралар аясында қалада биыл 366 отбасындағы 736 адам «қандас» мәртебесін алып, 48 отбасындағы 64 адамның мәртебесі 6 айға ұзартылды. “Қандас” мәртебесін алғандардың ішінде 365 ер адам мен 371 әйел бар, олардың 234-і 18 жасқа дейінгі балалар, ал 90-ы зейнеткерлік жастағы азаматтар. Қоныс аударған қандас отбасыларда 412 адам еңбекке қабілетті.

Мегаполиске қоныс аударған қандастардың басым бөлігі - ТМД елдері мен Өзбекстаннан келгендер. Жыл басынан бері Өзбекстаннан 722 адам, Қырғызстаннан – 1, Ресейден – 7, Түркіменстаннан – 2 және Қытайдан 4 қандас көшіп келді. Олардың дені құрылыс, сауда-саттық және басқа да салаларда жалдамалы жұмыстарда еңбек етуде.

Шымкентте 2008 жылдан бері «Қандастарды бейімдеу және ықпалдастыру орталығы» жұмыс істейді. Орталықтың мақсаты – қандастар мен олардың отбасыларына Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес 6 ай бойы бейімдеу және кіріктіру бойынша қызметтер көрсету. Қазіргі таңда қызметті 16 отбасыдан 47 адам пайдаланып отыр.

Еңбек мобильділігі орталығына жыл басынан бері 124 қандас жүгініп, олардың 66-сы жұмыспен қамту шараларына тартылды. Бір қандас жұмыс берушілердің сұранысына сай оқуға жіберілсе, 27 қандас тұрақты жұмыс орындарына орналасты.

Мемлекеттік бағдарламалар арқылы 4 жас маман «Жастар практикасы», 4-і «Қоғамдық жұмыс», 10 қандас «Алғашқы жұмыс орны», 1 адам «Күміс жас» бағдарламалары аясында жұмысқа орналасты. Ал 18 қандас «Бастау бизнес» жобасы арқылы алғашқы кәсіпкерлік дағдыларын меңгеруде.